Жақында кішкентай көрерменді қуантқан «Шоқан. Қашқария сапары» атты толықметражды анимациялық фильм жарыққа шықты.
Шоқан – жаңа қаһарман
661
оқылды

Бұл мультфильм белгілі ғалым Ш. Уәлихановтың әйгілі Қашқария экспедициясына негізделген. Төртінші құрылтайда Президент киноның маңызды идеологиялық құрал екенін атап өткен болатын. Соның ішінде «Шоқан. Қашқария сапарын» мысалға келтіре отырып, туындының өскелең ұрпаққа тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретінін негізге алды және қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуына ерекше мән берді.

Ғалымның туғанына 190 жыл толуына орай дайындалған анимациялық жоба Қашқарияға саяхат оқиғасымен өрбиді. Мультфильмнің бас­ты ерекшелігі – жанрында. Кішкентай көрер­менді қызықтыру мақсатында фантэзи жанры қосылған. Уақыт кеңістігінде жасырылған сиқырлы компасты тауып алған 8 жасар Азат кенет 1858 жылға тап болады. Бұл – Шоқанның Қашқарияға сапарының басталған уақыты. Осылайша, кішкентай кейіпкер ғалыммен бірге Қашқар қаласына сапарға аттанады. Фильм желісі шытырман оқиғаға толы. Негізгі мазмұны – кейіпкерлердің Қашқар қаласының тыныштығын сақтау мен оны зұлымдықтан қорғау үшін күресі. Толығырақ айтсақ, Шоқан Қашқарияға Тянь-шань тауларын ашқан Петр Семеновтің өтінішімен аттанады. Ол берген сиқырлы кілтті Қашқар қаласына жеткізу – оқиғаның негізгі желісі. Кілттің сиқыры ғайып болған күшті қайтаруға құдіретті. Анимацияда екі түрлі кейіпкерлер бар, протагонист – жақсылыққа ұмтылып, жеңіске жететіндер, олар – Шоқан, болашақтан келген Азат және керуенбасы ақсақал Мұсабай. Ал антагонист – зұлымдық күшіне ие кейіпкерлер. Анимацияның креативті продюсері Самат Әлім «Шоқан. Қашқария сапары» мультфильмі ұлттық құндылықтарымызды қолдауды көрсететін көрсеткіш екенін атап өтті. Айтуынша, нақты тарихты фэнтези жанрына бейімдеу, стилистиканы таңдау, анимация жасау және монтаж жұмыстарының үйлесімдігі жұмыстың күрделігін айқындайды.

– Фантастикалық кейіпкерлерді тарихқа енгізу – қызықты процесс. Бұл мультфильмді қызықты әрі тартымды ету үшін жақсы шешім болды. Нақты протагонистке жақсы антагонист қажет. Антагонист тарихқа негізделіп таңдалды. Сол уақытта Қашғардың жабық қала болғанын балаларға түсіндіру керек болғандықтан және белгілі бір себеппен сол қалаға кіру мүмкін болмайтынын жеткізу үшін антагонист пайда болды. Бірақ бір антагонист жеткіліксіз, сондықтан біз қалған кейіпкерлердің қайдан келгенін және түрлі болуын ойластырдық. Құбыжықтарды жасау үшін қытай мифологиясына сүйендік. Негізі, осы кейіпкерлер қытай мифтері бойынша суреттелді. Мысалы, «Жасыл құбыжық» қытай мифологиялық жануары «Цзой юу» бойынша жасалды. Сондай-ақ Шоқанның күнделігінде сипатталған кей атауларға да негізделді. Мысалы, Шоқанның күнделігінде Албасты рухы (мультфильмде – Айпері) туралы жазылған. Оны да сюжетке енгіздік, – деді Самат Әлім.

Шоқан Уәлиханов әйгілі Қашқарияға сапарына аттанғанда 22 жаста болған. Және жасырын Әлімбай есімімен барған. Анимация­да осындай деректер ескеріліп, кейіпкерлері шынайылыққа сай суреттелген. Продюсер Самат Әлімнің айтуынша, жаңа туындыда этнографиялық деректер шынайы көрсетілуі үшін арнайы ізденіс пен зерттеу жүргізілген.

– Тарихи тақырыптағы жобада жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сценарий жазу және бейнемазмұнды әзірлеу кезінде әрбір қадамға дейін мұқият талдау жүргізілді. Бірақ, өкінішке қарай өткен кезең туралы барлық мәлімет қолжетімді болмағандықтан, кейбір тұстарды ойдан шығаруға, қазіргі кезеңге ұқсас фактілермен толықтыруға тура келді. Мысалы, киімдерді көрсету өте қиын болды, олардың кейбіреулері сол уақытқа ұқсас заттар негізінде жасалып, мультфильмнің жанрына сай жасалды. Тағы бір маңызды мәселе – сөйлеу тілі. Ол кезде қазіргідей сөздер жоқ. Оның бәрін бүгінгі балалар түсінетіндей бір жүйеге келтірдік. Шоқанның күнделігінде жазылғандарды зерттей отырып, жоғалған сөздерді диалогтерге енгізуге тырыстық. Арасында кейбірі өзгеріске ұшырады, себебі көрермен бәрін түсіне алуы керек.

Тағы бір маңызды жайт – басты кейіпкердің танымалдылығы. Шоқанды көбі әскери киімде, бұйра мұртты және сол уақытқа тән ерекше шаш үлгісімен елестетеді. Ал оның сапары кезінде шашының тықыр қып алынғаны айтылғанымен, экранда оны танымай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан кейіпкер Шоқанның бет әлпеті де барынша қолда бар фотосуреттер негізінде жасалды, – деді С. Әлім.

Шоқанның өмірдегі, мультфильмдегі мақсаты да бір, ол – Қашқария туралы тың деректерді жинау еді. Сондықтан анимацияның режиссері Дамир Құтбаев тарихи тұлға туралы фильмді жасау алдында тарихшылармен тығыз жұмыс істегенін алға тартты. Айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 50-ден астам анимация маманы, сценаристер, суретшілер, дыбыс режиссерлері және басқа да шығармашылық топ мүшелері қатысты. Жұмыла кіріскен жұмыс 9 айда аяқталып, үлкен экранға жол тартқан.

– Шоқан туралы анимациялық фильм тарихи фактілер мен фантастикалық элементтердің үйлесімінен туған. Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапары – оның ғылыми мұрасындағы маңызды кезеңдердің бірі. Оның осы қауіпті миссиясы тек зерттеушілік мақсатта  емес, саяси, мәдени, экономикалық байланыстарды зерделеуге бағытталған еді. Біз осы оқиғаны жас ұрпаққа ерекше форматта жеткізуді көздедік. Мақсатымыз – Шоқанды жаңа қырынан көрсету. Яғни, Шоқан  ғалым ғана емес, ержүрек саяхатшы, өз дәуірінің батыры болды. Оның шынайы өміріндегі батылдығы, қайсарлығы анимациядағы кейіпкеріне де берілді. Біз бұл арқылы балаларға ғылым мен ерлік қатар жүретінін көрсеткіміз келді. Одан бөлек, тарихи оқиғаны балалар тіліне түсіріп, жас көрерменнің бойына батылдық, достық, әділдік секілді құндылықтарды сіңіруді мақсат тұттық. Сонымен қатар Қашқариядағы мәдениет пен дәстүрлерді көрсету арқылы көрермендерге тарих пен этнографияға деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндігінше тырыстық, – деді жоба режиссері Дамир Құтбаев. 

Қашғар қаласын толық зерттеу үшін Шоқан Жаркентке аттанғанда антагонист кейіпкер Тай Цзю сиқыр күші дарымайтын Қашғар қаласының тас-талқанын шығармақ болады. Алайда болашақтан келген Азаттың батылдығы Қашғар қаласында қайта тыныштық орнауына септігін тигізеді. Алып құбыжықтармен алысқан Шоқанның да ержүректігі жас көрерменнің санасына ерекше рухани серпіліс бермек. Бұл балалар қиялында жаңа қаһарманның пайда болуына жол ашқан анимациялық жобаның біріне айналды деуімізге әбден негіз бар. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ