ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мемлекеттік аудит объектісінің цифрлық кабинетін іске қосуды тестілеу жыл аяғына жоспарланған.
Мемлекеттік аудит процестері толығымен автоматтандырылады
Фото: gov.kz
393
оқылды

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы делегациясының Португалия Республикасына жұмыс сапары барысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Расул Рахимов шетелдік әріптестерін еліміздің мемлекеттік аудит процестерін автоматтандыру және қаржылық бақылау жүйесін заңнамалық тұрғыдан нығайту саласындағы жетістіктерімен таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Жоғары аудиторлық палата мәліметіне сәйкес.

Қазақстандық делегацияның Португалияға сапарының негізгі мақсаты – Литва, Португалия және Түркия аудиторлары Жоғары аудиторлық палатаның қызметіне қатысты жүргізіп жатқан «дәрежесі бойынша тең» тексерудің алдын ала қорытындыларын қарау, сондай-ақ португалиялық әріптестерімен тәжірибе алмасу.

Расул Рахимов өз сөзінде Жоғары аудиторлық палата өткен жылы 214 ұйымда 27 аудит жүргізіп, 11 трлн теңгені қамтығанын атап өтті. 2023 жылмен салыстырғанда тексерулер саны 35%-ға өсті. Биыл 43 аудит жоспарланған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 59%-ға көп.

«Бір атап өтерлігі, 2025 жылға жоспарланған 43 аудиттің 30-ы тәуекелдерді басқару жүйесінің көмегімен іріктелді», — деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі.

Өткен жылы Жоғары аудиторлық палата 154 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықтады. Осы қаржының 88%-ы немесе 135 млрд теңгесі республикалық бюджетке қайтарылды. Бұл – жоғары көрсеткіш.

Расул Рахимов өткен жылы Жоғары аудиторлық палата өзінің ақпараттық жүйесіне ауқымды трансформация жүргізе бастағанын атап өтті.

«Біз аудиторлар жұмысының тиімділігін арттыру және талдау сапасын жақсарту үшін жаңа интеллектуалды құралдарды біріктірдік. Басты басымдық – аудит процестерін барынша автоматтандыруға қол жеткізу», — деді ол.

Мәселен, аудиторларға мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын нақты уақыт режимінде талдауға, салық түсімдері мен бюджетке төленетін басқа да төлемдерді көріп отыруға, сондай-ақ әртүрлі өңірлер мен экономиканың салалары бойынша деректерді салыстыруға мүмкіндік беретін талдамалық модуль енгізілді. Тағы бір IT-бастама – Мемлекеттік аудит объектісінің цифрлық кабинетін іске қосу. Оны тестілеу жыл соңына қарай аяқталады. Бұл сервис объектіге барып тексеру жүргізулерді қысқартуға және мемлекеттік аудит шеңберінде құжат айналымын электрондық форматқа барынша көшіруге мүмкіндік береді. «Біз бөлінген бюджет қаражатының көлеміне қарай әрбір тексерілетін ұйымның бейінін автоматты түрде жасай аламыз. Бұл деректер тәуекелдерді басқару жүйесіне автоматты түрде интеграцияланады. Бұл тәуекел деңгейі жоғары ұйымдарды анықтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Расул Рахимов.

Ол Мемлекет басшысы жаңа Бюджет кодексіне қол қойғаннан кейін Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесі заңнамалық тұрғыдан күшейетінін де атап өтті.

«Енді Үкімет Парламентке жыл сайынғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынатындықтан, ол сондай-ақ Үкіметтің өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының орындалуы туралы есеп беруі тиіс. Бұл – республикалық бюджет қаражатын бөлу мен пайдалануда қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудегі маңызды қадам», — деді Жоғары аудиторлық палата мүшесі.

Сөз соңында Жоғары аудиторлық палатаның қызметіне жүргізілген «дәрежесі бойынша тең» тексеру шеңберінде шетелдік әріптестер беретін сараптамалық бағалаулар Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыста толық ескерілетінін атап өтті. «Осы тексерудің алдын ала нәтижелеріне сүйене отырып, Жоғары аудиторлық палата жақсартуды талап ететін салаларда белсенді жұмыс істеуде», — деп қорытындылады Расул Рахимов.