Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Соның ішінде Жоғарғы Сот Кеңесіне де айрықша міндеттер жүктелген. Былтыр қазан айында өткен Қазақстан судьяларының съезінде Мемлекет басшысы: «Жоғары сот кеңесі тәуелсіз әрі кәсіби соттар корпусын құруда гарант болуы тиіс. Сонда ғана сот жүйесі құқықтың үстемдігін, азаматтар мен бизнестің құқығының шынайы қорғалуын қамтамасыз ете алады», – деген еді.
Одан бұрын, 2024 жылғы шілдеде Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Соттың қарамағынан шығарылып, Жоғары Сот кеңесіне берілді. Бұл да саланы жетілдіруге бағытталған іс-шаралардың бірі болса керек. Ал Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Осы орайда біз Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малаховпен жолығып, Сот төрелігі академиясы жайлы әңгімелескен едік.
– Дмитрий Михайлович, болашақ судьяларды даярлау жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Соттың қарауынан Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. Академия қызметінде қандай сапалы өзгерістер жоспарланып отырғанын айтып өтсеңіз.
– Кәсіби судья кадрларын қалыптастыруда шешуші рөлді Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы атқарады. Бұл – бүгінде судьялар корпусын қалыптастыру, сондай-ақ қазіргі судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыратын ерекше мәртебесі бар жалғыз жоғары оқу орны.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезінде сөйлеген сөзінде судьяларды мұқият іріктеу және олардың біліктілігін арттыру қажеттігіне назар аударды. Ол Жоғары Сот Кеңесі тәуелсіз және кәсіби судьялар корпусын құрудың кепілі болуы тиіс екенін атап өтті.
Қойылған міндеттерге байланысты, 2025 жылғы 11 ақпанда менің өкіміммен Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл стратегиялық құжатта Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі қызметінде жүргізіліп жатқан реформаларды, сот жүйесін, процестік және материалдық заңнаманы, сондай-ақ сот практикасын жетілдіруді ескере отырып, Сот төрелігі академиясын дамытудың негізгі бағыттары көрсетілген.
Алдағы өзгерістер Академия қызметінің білім беру және ғылыми бағыттарын нығайтуға, сондай-ақ оның кадрлық және материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Академия қазіргі заманның барлық сын-тегеуріндері мен сот төрелігінің міндеттеріне жауап беретін кәсіби судья кадрларының ордасы болуы қажет.
– Оқу процесі қалай құрылады және академияда оқудың артықшылықтары қандай?
– Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы өзінің мәртебесіне сәйкес жоғары білікті судьяларды даярлау қажеттілігіне байланысты білім беру мазмұны мен қолданылатын білім беру технологияларын анықтауда толық дербестікке ие.
Академиядағы білім беру процесі болашақ судьяларды мамандандырылған магистратура арқылы дайындауға бағытталған. Осы оқу жылында академияда 97 магистрант бар, оның 60-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша, ал 37-сі ақылы негізде оқиды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда магистранттар саны 35%-ға өсті, яғни судья мамандығына деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бұл үрдіс ақылы негізде білім алушылар санының өсуін де растайды.
Академия қабырғасындағы болашақ судьялар заңнама мен сот практикасын зерттей отырып, күшейтілген дайындықтан өтеді. Академияда оқу тәжірибеге бағытталған, ал интерактивті әдістерді қолдану түлектерге судьяның кәсіби қызметінің ерекшеліктеріне тез бейімделуге мүмкіндік береді. Оқытудың негізгі әдістерінің бірі – сот процестерін рөлдік модельдеу. Осындай сабақтар шеңберінде магистранттар судья, прокурор, адвокат, сарапшы және сот процесіне басқа да қатысушылардың рөлдерін орындайды, бұл тақырыпты талқылауға белсенді қатысуды ынталандырады және практикалық дағдыларды дамытады.
Академияда оқыту кейс-стади, топтық жұмыс, пікірталастар, «миға шабуыл», бинарлы сабақтар және дөңгелек үстелдер ұйымдастыру сияқты белсенді оқыту әдістеріне негізделген. Мұның бәрі танымдық белсенділікті дамытуға және магистранттарды кәсіби мансабында кездесетін нақты жағдайларға дайындауға ықпал етеді.
Оқу аяқталғаннан кейін, академия түлектері судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырады және одан әрі бос судья лауазымдарына конкурстарға қатысады.
– Дмитрий Михайлович, болашақ судьяларға кім сабақ береді және академияның ұйымдық құрылымы қандай?
– Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының үш негізгі ғылыми-білім беру орталығы бар, олардың әрқайсысы белгілі бір құқық саласына мамандандырылған: мемлекеттік-құқықтық пәндердің орталығы, қылмыстық-құқықтық пәндердің орталығы және азаматтық-құқықтық пәндердің орталығы. Бұл орталықтар сот ісін жүргізудің төрт түрі бойынша пәндерді оқытуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар академияда келесі үш бағыт бойынша білім беру процесін үйлестіретін Академиялық бағдарламалар мен жобалар орталығы жұмыс істейді: қосымша және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, сондай-ақ зерттеу және халықаралық жобалар.
Академияда жоғары білікті ғалымдар мен тәжірибешілерден тұратын оқытушылар құрамына ерекше назар аударылады. Оқытушылардың 75%-дан астамы – Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың судьялары, бұл білім алушыларға нақты сот практикасымен тікелей байланысты білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
– Сот төрелігі академиясының алдағы жоспарлары мен даму келешегі қандай?
– Болашақта академия халықаралық тәжірибені зерделеу және судьяларды даярлауға шетелдердің үздік тәжірибелерін енгізу арқылы өз қызметінің көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр. Келешегі зор жобалардың қатарында – ғылыми жұмысты дамыту, халықаралық байланыстарды нығайту және ғылыми-педагогикалық магистратура, докторантура сияқты жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу бар.
Қазіргі уақытта академия қызметі жетекші шетелдердің сот жүйесінің жұмыс істеуінің жан-жақты тәжірибесін зерделеу және оң тәжірибелермен алмасу арқылы Қазақстан үшін судья кадрларын даярлау сапасын одан әрі дамытуға және арттыруға бағытталған.
Судьяларды даярлау мен тағайындаудың германдық жүйесінің үлгісі бойынша құрылған референдиат курсы алғаш рет іске қосылды. Бұл курста тыңдаушылар өздерінің теориялық және практикалық білімдерінің деңгейін арттыра алады, бұл болса біліктілік емтиханынан сәтті өтуге ықпал ете отырып, болашақта сот төрелігін жүзеге асыру сапасына да әсер етеді. Сондай-ақ академияның профессорлық-оқытушылар құрамы мен жұмыскерлерінің ғылыми қызметін жандандыру, оның ішінде әріптестермен бірлесіп судья кадрларын даярлауды жетілдіру мәселелері бойынша білім беру іс-шаралары мен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарлануда. Осы мақсатта академия судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлерін даярлаумен айналысатын білім беру мекемелерімен серіктестік орнатуды және нығайтуды жоспарлап отыр.
Бүгінде Жоғарғы Сот Кеңесінің қызметі қоғамдағы сот кәсібінің абырой-беделін арттыруды көздейді. Осыған байланысты біздің жұмысымыз болашақ судьялар арасында кәсіби және этикалық стандарттарды дамытуға, әділдік, тәуелсіздік және бейтараптық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған. Білім беру бағдарламалары мен іс-шаралар арқылы сот кәсібінің құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуы үшін оның маңызын баса көрсете отырып, оның оң бейнесі қалыптастырылатын болады.
Осылайша, Сот төрелігі академиясы елдің сот жүйесінің қажеттіліктері үшін ең жақсы мамандарды даярлау үшін өзінің білім беру және ғылыми қызметін жетілдіруге ұмтылуды жалғастыруда.
– Сот төрелігі академиясына қалай түсуге болады?
– Сот төрелігі академиясына мемлекеттік тапсырыс бойынша да, ақылы негізде де түсуге болады. Оқытудың бюджеттік нысанына түсу үшін жоғары заң білімінің, заң саласында кемінде 5 жыл жұмыс өтілінің болуын және құжаттарды қабылдау аяқталған сәтте жиырма тоғыз жасқа толуын қоса алғанда, бірқатар талапқа сай болу қажет. Құжаттарды қабылдау 1 маусымнан 29 шілдеге дейін, ал қабылдау емтихандары 5-22 тамыз аралығында өтеді. Бұл емтихандарға кешенді тестілеу, кейсті шешу және эссе жазу кіреді.
Осылайша, Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы судьялар жүйесінде кәсіби мансапқа ұмтылатындарға айқара есік ашады. Судьялар корпусының қатарын әртүрлі мамандармен толықтыру – елдегі сот төрелігінің сапасын арттырудың маңызды қадамы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ардақ СҰЛТАН