Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар түрлі саладағы бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Клуб отырысына Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчао мейман ретінде қатысты.
Мәулен Әшімбаев бұл кездесудің Наурыз мерекесі кезеңінде өтуі Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың жаңарғанын және сапалы деңгейге көтерілгенін білдіретін символдық мәнге ие екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі мемлекеттің басшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Төраға Си Цзиньпиннің күш-жігерінің арқасында екіжақты диалог тың серпін алғанын айтты.
«Соңғы 30 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне жетіп, жаңа тарихи кезең – «алтын отыз жылдыққа» қадам басты. Ең алдымен, бұл – біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы тығыз және сенімді диалогтің нәтижесі. Елдеріміздің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің күш-жігерінің арқасында екіжақты диалог тың серпінмен дамып келеді. Дәстүрлі бағыттардан бөлек, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Біз осы бағытта да өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сарапшылар көлік және логистика инфрақұрылымы, жаңартылатын энергия, білім беру, мәдениет, туризм салаларындағы бірлескен жобаларға назар аударды. Бүгінде Қазақстанда энергетика, агроөнеркәсіп және мұнай-газ секторларында осындай 5 мыңға жуық кәсіпорын бар. Сондай-ақ біздің елде Конфуций институттары, Қытай университеттерінің филиалдары және «Лу Бань шеберханасы» табысты жұмыс істеп келе жатқаны айтылды.
Клуб мүшелері Сенат жанындағы Талдау мектебі аясында өзара байланыс орнатып, халықаралық жобалар шеңберінде және сараптамалық-талдамалық ынтымақтастық желісі бойынша Қазақстан – Қытай қарым-қатынасын одан әрі арттыру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
«Елдеріміз арасында сараптамалық ынтымақтастық та ерекше маңызға ие. Сенат делегациясының Қытайға сапары кезінде қытайлық сарапшылармен мазмұнды және нәтижелі кездесу өткіздік. Биыл Сенат жанындағы Талдау мектебіне шақырылған дәріскерлердің қатарында жасанды интеллект саласындағы белгілі сарапшы доктор Кай-Фу Ли болғанын ерекше атап өткен жөн. Осылайша, Қазақстан – Қытай қатынастары экономика, қауіпсіздік, жаңа технологиялар, мәдениет және сараптамалық өзара іс-қимыл салаларын қамтып, жаңа деңгейге көтеріліп отыр», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар қытайлық мейманның сапары аясында Мәулен Әшімбаев пен Лю Цзяньчаоның екіжақты кездесуі өтті. Сұхбат кезінде тараптар қазір екі елдің арасындағы саяси диалог пен парламентаралық ынтымақтастық жоғары деңгейде екеніне, сондай-ақ, жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша ұстанымдардың ұқсастығына назар аударды.
«Біздің еліміз әділетті және көпполярлы әлем қалыптастыруды көздейтін жаһандық бастамаларды әрдайым қолдайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» туралы идеясының маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі халықаралық жағдайда бұл идеялар аса өзекті екені сөзсіз. Қытайдың жаһандық даму жөніндегі осындай бастамалары жалпыға бірдей қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз», – деп Мәулен Әшімбаев Лю Цзяньчаоның Сенат жанындағы Сарапшылар клубының отырысына қатысып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауын жоғары бағалады.
Өз кезегінде Лю Цзяньчао қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.