Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Қазақстан мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысына қатысу, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесу өткізілді.
Сонымен қатар бағдарламада ресми және мәдени іс-шаралар қарастырылды, бұл екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланыстар мен халықаралық және сыртқы саясатын іске асыруда стратегиялық маңыздылығын айқындайды.
Бірінші кездесудің нәтижесі бойынша тараптар арнайы хаттамаға қол қойды. Маңызды кездесу үшін Хиуа қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Тарихи қала екі елдің терең байланысының мәнін ашады. Өзбекстан үшін Қазақстанмен экономикалық байланыс аса маңызды болып отыр. Біздің ел Қытай мен Ресейден кейін ең ірі инвесторлардың үштігін қорытындылайды. Екі елдің сауда айналымы былтыр 4 млрд доллардан асты, алыс-берісті алдағы уақытта 10 млрд долларға жеткізу мақсат етіліп отыр. Экспорттың ең ірі тауарлары бидай, металл бұйымдары, автомобильдер, ұн, мұнай өнімдері, мыс кендері мен концентраттары. Одан бөлек, Өзбекстан Республикасынан автокөліктер, жемістер мен көкөністер, этил полимерлер, кірпіштер, плиткалар, тегіс қапталған прокаттар, азот тыңайтқыштары әкелінеді. Алғашқы отырыста тараптар байланысты дамытудың стратегиялық бағытына басымдық беріп, жаңа жобаларды көбейтуге уағдаласты.
Тараптар көлік және логистика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға басымдық беріліп, оның Орталық Азия елдерінің Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Еуропа нарықтарына шығуына ықпал ететіні аталып өтті. Жүк тасымалын ұлғайту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық расталды.
Су-энергетика саласындағы серіктестікті өзара мүдделер негізінде дамыту жоспарлары қарастырылды. Осы бағыттағы өзара іс-қимылдың табысты мысалы – Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы бойынша үшжақты жобаны ілгерілету.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі елді мызғымас достық, мәдени және рухани байланыстар байланыстыратынын алға тартты.
– Мемлекеттер басшыларының шешімімен құрылған Қазақстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрлері кеңесінің бірінші отырысын жылы қарсы алғаны және жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мәдени-гуманитарлық салада жоғары серпін сақталуда. Былтыр ғана Астанада өзбек ақыны Әлішер Науаидың ескерткіші ашылып, Ташкент күндері сәтті өтіп, екі елдің қоғамдық ортасынан оң бағасын алған болатын, – деді министр.
Министрдің сөзінше, Астана мен Ташкенттің халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұстанымдары ұқсас. Олар БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ, JTG, ХҚҚА, ҚСКА сияқты көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықта. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз өңірімізде бейбітшілік, сенім және өркендеу аймағын құрудамыз дейді.
Тарихи-мәдени байланысқа келсек, қос елдің Сыртқы істер министрлері Хиуаның тарихи орталығы Ичан қаланы аралады. 400 жылдай Хиуа хандығының астанасы болған тарихи қаладағы туристердің қызығушылығы күн санап артуда. Күніне 600-800 шетелдік қонақ келеді екен. Шығармашылық ұжымдардың, мәдениет және өнер өкілдерінің өзара сапарлары жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
Өзбекстанда 800 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Олардың көпшілігі Ташкент облысында, Қарақалпақстанда, Науаи, Жизах, Бұхара, Сырдария, Хорезм облыстарында шоғырланған. 30 облыстық және аудандық бөлімшелері бар Республикалық қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді.
ҚР және ӨР Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысында мемлекеттік органдардың сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, су және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылы жөнінде баяндамалары тыңдалды.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бір-бірінің бастамаларын өзара қолдауға дайындығын білдірді.
– Бүгін Өзбекстанда Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы инаугурациялық отырысы өтті. Мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша құрылған және елдеріміздің Мемлекетаралық кеңесінің жұмыс органы болып табылатын жаңа формат. Бұл сыртқы саяси ведомство тарапынан екіжақты қатынастардың, елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарының барлық палитрасын қарау жөніндегі үйлестіру қызметіне мүлдем жаңа көзқарас болып отыр, – деді Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усманов.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР және ӨР Сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысының хаттамасына қол қойылды.
Сапар аясында сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Хиуаның мәдени нысандары – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген тарихи орталығы Ишан қалашығын және Хорезм ұлттық тұрғын үй құрылысының дәстүрлі ерекшеліктерін бейнелейтін Нұролла бай сарайын аралады.
Әсет ҚАЛИ,
Астана – Хиуа – Астана