Біржан сал ауданына қарасты Көдебас ауылы былтыр да сыртқы әлеммен мүлде қатынассыз қалып, айналасын түгел су басқан еді. Биыл жағдай тағы қайталанды. Айналасы суға толған ауыл іс жүзінде қайтадан «аралға» айналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Аудан орталығы Степняк қаласынан шамамен небәрі 50 шақырым қашықтықта орналасқан Көдебас ауылында қазір бар-жоғы 15 шаңырақ ғана түтін түтетеді. Жылдар бойы ауыз судың ащы зардабын көрген ауылға өткен жылы модуль қойылып, сумен қамтылған. Алайда ауыл тұрғындары жол азабын әлі тартып келеді. Былтыр арнасынан асып төгілген Қарасу өзенінің арқыраған ағыны жолды бұзып өтіп, ел біршама уақыт азық-түлік пен дәрі-дәрмексіз қалған еді. Арада жыл өтіп көктем қайта оралғанда жағдай тағы қайталанды. Тұрғындар жергілікті атқарушы органға қанша мәрте ескертіп айтқанымен бұзылған жолға жөнді көңіл бөлінбеген. Әбден зәрезап болған ауыл тұрғындары азық-түліктері мен дәрі-дәрмегін ертерек қамдап үлгерген. Дегенмен қатынассыз қалғандары шымбайына батып тұр.
– Былтыр шайып кеткен жолымыз биыл тағы су астында қалды. Жаз бойы жолдың жағдайын айтып қақсағанымызбен түк істелген жоқ. Бұзылған жолдың астына қойылатын құбырлар алынып тасталған күйі әлі жанында жатыр. Қаражат жоқ деп жол астынан құбыр да салынбады. Тек желтоқсан айында ғана қатқан мұздың үстіне топырақ төсеп, жолды жамап жөндеген болған. Онысы алғашқы тасқынның ағынымен бірге күл-талқаны шықты. Қазір жол жоқ. Көлікпен өте алмаймыз. Бізден теміржол өтеді. Сол теміржолға дейін көлікті әкеліп тастап, әрі қарай теміржолдан өтіп әуреленіп жүрміз, – дейді ауыл тұрғыны Ардабек Партизанұлы.
Тұрғындар мұнымен қоса ауылдың далалы жолмен жүретін жолын да алтын өндіретін «Алтын алмас» компаниясының қалдық қоймасын салу үшін қопарып қазып тастағанының салдарынан аудан орталығына жету мүмкін болмай қалғанын айтты.
– Далалы жолмен өтетін жолды да қалдық қоймасын салмақ болған «Алтын алмас» компаниясы жағалай қопарып қазып тастапты. Өте алмай қалдық. Жол мүлдем жоқ, – дейді ауыл тұрғындары.
Далалы жолдың қазылып тасталғаны жөнінде «Алтын алмас» компаниясынан анықтамақ болдық. Компания аталған мәселе шешімін тапқанын халыққа жол салып беретіндерін айтып жауап берді.
– Біз негізгі арызданушы азаматпен хабарластық. Мәселе жедел арада шешімін тапты. Ауылға сол жерден жол салынып берілетін болды, – деді «Алтын алмас» компаниясының ресми өкілі Ирина Правец.
Жолын су шайып қатынассыз қалған Көдебас ауылының жағдайы бойынша жергілікті аудан әкімдігі де ресми жауабын ұсынды.
– Еріген қар суымен республикалық маңызға ие Макинск-Ақсу-Торғай жолын су шайып кетті. Аталған су Көдебас ауылының жанынан өтіп Жамбай көліне құяды. 17 наурызда ауылды су басып қалмас үшін ені алты метр жол қазылып тасталған. Қазіргі уақытта ауылда жол жоқ. 16 үйде тұратын 50 адам жол қатынасынсыз қалды. Жанама теміржол бар. Әкімдік халықты су тасқыны кезінде жол болмай қалатыны жөнінде алдын ала ескерткен. Халық азық-түлікпен қамтылған. Аулаларды су басқан жоқ. Шұғыл науқастанған ауруханаға жатқызуды қажет ететін адамдар жоқ. Электр энергиясымен, сумен қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда азық-түлік пен басқа да қажеттіліктер жеткізілетін болады. Көдебас ауылындағы жағдай жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында, – деді Біржан сал ауданы әкімдігінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.