Бір кездері өңірде оннан астам балық шаруашылығы болғанымен, қазір теріскей облыстарда тек жалғыз Зеренді балық шаруашылығы ғана қалған. Оның өзінде шаруасы шатқаяқтап, тіпті «зерлі Зеренді көлінің іргесіндегі 352 гектарды алып жатқан шаруашылықтың жері бәсекелі ортаға беріледі екен» деген жайсыз хабар табиғат жанашырларын бұл балық шаруашылығының да мүлде жабылып қала ма деп алаңдатып отыр.
Әңгіменің әлқиссасын шаруашылықтың тереңге бой тартқан тарихымен бастасақ. Жарты ғасырдан астам уақыт балық тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылық сонау 1969 жылы балық зауытының еншілес кәсіпорны ретінде құрылған. Зеренді көлінің жағасын бойлай салынған кәсіпорынның жалпы аумағы 352 гектарға созылған. Кеңес дәуірі кезінде тұқым шаруашылығының дәурені жүріп ақсақа тұқымдас балықтарды 80 миллионға дейін, тұқы тұқымдастарын 20 миллионға дейін шығарған деседі. Ғылыми мақсаттармен қоса шаруашылықтың балық тұқымдарынан мол пайдаға да кенеліп, белгіленген жоспарды асыра орындағаны да тарих беттерінде сайрап тұр. Көкше өңірінің жүздеген көлін балыққа қаптатқан шаруашылықтың тасы өрге домалаған тұсы да сол Кеңес дәуірінде 1979 жылдан 1992 жылға сәйкес келіпті. Ал байтал түгі бас қайғы болып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен 1994-2002-жылдары елдің барлық шаруашылықтары сияқты балық өсіру шаруашылығының да жағдайы шатқаяқтапды. Бір кездері балықтың баланқұртын миллиондап шығарған шаруашылықтың өндірісі тығырыққа тіреліп, қымбат құрылғылары тістегеннің аузында, ұстағанның қолына түсіп талан-таражға түскен. Сөйтіп ескі бөздей тозған балық өсіру шаруашылығы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қарауына берілген. Ал 2014 жылдан бастап Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзырына ілігіпті.
Кәсіпорын директорының орынбасары Ксения Балмағамбетованың айтуынша, шаруашылықты бүгін де толғандыратын мәселелер аз емес. Ішіндегі ең өзектісі, сол балық шаруашылығының өзінде аналық балықтарды бағатын су қоймасының болмауы жағдайды аса күрделендіріп жіберген. Шаруашылық Зеренді көлінің дәл іргесінде орналасқанымен, мұнда аналық балықты бағуға рұқсат етілмеген. Ал қолда бар ақсақа және тұқы тұқымдарын өсіру үшін арнайы түбі терең су қоймалары қажет. Шаруашылық бұл мәселені жергілікті атқарушы әкімдіктерден бастап құзырлы органдарға дейін хат жазып, балық өсіру қоймаларын өздеріне беруді сұраған. Бірақ түптеп келгенде, баяғы жартас сол жартас күйі қалған.
– Қазіргі тұста кәсіпорын су айдындарын жалға алып жұмыс істеп отыр. Өсірілген жас балықтарды табиғатты пайдаланушы, яғни ұлттық паркпен қылдай етіп бөліп аламыз. Аймақта су айдыны көп болғанымен, оның бәрінде балық өсіруге қолайсыз. Өйткені көлдердің көпшілігі далалық көлдерге жатады. Яғни, суы қыстың сарышұнақ аязында көлдің табанына дейін бауырлай қатып қалады. Табиғаты қытымыр теріскейдің суығында мұндай жағдайда балық өсіре де алмайсың, – дейді Ксения Балмағамбетова.
Ресми деректерге жүгінсек, 1959 жылы жарияланған «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми еңбекте бұрынғы Көкшетау облысының аумағында үлкенді кішілі 1 515 көл болғандығы жазылған. Бұған кейінгі жылдарда әкімшілік-аумақтық бөліністер арқылы қосылған Қорғалжын аймағындағы ондаған көлді қосыңыз. Алайда бұл көлдердің басым көпшілігі экологиялық ахуалдың күрт нашарлауынан кеуіп, көлдің табанындағы бұлақтары бітеліп, құр қамыс толы қорыстарға айналып шыға келген.
Кәсіпорын директоры орынбасарының айтуынша, тап осы мәселелер шешімін тапса, аймақ көлдерінде балықтың да санын көбейтіп, ішкі нарықты жергілікті балық өнімдерімен қамтамасыз етуге де мол мүмкіндік болар еді. Алайда оған аналық балықтарды бағатын көлдермен қоса қажетті арнайы құрылғылардың да тапшылығы тежеу болған.
– Кәсіпорынға арнайы құрылғылар ауадай қажет. «Сибирь», «Вейс» сияқты аппараттар орнатылса, елдің кәсіпкерлері Ресейден тасымалдап жүрген балық баланқұрттарын жасанды түрде өсіруге мүмкіндік болар еді. Бізге кішкентай балықтарды өсіру үшін пластикадан жасалған ваннаның қажеттілігі туындап отыр. Қазір тәлімбақта балықтың екі түрі өседі. Бірі салқын суды ұнатса, екіншісі жылуды жақсы көреді. Сондықтан температураны қалыпты жағдайын қадағалау үшін жылытылатын және салқындатылатын жабықжай қажет. Мұндай мүмкіндік берілсе балық тұқымы да молаяр еді, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Ксения Балмағамбетова.
Кәсіпорын мәліметінше, аймақтағы табиғатты пайдаланушылар кәсіпорынмен келісімшарт жасап, баланқұрттарды сатып алады. Бірақ көпшілігі Ресейден де тасымалдайды. Бұл орайда бағасы шамамен бірдей болғанымен кеден шығындарын қосқанда басқа мемлекеттен тасымалдау зор шығындарға әкеліп соғады. Сондықтан ішкі нарықта балық шаруашылығын дамыту жайы аса өзекті.
– Әрине, бізге ақсақа мен тұқы тұқымдас балықтар өте қажет. Тауарлы балық шаруашылығын барынша дамытқан жөн. Әсіресе, ақсақа тұқымдас балық қымбат. Өзіміздегі жалға алынған көлдерде тауарлық балықтардың тұқымын көбейтсек оның нарықтағы құны да төмендейтіні заңдылық қой, – дейді табиғатты пайдаланушы кәсіпкер Ерлан Мұқанов.
Ксения Балмағамбетованың айтуынша, балық өсіру шаруашылығының жалпы жағдайы ғана емес, шаруашылықта жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылардың да жағдайы мәз емес. Өз ісіне шын берілген балық өсірушілер мұздай суық суда еңбек еткенімен жалақысы мардымсыз.
– Жұмысшыларымыздың жалақысы тым төмен. Қазір небәрі 97 мың теңгеге жұмыс істеп отыр. Мұндағы жұмыс тәулік бойы бір тоқтамайды. Іші салқын. Мұздай суда жүріп жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ еңбекақыны өсіруге еш мүмкіндік жоқ. Мәселен, электр қуатының төлемақысына жылына 5 миллион теңге бөлінгенімен, іс жүзінде 20 миллион теңге қажет болады. Сондай-ақ жанармай да жеткіліксіз. Бұл мақсатқа бөлінген үш жарым миллион теңге жұқ та болмайды. Бар шаруаны еш қапысыз жүргізу үшін 18 миллион теңге қажет. Балық азығын да алу оңайға түспейді. Азық жетіспегендіктен жас балықтарды да өсіріп жеткізу қиын. Бұл мәселені шешу үшін де кемінде 15 миллион теңге қажет, – дейді Ксения Балмағамбетова.
Жергілікті балық шаруашылығындағы аса күрделі мәселелер бар екенін облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылығы да мойындады.
– Мұндай мәселелердің туындап жатқаны рас. Алдағы уақытта мүмкіндігінше көмек көрсетіледі, – дейді басқарма басшысы Джанет Микишев.
Бір жақсысы, жергілікті балық өсіру кәсіпорны табиғат жанашыларын алаңдатқан бәсекелі ортаға беру туралы ұйғарым тоқтатылып, облыс әкімімен болған жиыннан кейін арнайы хаттама бекітіліп, шаруашылық одан әрі бұрынғыдай жұмыс істейтін болып шықты.
P.S.
Бір өкініштісі сол, аймақтағы көлдерде жас балықтарды өсіріп, ондаған көлдегі тіршіліктің тамырына қан жүгіруіне мол мүмкіндік болғанымен, шаруашылықтың аналық балықты өсіруіне көл табылмаған. Ал бұл мәселе шешілсе, аймақты тіпті республика аумағында алыс-жақын шетелдерден жеткізілетін балық тұқымдарымен бәсекеге емін-еркін түсуге де мол мүмкіндік болар ма еді? Көкшенің сексен көлінде балығы тайдай тулап жатса, тұралап жатқан туризмнің де табысы молайып, жұмыссыз жүрген жұрттың екі қолға бір күрек табуына да жағдай тумас па еді дейсің? Мұнымен қоса, көл айдынында балаларға арналған экскурсиялар ұйымдастырылып, қызықты мәліметтер берілсе балалардың да су шаруашылығы жайлы білім көкжиектері кеңейіп, табиғатымызды түсінуге бір табан жақындатар ма еді? Әрине, бұл мақсаттардың орындалуы үшін тиісті салалардың өзара бірлескен әрекеті мен жауапкершілігі ауадай қажет болып тұр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы