Облыстағы егін алқаптарында, тіпті ауыл-аймақта шегіртке қаптау үйреншікті болып барады. Былтыр соңғы 5 жылда болмаған шегіртке қаптады. Талай егістік зиянкестерге жем болғанын былай қойғанда, жұрт көшеге шыға алмай қалды. Балалар мектепке бет-аузын тұмшалап барса, үлкендер де үйден шыға алмай, күнделікті тіршілігінің берекесі кетті. Шегіртке егіндік пен жайылым жерден бөлек үй ауласындағы бауды да қаптап, ағаш жапырақтарын жеп, аулаға еккен гүлге дейін отап тастаған. Даладағы жантаққа дейін жепшөп тапшылығы, шөптің қымбаттауы да осының салдарынан болды.
Обалы не керек, жыл сайын өңірді шегіртке қаптаған кездері Астанадан ат арытып, ауыл шаруашылығының министрлері кеп жатады. Қанша жерден жұмысты күшейтіп, дернәсілдерге қарсы дәріні көбейткенімен, жылдағы жыр қайталанып келеді. Былтыр шегірткенің нағыз қаптап, халық ашынып тұрған тұсы маусым айының ортасында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, жұртты сабырға шақырып, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеген. «Биыл өңдеуге 2,5 млн гектар алқап жоспарланған, бұл соңғы жылдардағы химиялық өңдеудің ең кең аумағы болып саналады. Өткен 2023 жылмен салыстырғанда бұл 1 млн гектарға артық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біздегі өңделетін жер Орталық Азияның барлық елі өңдейтін аумақты қосқаннан да көп болып тұр. Дегенмен тиісті шара қолданудамыз», – деген болатын министр.
Қалай болғанда да шегірткелер шабуылынан талай шаруашылық дақылдары зардап шекті. Өсімдіктердің сапасы төмендеді. Есіл еңбегі зая кеткен диқандар сан соғып қалды.
Иә, ерте бастан қамданғанның қапы қалмайтыны анық. Биыл да зиянкестермен күрес жұмыстарын зерделеу, шегіртке шырғалаңына тап болмау мәселелері еліміз бойынша өзекті болып тұр.
Түркістан облысында жылдағы дәстүрмен ауыл шаруашылығы дақылдарын шегіртке зиянкестерінен қорғау мақсатында ауқымды шаралар былтырғы жылдың соңында басталып кеткен. Дәл қазір қызу жұмыс қолға алынуда. Биыл егістікті жайпап, көк өскінді баудай түсіретін шегірткеге қарсы күресті ол өсіп жетілмей тұрып, тұқымынан құрту шараларының дайындығы бөлек.
Биыл облыс аумағында 372 мың гектар жерге ерте көктемнен дәрі себіліп, зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жүйелі жүргізілмек. Бұл жұмыстардың 192 мың гектары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылса, қалған бөлігі жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады. Өңдеу шараларына 2 мыңнан астам адам тартылып, әр жұмысшы топқа 5 техникадан бөлінеді, жалпы саны 325 бүрку техникасы пайдаланылмақ.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында шегірткеге қарсы күрес мәселесі талқыланып, әкім жұмысшы топтардың, техникалардың және зиянкестерге қарсы дәрілердің толық дайын болуын тапсырды. Биыл әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшылары жауапты болып бекітілді.
Мамандардың болжауынша, ауа райының қолайлы болуына байланысты шегіртке дернәсілдері сәуір айының алғашқы онкүндігінде шығады деп күтілуде. Сондықтан зиянкестердің таралуын болдырмау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өңдеу жұмыстарының уақтылы және сапалы жүргізілуі ерекше маңызға ие болып отыр.
Осы тұста Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын үйлестіруде белсенді әрекет етіп келе жатқанын атап өткіміз келеді. Оның жетекшілігімен облыста 4 жедел штаб құрылып, зиянкестермен күрес бойынша жұмыс күші жасақталды. Нұрбол Әбдісаттарұлы зиянкестерге қарсы күрес өз уақытында жүргізілетінін айтады. 2024 жылдың 31 желтоқсанында облыс әкімінің өкімімен Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу штабы құрылып, бүгінде күнделікті дайындық жұмыстары атқарылып жатыр.
Қазір облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып, зиянкестердің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын азайтуға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жер алқаптарының 15 мың гектардан бөлінген картасы әзірленіп, жалпы 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды. 65 аумақта жұмысшы топтың жасақталуы, әр жұмысшы топқа 5 техникадан бөлініп, жұмыстың арнайы схемамен басталуы биылғы дайындықтың жөні бөлек екенін аңғартады. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшылары жауапты болып бекітілді. Жалпы, 325 бүрку техникасы қатысып, 2 000-нан аса адам жұмылдырылады деп күтіліп отыр.
Нұрбол Тұрашбеков жуырда Арыс қаласы Қожатоғай ауылындағы жедел штаб құрамымен кездесіп, дайындықты пысықтады. Семинар барысында шегіртке дернәсілдерін анықтаудан бастап химиялық өңдеуден соң тазалауға дейінгі жұмыстар үйлестіріліп, міндеттемелер бекітілді. Ол жауапты тұлғаларға жұмыстарды аса жауапкершілікпен және уақытылы атқаруды тапсырды. Облыс басшысының қатаң бақылауында тұрған мәселені өзі жіті назарда ұстайтынын ескертті. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан 980 анықтаушы тізімі бекітіліп, «Болжам әдістемелік орталығы» анықтаушыларға жұмыс істеу барысын оқытып, оларды дайындықтан өткізген.
Сонымен қатар 65 жұмысшы топқа жатын орындар дайындалып, жұмыс ертіндісін әзірлеуге қажетті 206 су көздері белгіленген. Анықтаушыларды тасымалдауға 86 микроавтобус, су жеткізуге 45 арнайы автокөлік, жанар-жағармай жеткізуге 30 арнайы автокөлік әзірленіп жатыр.
3 000-ға жуық жайылым жер иелеріне хабарлама беріліп, ендігі кезекте олар да анықтау шараларына қатыспақ. Жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Түркістандықтар, бұйырса, биыл осынау жүйелі жұмыстардан соң шегіртке мүлдем жойылып кетпесе де бірқатар азаяр деген үмітте отыр. Әліптің артын бағайық.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы