Қазақстан Президенті Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті.
Екіжақты қарым-қатынас деңгейі жоғары
311
оқылды

Кездесуде Қазақстанның Еуропа Ода­ғымен сан қырлы ықпалдастығының перс­пек­тивасы талқыланды. Сауда-эко­номи­ка­лық ынтымақтастықтың маңызды ба­­­ғыт­­тарына, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздейтін ірі инфрақұрылым­дық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше мән берілді.

Кая Калластың айтуынша, Қазақстан – Еуропа Одағымен серіктестік және ын­ты­мақтастық жөніндегі келісімге қол қой­ған аймақтағы алғашқы елдердің бірі. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ол Еуропалық ко­миссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісім­ді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы қазақстандықтар атал­ған жаңалықты өте жылы қабылдаға­нын атап өтіп, бұл қадам еуропалық ел­дер­­мен жеке және іскерлік қатынастар­ды нығайтуға мол мүмкіндік беретінін айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кая Каллас халықаралық және өңір­лік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жө­нінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы жаһандық тұрақ­сыз­дықты ескере отырып, әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде байып­тылық пен жауапкершілік таныту­дың айрықша маңызға ие екеніне тоқтал­ды. Президенттің пікірінше, Қазақстан бар­лық өзекті халықаралық мәселелер мен қақтығыстарды дипломатиялық ке­ліс­­сөздер арқылы шешуді берік ұстанады.

Кездесуде сондай-ақ «Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматындағы ықпалдас­тық­тың жай-күйі қаралды.