Дәрігерлер олардың жағдайы бақылауда екенін жеткізді.
Көкшетауда полицейлер өртенген пәтерден екі адамды құтқарып қалды
www.istockphoto.com
358
оқылды

Ақмола облысында тәртіп сақшылары өртенген пәтер ішінен екі адамды құтқарып қалды. Оның біреуі бала болған. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі тхабарлады.

Олардың мәліметінше, өрт 23 наурызда сағат 17:28-де Көкшетау қаласының Юбилейный ықшамауданындағы бес қабатты тұрғын үйде шыққан. Өрт сөндірушілерден бұрын оқиға орнына тәртіп сақшылары  жеткен. Учаскелік полиция инспекторы Сағындық Құрмантаев көршілердің пәтер есігін ашуға тырысқан.

"Осы кезде үй ауласындағы қарт кісі көмек сұрап, іште ұлы мен немересі қалғанын, өзінде кілт жоғын айтты. Көп ұзамай есік ашылып, Сағындық Құрмантаев дымқыл шүберекпен тынысын жауып, қою түтіннің ішіне еніп кеткен. Пәтердің дәлізінен ол естен танып жатқан  8 жастағы баланы тауып, дереу сыртқа алып шыққан. Артынша ішке қайта кіріп, бір ер адамды байқайды. Оған кинолог, кіші сержант Артем Шмидт пен патрульдік қызмет өкілдері де көмекке келеді.

Арада көп уақыт өтпей өрт сөндірушілер келіп, жалынды толық ауыздықтады. Полицейлер мен жедел әрекет еткен көршілердің арқасында қос бірдей адамның өмірі аман қалды. Қырағылық пен батылдық танытқан көршілерге полиция қызметкерлері алғыс білдірді",  делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Қазір құтқарылған әке мен бала аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы бақылауда екенін жеткізді.