Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында жан-жақты баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сәби өлімі азайғанымен, жағдай көңіл көншітпейді
"Ресми дерек, соңғы 6 жылды алғанның өзінде ақпараттың артында қанша қазаның жатқанын тап басып тану қиын емес. 2019 жылы Қазақстанда 3 360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3 286 сәби, 2021 жылы 3 732 бөпе бақилық болған. 2022 жылы 3 154 нәресте, 2023 жылы 2 998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2 598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болды ата-анасы.
Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Сорақысы сол, ресми дерекке сүйенсек, 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары", – дейді депутат Н.Сәрсенғалиев.
Ана өлімінің өсімі алаңдатады
"Тақырыптың тағы бір қыры – ана өлімі. Ресми сандарға қарасақ, санаң сан саққа жүгіреді. Соңғы 6 жылда Қазақстанда 563 ана босану үстінде көз жұмған. Сорақысы сол, еліміздің 10 облысында ана өлімі көбейген. Ана өлімі ең көп облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстары. Мұның бәрі ресми мәлімет.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, көз жұмған аналардың 54 % қалада, 46 % ауылда тұратыны белгілі болды. Бір қорқынышты тенденция бар, 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім боп қалды", – дейді депутат.
Медицина саласындағы кемшіліктер
Депутат елдегі босандыру жүйесінде түйткілдер бар екенін атап өтті. Астана қаласының өзінде перзентханаларда 550 төсек-орын тапшылығы бар. Сонымен қатар елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істесе де, әлі 389 маман қажет.
"Салада проблема жеткілікті, басқасын былай қойғанда Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы. Оған қоса, маман жеткіліксіз. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер-гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл – үлкен проблема. Тағы бір түйткіл, еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мәселен, орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ. 3-деңгейдегі босандыру ұйымдарында экспресс бак жоқ. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақытылы анықтауға арналған зертханалар жоқ.
Бұдан бөлек, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Мысалы, бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ. Мемлекет басшысы Құрылтайда: «Дертке шалдыққан балалардың ата-аналары Астанаға барып, ем алуға мәжбүр» деп Үкімет пен әкімдерге осы проблеманы шешу үшін әр облыста заманауи денсаулық сақтау орталықтарын салуды нақты тапсырғанын көрдік", – дейді ол.
Депутаттың ұсыныстары
Нартай Сәрсенғалиев ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін Үкіметке нақты ұсыныстарын жеткізді:
1. Ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керек. Себебі олар жалақысы жақсы деп жеке секторға кетуде.
2. Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бірреттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет.
3. Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек.
4. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай болуы мүмкін.
5. «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет.
6. Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек.