Бүгінде Ассамблеяның елді қоғамдық-саяси жаңғыртуда маңызы ерекше.
Ынтымақ пен бірлік қоғамдық-саяси жаңғыртуда маңызды рөл атқарады
Nadezhda Isaeva
837
оқылды

Былтырдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамының жаңа онкүндік форматы енгізіліп, әр күнді ерекше тақырыпқа арнады.  Наурызнама ұлттық дәстүр мен құндылықтарды үш қызғалдақ бейнелейді. Ол – Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын көрсетеді. Биылғы онкүндік мейрамда бүкіл ел бойынша 1 500-ден астам іс-шара өткізілмек. Бүгін, 21 наурыз – Ынтымақ күні. 

Дәл Наурызнаманың алғашқы күнінде, “Алғыс айту күні” Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ауқымды республикалық форум өткен. Мерейлі мерекеден Мемлекет басшысы тыс қалмады. ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея мүшелерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатқан тиімді құрылымға айналғанын атап өтті.

– Ассамблея жылдар бойы халқымыздың ырыс-ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұйымның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашты. Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге де барынша атсалысып келеді. Ассамблея ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады. Сіздер еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін аянбай еңбек ете бересіздер деп сенемін, –  делінген Президенттің құттықтау хатында. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Атап айтсақ, этностардың консолидациясы мен интеграциясын қамтамасыз ету, тілдерді, дәстүрлерді, этностардың мәдениеттерін дамыту үшін жағдай жасауда маңызды рөл атқарады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы − мәдениетаралық және этносаралық диалогтің бірегей институтына айналды. «Халықтық дипломатияның», мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының пәрменді құралы екенін дәлелдеді. Қоғам этносына қарамастан, қазақстандықтардың азаматтық құндылықтары мен бірегейлігін дамытуды, елдің дамуы үшін ішкі жауапкершілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саясатын іске асыруды Тәуелсіз Қазақстанның негізі ретінде таниды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Ассамблеяның бастамалары әр этностың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақ­тап, жалпыұлттық мүдде жолында өркендеуіне мүмкіндік жасағанына назар аудартты. 

–  Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау үшін қабылданған маңызды шешім болды. Ассамблея – қоғамда этностар ара­сындағы сыйластық пен түсіністікті қамтамасыз ететін, ел бірлігін нығайтатын бірегей институт. Халықаралық аренада «қазақстандық модель» тұрақтылық пен келісімнің сәтті тәжірибесі ретінде жоғары бағаланады. Бұл – бірлік пен достықты баға­лай білетін халқымыздың ортақ жетістігі. Біз осы құндылықтарды көздің қарашығын­дай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етуі­міз керек, – деді ол.

Татулықты ту еткен бірегей институт 1995 жылы 1 наурызда жұмысын бастап, бүгінде оның құрылымында 583 адам қызметте жүр. Қазір елімізде 1 000-нан аса этномәдени бірлестік тіркелген. 

Қазақстан халқы Ассамблея қызметі 30 жыл ішінде:

− қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностардың консолидациясы мен интеграциясы қамтамасыз етілді;

− Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік құқығы бар конституциялық институтқа өзгертілді;

− Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды;

− Қазақстан халқы Ассамблеясы парламенттік өкілдіктің жаңа құралына ие болды. Енді Мемлекет басшысы ҚХА ұсынысы бойынша тағайындайтын ҚР Парламенті Сенатының бес депутаты заңнамалық деңгейде кері байланысты, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге және Ассамблеяны этностар мүдделерінің жиынтығы ретінде білдіруге жұмылдырылды;

− Парламентте ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатын «Бір ел –  бір мүдде» жаңа депутаттық бірлестігі құрылды. Оның айырмашылығы, топ бұрынғыдай Мәжілісте ғана жұмыс істемейді, палатааралық болып саналады. «Бір ел –  бір мүдде» депутаттық тобының құрамында 30 депутат бар: 10 –  Сенаттан және 20 –  Мәжілістен;

− Ассамблея елді қоғамдық-саяси жаңғыртуда маңызды рөл атқарды, реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге және барлық этностарды мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге ықпал етті. Саяси реформалар бағдарламасының тарихи маңызды нәтижесі азаматтық қағидаттары негізінде барлық этностардың біртұтас ұлтқа кірігуінің жаңа тұғырнамасын қалыптастыру болды;

− халықаралық стандарттарға сәйкес қазақстандық этностардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениеттерін дамыту үшін жағдайлар жасалды;

− қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде біріктіруші рөлін таныту қамтамасыз етілді;

− Қазақстан этностары тарапынан этносаралық қатынастарды саясиландырмау қамтамасыз етілді;

− Қазақстанның этностарына сыртқы ықпал ету факторының және олардың сыртқы саяси күштер мүдделерін іске асырушыға айналуын болдырмау шаралары жүзеге асырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен этностық қоғамдастықтар арасындағы байланыстырушы буын бола отырып, жалпыұлттық бірлік пен этносаралық келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ұйым этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі, түрлі этностық топтардың өкілдерімен консультациялар өткізеді, этномедиация арқылы даулы жағдайларды шешуге ықпал етеді және түрлі мәдени, білім беру іс-шараларын ұйымдастырады. Осылайша, ҚХА Қазақстандағы қоғамдық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін маңызды құралына айналған. Бүгінде  Ассамблея жұмысы барысында баса назар мынаған аударылады:  

− жалпыазаматтық мүдделерді қорғаудың және қазақстандық қоғамды топтастырудың маңызды институтын дамыту;

− ҚХА-ны этностарды қазақстандық социумға интеграциялаудың басты институты ретінде дамыту, Қазақстан халқын біртұтас азаматтық ұлтқа айналдыру;

− өзінің негізгі міндеттері мен басымдықтарын ілгерілету үшін, оның ішінде әлеуметтік желілерде белсенді болу, өз жұмысына азаматтық қоғамның басқа институттарын тарту арқылы ақпараттық ресурстарды кеңінен пайдалану.