"Халқымызда баяғыдан келе жатқан баталасу дәстүрі бар". Бұл жайлы тарихшы-этнограф, ғылым докторы Жамбыл Артықбаев "Айқын" газетіне берген сұхбатында айтты.
"Наурыз мейрамын бізде «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі Наурызды мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Демек, мемлекеттік тұрғыда бұл мерекеге маңыз берілуі керек. Мәселен, біз елімізде жүздеген ұлт пен ұлыс тұрады, татумыз деп мақтанамыз. Біз Кеңестік кезден қалған, ресми мерекелерден ақырындап құтыла беруіміз керек.
Мәселен, халқымызда баяғыдан келе жатқан баталасу дәстүрі бар. Наурызды енді байыта түсуіміз керек қой. Бұл – ұлт ұйыстыру саясатының бір тетігі. Ертеде қазақтың тайпалары мен рулары жиналып, ант беріп, баталасып, ел болды. Оған жүздеген мысал келтіруге болады. Наурыз мерекесінде осы дәстүрді қайта жаңғыртсақ, артық болмайды. Өйткені елімізде бірталай этнос өкілі тұрады. Мен баталасудың сценарийін жаздым. Қызық өзі, өзге ұлт өкілдерін керегенің астынан өткізеді. Қолына орта жілігін ұстап, кәдімгі керегенің астынан кіреді. Сол ұлт өкілдерінің бала-шағасын сөйтіп өткізуге болады. Өйткені олар енді орыс болмайды, енді неміс болмайды, енді украин болмайды. Олар біздің жерімізді жерсініп, санасы қазақи болып кеткен. Қысқасы, Ұлыстың ұлы күнінде баталасуды көтеруіміз керек. Елдің татулығын осылай сақтауға болады.
Сонымен қатар Наурызда жомарттық көрсету, нашарға көмек қолын созу бойынша тамаша акциялар өткізуге болады. Түрлі себеппен абақтыға түсіп, өз ісіне өкінгендерге де Наурызда рақымшылық жасалса игі еді. Себебі бұрын бұл күндері кейбір тұтқындарға кешірім жасалып, жарлы-жақыбайлар салықтан босатылатын болған. «Мәуреннахр өлкесінде жаңадан сайланған патшаларды әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті көк тас болған. Бұл «Самарханның көк тасы» деп аталып кеткен. Патшалар наурыз мейрамы қарсаңында осы тасқа отырып тұтқындарға кешірім жасаған. Зынданда отырғандарды босатып, құлдарға азаттық сыйлайтын әдет болған. «Самарқанның көк тасы жібиді» деген түсінік осыдан қалған. Қасиетті көк тасқа қазақ хандарының ішінен Тәуекел ғана отырған. Біз қазір Наурыз мейрамының бұрынғы салтын қайта жаңғырта алмай отырмыз. Кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған – керсен толы суға балық жіберу, наурыз тұсында ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау секілді әдемі дәстүрлерді қайта неге жаңғыртпасқа?!" - деді Жамбыл Артықбаев
Сұхбатты толық оқу үшін