2025-2028 жылдарға арналған жоба аясында 25 мың көшет және 110 гектар алқапта алма бақтары отырғызылады. Қазір таңда жоба толық қаржыландырылып, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері Жол картасын іске асыруға кірісті.
– Біз бұл сортты жаңғырту отандық бау-бақша шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам болатынына және қазақстандықтарды сапалы әрі дәмді жемістермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз, – деп атап өтті Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы өкілдері.
Жаңа бақшалардан алғашқы өнім сегіз жылдан кейін алынады деп күтіледі. Ғалымдар заманауи агротехнологияларды ескере отырып, өнімділік алғашқы кезеңдерінде бір ағашқа 57,7 келі және ересек ағашқа 100 келі дейін жететініне сенімді.
«Апорт» алмасы – тек ерекше дәмімен ғана танымал емес, сонымен қатар ұзақ сақталатын жеміс, осының арқасында алыс-жақын елді мекендерге оңай тасымалдауға болады. Заманауи технологияларды қолдану арқылы апортты маусым айларына дейін сақтауға мүмкіндік бар.
Мамандардың пікірінше, апорттың қайта жандануы шаруа қожалықтарының дамуына жаңа мүмкіндіктер беріп, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға жол ашады.
М.ЖАСЫН