Іс-шаралар барысында Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру және Сенаттың өңірлерді дамытуға ықпалын одан әрі күшейту мәселелері, сондай-ақ палатаның мәслихаттармен бірлескен жұмысының маңызды бағыттары талқыланды.
Мәслихат депутаттарымен және облыс жұртшылығымен кездесуде саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру барысына баса мән берілді. Мәулен Әшімбаев Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстан құру үшін ел Президенті Ұлттық құрылтайдың IV отырысында белгілеп берген басымдықтарды сапалы іске асырудың маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ палата Спикері барлық деңгейдегі кешенді жұмыс, мүдделі тараптардың белсенділігі, сындарлы өзара іс-қимыл, соның ішінде қажетті заңдарды уақытылы қабылдау, ең алдымен, еліміздің табысты экономикалық дамуының, өңірлердің өркендеуінің және азаматтардың әл-ауқатының артуының кепілі екенін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елімізді дамытуға қатысты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Өңірлердің экономикасын өркендету негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Құрылтайда ішкі саясат, идеология, білім беру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Айтылған барлық бастамалар Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыруға арналған. Осы және басқа да міндеттерді сапалы іске асыру үшін жүйелі әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек», – деп Сенат Төрағасы облыстық мәслихат депутаттарын ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін Палатаның заң шығару қызметіне белсенді қатысуға шақырды.
Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев сәуір айында мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жаңа форматтағы кеңейтілген отырысын өткізу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Онда Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының II республикалық форумында белгілеп берген міндеттер талқыланбақ.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев экономиканы әртараптандырудың, өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарына тоқталды. Кездесуде ел Президентінің өңірлерге қатысты инвестициялар тарту, жаңа технологиялар енгізу, жаңа кәсіпорындарды іске қосу және жұмыс орындарын ашу жөніндегі өзекті бастамалары да талқыланды.
Іс-шарада атап өтілгендей, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы экономиканың өсу қарқыны бойынша айтарлықтай деңгейде. Сондай-ақ былтыр су тасқынының салдарын жою және биыл оның алдын алу бағытындағы жұмыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізілгені сөз болды.
«Бүгінде Батыс Қазақстан облысы елімізде өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес сияқты маңызды салалардың дамуына үлкен үлес қосып отыр. Түрлі бағдарламалар табысты іске асырылып, өңірдің экономикасы тұрақты өсіп келеді. Биыл 841 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, өнеркәсіп, туризм және тағы басқа салалар бойынша ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Былтырғы су тасқынының салдарын жоюға және зардап шеккендерге көмек көрсетуге қатысты Президентіміз жүктеген міндеттер жедел орындалғанын да атап өткен жөн. Биыл да су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде облыстардың дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Онда қолға алынған реформаларды іске асыру және ел дамуындағы жастардың рөлі жан-жақты талқыланды. Сенат Төрағасы атап өткендей, зияткер, білімді, жасампаз, заман талаптарына жедел бейімделетін жастар – елімізді жаңғыртудың қозғаушы күші. Сондықтан қазір жас буынға жүйелі қолдау көрсету үшін кешенді реформалар жүзеге асырылып, стратегиялық бағдарламалар мен мемлекеттік жобалар қолға алынуда. Соның ішінде жаңа формациядағы мамандар даярлауды көздейтін бастамалардың мәні зор.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізіліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылуда. «Келешек» жинақтаушы жүйесі туралы» заң қабылданды. «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде оқу және тағылымдамадан өту мүмкіндіктері кеңейтілді. Осылайша, өскелең ұрпақтың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, сапалы білім алуына және жеке тұлға ретінде дамуына қажетті жағдай жасалып отыр. Сондықтан жастар да өз тарапынан ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, Мемлекет басшысы белгілеп берген Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы міндеттерді іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға тиіс», – деп палата Спикері Сенаттың заңнамалық жұмыстарына назар аударды.
Сонымен қатар сенаторлар былтырғы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған үйлерге арнайы барды. Сондай-ақ жақында іске қосылған 150 орындық «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының қызметімен танысты. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін роботты кешендер қолданылатын емдік денешынықтыру кабинеті жұмыс істейді. Одан бөлек, орталықта бочча параспорттары бойынша жаттығу залы, оңалтуға арналған арнайы кабинеттер қарастырылған бассейн және оқу ғимараты бар.
Депутаттар сусымалы жүктерге арналған бигбэгтер мен вагон төсемдерін шығаратын Packaging Systems ЖШС мен «Квант» жиһаз фабрикасының өндіріс технологиясымен танысты. Еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер мен өндірістерді одан әрі кеңейту және инвестициялар тарту тетіктері талқыланды.