«Отбасы – бақыт мекені» ұранымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, спорт рухын дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау. Іріктеу және финал кезеңінен тұратын эстафетаға 35 жасқа толмаған жас отбасылар қатысты. Сайыс барысында отбасылар ұлттық киім киіп, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен мәдениетінің салтанатын асырып, түрлі спорттық ойын ойнап, өзара бақ сынасты.
Сайыстың ашылу салтанатында Эстетикалық гимнастика федерациясының президенті, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Мадина Бектұрғанова қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл эстафета жыл сайын өтетіндіктен, бүгінгі күні елордалық отбасылар үшін дәстүрге айналып үлгерген. Эстафета жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталып, алғысхаттар алды. Мәселен, бірінші орынға 200 мың теңге сыйлық берілсе, екінші орын – 150 мың теңге, үшінші орын 100 мың теңгемен марапатталды. Белсенділік танытқан 12 отбасыға 20 мың теңгеден сыйлық үлестірілді.
– Биыл жарысқа 20-дан астам отбасы қатысты. Сайыс ерекше мерекелік көңіл күйде өтті. Іріктеу кезеңінен өткен 15 үздік отбасы жылдамдық, ептілік және ұйымшылдықты талап ететін қызықты сайыстарда бақ сынады. Бұл күн барлық қатысушыға ұмытылмас әсер қалдырды деп сенеміз, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат. Ал Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев, барлық қатысушыға шынайы эмоциялары мен отбасылық құндылықтарды және саламатты өмір салтын насихаттағаны үшін алғыс айтты.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз отбасылар атынан Мейрамхан Тіллаев ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
– Бұл эстафетаға бірнеше жылдан бері қатысып келеміз. Жүлде ұтып алған кезіміз де болды, ал енді бірде қатысқанымыздың өзінен ләззат аламыз. Бұл біздің отбасымыз үшін жақсы дәстүрге айналды. Отбасы құндылықтары мен ұлттық мәдениет осындай ойындар арқылы дамитыны қуантады, – дейді эстафетаға қатысушы Мейрамхан Тіллаев.
Тілек ҚАБЫЛ