Жуырда ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент 78 жастағы ақсақалдың «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға барғанын айтып, қатты сынап еді. Күні кеше ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Qogam News YouTube арнасында журналист Динара Сәтжан мен саяси шолушы Әділ Сейфуллинге сұхбат беріп, «Болашақ» бағдарламасы жайлы пікірін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Бұрын белгілі бір нормалар нақты жазылмаған еді. Сондықтан қазір мемлекет оны реттеу бойынша үлкен жұмыс істеп отыр. Біз соңғы уақытта айналысып жүрген басты мәселе – осы бағдарламаны реттеу. Әрине, кейбір нормаларды нақтылау қажет болды, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасын да. Зерттеп қарасақ, іріктеу ережелерінің түсініксіз болғанын байқадық. Сол себепті биылдан бастап, іріктеудің жаңа ережелерін енгіздік. Бұрын үміткер барлық үш кезеңнен өтетін. Мысалы, бір конкурстан 25 балл жинап, келесі кезеңде 4 балл алған күннің өзінде, үшінші кезеңге өте беретін. Ал стипендия барлық кезеңнің жиынтық нәтижесі бойынша тағайындалған. Биылдан бастап біз үміткерлерді кезең-кезеңімен іріктеу жүйесін енгізіп жатырмыз. Барлық жерде бар нәрсе ғой, байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнен өткен үміткер ғана екінші кезеңге жіберіледі, содан кейін барып, келесі кезеңге өтеді.
Сонымен қатар шетелге оқуға баратын мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарттық. Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша жыл сайын 700-ден 900-ге дейін адам білім алуға шетелге жіберіледі. Бірақ олардың ішінде мемлекеттік қызметшілердің үлесі бар болғаны 10 адамды құрайды. Дегенмен олар да өз біліктілігін арттыруға тиіс. Сондай-ақ енді ешбір мемлекеттік қызметші де, басқа да санаттағы азаматтар да, шетелге тіл курсына жіберілмейді. Барлық тілдік дайындық курсы ел ішінде өтетін болады», – деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жақында ғана шетелде ғылыми тәжірибеден өтіп келгендердің 65 пайызы инженерлік-техникалық мамандығы иелері екенін айтты. Оның айтуынша, Президент «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға баратындардың ішінде инженерлік-техникалық мамандық иелеріне басымдық беру керек екені жайлы нақты тапсырма берген.
«Бакалавриатқа қатысты да сын болған. Бірақ ол – қате берілген ақпарат. Иә, біз бакалавриатқа да оқуға рұқсат еттік. Бірақ тек халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне рұқсат бердік. Неге? Өйткені халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары әлемнің жетекші университеттерінің назарына ілігеді. Әлемнің жетекші оқу орындары оларды онсыз да қуана қабылдайды. Ал біз мына жерде белгілі бір уақыт ішінде елге келіп, жұмыс істеуге ықпал етіп отырмыз. Негізінен халықаралық олимпиада жеңімпаздары көп болмайды. 5-6 ғана», – дейді ол.