Еліміздің барлық азаматтарына білікті заң көмегін тегін алуға кепілдік беріледі. Тегін заң көмегін алу­дың екі тәсілі бар: мемлекет тарапынан кепілдік бер­іл­ген және кешенді әлеуметтік заң көмегі.
Құқықтық сауат – қалқаның
347
оқылды

Мемлекет тарапынан кепілдік берілген және кешенді әлеуметтік көмектің басты айырмашылығы – бірінші жағдайда адвок­ат­тың жұмысы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді, ал екіншісінде заңгерлер өз еркімен және ақысыз заңгерлік қызмет көрсетеді. Тегін заң көмегін көрсетуге уақыт шектеулері белгіленбейді. Бұл ретте сол мәселе бойынша азамат мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір рет қана ала алады.

1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық ақпараттандыру мен кеңес беру, сондай-ақ соттарда тұрғындардың мүдделерін қорғау мен ұсыну қызметтерін қамтиды.

Құқықтық ақпарат беру дегеніміз – заң­наманың кез келген мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың ауызша немесе жазбаша түрде ақпарат беруі. Ол барлық жеке және заңды тұлғаларға беріледі.

Кеңес беру азаматтардың өтініштеріне, шағымдарына ауызша және жазбаша кеңес беру қызметін қамтиды. Бұл орайда құқықтық кеңес беру азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

- алимент, зейнетақы, жәрдемақы, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесі мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

- сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, лаңкестік және өз құқықтарын қорғауда азап тартқан құрбандарға;

- асыраушысынан айырылған адам­дарға;

- еңбек қызметіне байланысты ден­саулығына зақым келуі немесе қылмыстық құқықбұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бар адамдарға;

- соғыс ардагерлеріне, әскери қыз­меткерлерге, мүгедектерге және зей­нет­кер жасына байланысты, кәсіпкерлік қызметпен байланысы жоқ мәселелер бойынша;

- көпбалалы отбасыларға;

- кәсіпкерлік қызметпен байланысы жоқ табысы төмен адамдарға.

Сотта өкілдік ету – соттарда, құқық қорғау органдарында, өзге де мемлекеттік мекемелерде және мемлекеттік емес ұйым­дарда азаматтардың мүдделерін қор­ғау. Бұл ретте талапкерлер де, жауап­керлер де заңгер қызметтеріне ақы төлеу­ден босатылады.

Сотта азаматтардың мүдделерін қорғау әкімшілік жауапқа тартылатын адамдарға; азаматтық іс бойынша талапкерлер мен жауапкерлерге, сон­дай-ақ әкімшілік іс бойынша талап­керлерге; қылмыстық іс бойынша кү­дік­тілерге, айыпталушыларға, сот­талушыларға, сотталғандарға, ақтал­ғандарға және жәбірленушілерге көр­сетіледі.

Азаматтарға тегін көмек көрсетудің екінші түрі – кешенді әлеуметтік құқықтық көмек. Ол клиент өтініш берген сәттен басталып, ісі бойынша түпкілікті шешімге дейін қолдау көрсетіліп, жазбаша шарт жасалады.

Алайда мұндағы басты ерекшелік: азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлікке байланысты даулы жағдайлар бойынша кешенді әлеуметтік көмек көр­сетілмейді.

Кешенді әлеуметтік көмек алушылар бірнеше топқа бөлінеді:

- Ұлы Отан соғысының және басқа да мемлекеттердің аумағында болған соғыс ардагерлері;

- зейнеткерлер, оның ішінде қарттар үйінде тұратындар;

- қандастар, босқындар және табысы төмен шетелдіктерді қоса алғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар;

- I және II топтағы мүгедектер;

- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар немесе мүгедектігі бар кәмелетке толған адамдардың қамқоршылары;

- арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқ­таж адамдар (мысалы, зорлық-зом­былықтан зардап шеккен жетімдер, үйсіз адамдар).

Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ұқсас – әлеуметтік заң көмегі азаматтардың құқықтарын қорғау үшін құқықтық ақпараттандыруды, кеңес беру және басқа да қызметтерді қамтиды.

Әлеуметтік заң көмегін алу үшін тұр­ғындар адвокаттар алқасына, тұрғылықты жері бойынша заң кеңесшілері палатасына жүгіне алады. Мұнда азаматтар жеке куә­лі­гі ме тегін көмек алу құқығын рас­тайтын құжаттарды ұсыну қажет.

«Е-Заң көмегі» интернет-порталы – азаматтар үшін маңызды құрал, бұл заң кеңесіне жүгінуге мүмкіндігі жоқ тұрғын­дарға қатысты. «Е-Заң көмегі» Қазақстан­ның барлық тұрғындары үшін тегін негізде құқықтық мәселелер бойынша алғашқы заң көмегін (кеңес беру) беру қызметі. 

Бұл интернет-порталдың артықшы­лығы – оның қолжетімділігі, пайдаланудың қарапайымдылығы, кеңес алу үшін маман­дандырылған заңгерді таңдау мүмкіндігі, отбасы құқығы мен тұтыну­шылардың құ­қықтарын қорғауға қатысты көптеген мәселе бойынша көмек алу қыз­метінде.

Заң көмегін алу үшін қалаға барудың немесе адвокат іздеудің қажеті жоқ, тек қана интернеттің болуы жеткілікті. «Е-Заң көмегін» интернетпен жұмыс істеудің не­гізгі дағдыларын білетін әр азамат пайда­лана алады. Бұл үшін ұялы телефонға жүктелетін қосымшаны пайдалану жеткілікті.

Тегін заң көмегін алудың тағы бір жолы – интернет болмаған кезде телефон арқылы кеңес алу. Бұл көмекті сенім тел­е­фоны арқылы алуға болады: 1414 не­месе 119. Бұл құқықтық ақпараттық қызмет бүкіл Қазақстан бойынша тегін және тәулік бойы жұмыс істейді, онда опера­торлар мамандандырылған заңгер­лермен байланысады, сұрақтарға жауап береді және ұсыныс-кеңес береді. Кейбір жағдайларда операторлар жергілікті мәселелерді шешуге көмектесетін маман­дарға бағыттайды.

Республика тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Халық заңгері» науқандары өткізіледі. Аталған іс-­шараларда мемлекеттік органдардың өкіл­дері, заңгерлер, адвокаттар азаматтарды қа­былдайды және тегін заң көмегін көр­сетеді.

Қазақстан Республикасының Консти­туциясына сәйкес әрбір азамат білікті заң көмегін алуға құқылы. Азаматтарға тегін заң көмегін көрсету – тұрғындар үшін өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында маңызды ресурс. Азаматтардың өз құқықтары мен қолжетімді мүмкін­діктерін білу – кез келген заңды мәселе­лер­ді шешудің алғашқы қадамы.

Диас ШӘРІПБАЙ,

Әділет министрлігі Құқық түсіндіру және

үйлестіру департаменті директорының орынбасары