Бас мүфти көпшілікті ел игілігі мен бірлігі үшін дұға жасауға шақырды.
Қадір түні – тағдыр түні: Бас мүфти үндеу жасады
Фото: muftyat.kz
5,642
оқылды

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түніне орай үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Muftyat.kz жазғандай, Бас мүфти көпшілікті ел игілігі мен бірлігі үшін дұға жасауға шақырды.

«Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей.

Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды.

Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі. Бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған «Қадір» сүресі дәлел болады.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Бұл түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық.

Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Хадистердің бірінде: «Кімде кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай. Баршаңызды ел игілігі мен бірлігі үшін дұға жасауға шақырамын.

Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!», - делінген құттықтауда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.