Көкшетауда ақ жаулықты аналардың бастамасымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Қазақстанның рекорды жаңарды. «Ақ кимешек» атты екі мыңға жуық көкшелік аналар мен жеңгелер, әпкелер мен қарындастар «Салтанат сарайы» ғимаратынан қаланың қақ төріндегі «Абылай хан» алаңына дейін шерулетіп өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
«Сәулем, сәулем, сәулем-ай» деп әуелете ән салған нәзік жандылардың бұл бастамасы ұлттың көнеден қалған дәстүрін жаңғыртып, ұрпақтың бойына әдет-ғұрыптың мән-маңызы мен әдет-ғұрыптың мәңгілік екенін ұқтырғандай болды.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған тарихи кимешек шеруге аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан көпбалалы аналар, дәрігерлер, мұғалімдер, театр, филармония әртістері, журналист әйелдер сондай-ақ елдің басқа аймақтарынан, атап айтқанда Астанадан және Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкілдер болды. Ел тарихында болған іргелі шараның басы-қасында Қазақстанның халық әртісі – Жібек Бағысова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова, мәдениет қайраткері Орынтай Жүсіпалина, белгілі қоғам қайраткері, аудармашы, Марал Жақыпова, ұлттық киім шебері – Ұлжалғас Қарымсақова, қолданбалы өнер шебері – Гүлнәр Орынбаева, Ақмола облысы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина және Ақмола облысы Әйелдер альянсының төрайымы әрі көпбалалы аналар қауымдастығының негізін қалаушы, көпбалалы ана Анаргүл Мұхамедрахимовалар болды. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, кетерлігі сол бұл шеруге өзге ұлттың нәзік жандылары да қалмай қатысып, еліміздің бірлік-берекесін арттыра түсуге ықпал етті.
Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Ахметжанов кимешек киген аналар шеруінің Қазақстан рекордтар кітабына енгенін растайтын құжатты салтанатты түрде табыс етті.
- Бүгін біз үшін айрықша күн. Өңірде нәзікжандыларымыздың бастамасымен дүбірлі шара өтіп жатыр. Ардақты аналарымыз ұрпақ тәрбиесінде, ұлтымыздың болашағын қалыптастыруда зор мәнге ие. Ақ жаулықты аналарымызға, қарындастарымызға басымды иіп алғыс айтамын, – деп жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің ұлттық киіміміз этникалық бірегейлікті айқын көрсетеді, сондықтан оны жан-жақты насихаттау қажет», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бұл іс-шара ұлттық дәстүрлердің салтанаты ғана емес, сонымен қатар қазақтың этникалық бірегейлігін сақтап, насихаттаудағы маңызды қадам болғаны сөзсіз. Кимешек шеруі Көкше тарихында өткен мен бүгінді, дәстүр мен заманауилықты біріктіретін ерекше оқиға ретінде қалатыны сөзсіз. Шеру «Ақ кимешек» LED-экран арқылы Абылай хан алаңындағы бас сахнада тікелей трансляциямен сүйемелденді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.