Наурыз айының ортасында Қазақстан бітімгерлерінің Голан жотасында қызмет атқара бастағанына бір жыл толды.
Бітімгерлік миссия жалғасады
380
оқылды

Сирия мен Израиль арасындағы аймақта қыз­мет етіп жатқан бітімгерлер бір жыл ішінде 550-ден астам тапсырма орындапты. Ал БҰҰ миссияларына қатысуы үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгерлік контингентін қолдану туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын былтыр Парламент мақұлдаған болатын. Биыл сәуірде екінші контингент Сирия-Израиль шекарасына аттанады. 

Қазақстандық бітімгерлер Сирияға былтыр наурызда кеткен еді. Әрі БҰҰ бітімгерлік миссиясы аясында алғаш рет жеке мандатпен жұмыс істеп жатыр. Қазір Голан жоталарында Қазақстанның 139 әскери қызметшісі жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 4 әйел қызметші бар. Былтыр қазақстандық әскерилер өздерімен бірге 26 әскери техниканы Голан жоталарына жеткізген болатын. 

Бірінші бітімгерлер контингентінің командирі, подполковник Жігер Аиповтың айтуынша, қазақстандықтар БҰҰ-ның ажыратуды бақылау күштерінің құрамында 2024 жылдың 15 наурызынан бері жұмыс істеп келеді. Әрі БҰҰ миссиясы қолбасшысының резерві ретінде қызмет атқаруда. Қазақстандық бітімгерлер өздеріне берілген мандат бойынша әрекет етеді. Қазақ сарбаздары бір жыл ішінде 557 нақты тапсырма орындапты. Соның ішінде 66 мәрте әскери персонал мен гуманитарлық жүктерді алып жүрген. 3 рет бітімгершілік базалар мен бақылау бекеттерінің күзетін күшейтуге қатысқан. 15 рет жарылғыш заттарды залалсыздандырып, жойған. Бұл операциялардың нәтижесінде 240 жарылғыш зат пен снарядтың көзі жойылған. Өздеріне жүктелген жауапкершілік аймағындағы бітімгерлік базалардан әскери персоналды эвакуациялауға 4 рет қатысыпты. 458 рет жауапкершілік аймағында мобильді патруль жүргізген. Яғни, кей күндері патруль жүргізуге екі реттен қатысты деген сөз. 

Ал жуырда бітімгерлердің екінші контингенті Сирияға аттанады. Олар қазір Алматы облысы жеріндегі «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында ар­найы дайындықтан өтіп жатыр. Іріктеуден 139 сар­баз өтті. Олар Голан жоталарындағы әріптестерін алмастырады. 

2025 жылғы сәуірде Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлердің 2-ші ротациясы өтеді. 139 адам 2 бортпен 11 және 18 сәуірде Алматы қаласынан Сирияға ұшып барады.

Жалпы, Қазақстан БҰҰ миссияларына көптен бері қатысып келеді. Былтыр Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасына сәйкес БҰҰ-ның бірнеше миссиясына қазақстандық сарбаздарды қатыстыру көзделген болатын. Атап айтқанда, «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне» (UNDOF, Сирия – Израиль), «БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына» (UNTSO, Палестина – Израиль), «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына» (UNMISS, Оңтүстік Судан), «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне» (UNISFA, Судан) қазақстандықтар қа­тысуға тиіс еді. Бұл миссияларға жалпы саны 430 әс­кери қызметші қатыстыру көзделген. 

А.СҰЛТАН