Елімізде мерзімді қыз­метін өтеушілерді көк­­­тем­гі әскерге ша­қы­ру науқанының бастал­ғанына бір айға жуық уақыт өтті.
Қарулы күштер сапын жас сарбаздар толықтырады
316
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді боры­шын өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығару мен 2025 жылы әскери қызметке шақыру жөніндегі Жарлыққа ақпанда қол қойған болатын. Биыл Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеуге 42 мыңнан астам азамат шақырылады.

Жасы 18-27 аралығындағы ер азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны 30 маусымға дейін жалғасады. Әскерге шақырудың көктемгі науқанында Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметіне және Мемле­кеттік күзет қызметіне 20 мыңнан астам азамат іріктеліп алынады. Көктемгі науқан барысында Қа­рулы күштер қатарын 10 мыңнан астам сарбаз, Ұлттық ұлан сапын 7 мыңнан астам сарбаз толық­тырады. Одан бөлек, 2 мыңнан астам бозбала шекара күзеті үшін Шекара қызметі бөлімшелеріне жіберіледі. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігіне қарасты құрылым­дарға 300 сарбаз, Мемлекеттік күзет қызметіне 300 бозбала ба­рады. Бір сөзбен айтқанда, армия мен күштік құрылымдар қатары біршама толығады.

Әлбетте, Қазақстан Қарулы күштері жеке құрамының басым бөлігі келісімшарт негізінде жұ­мыс істейтін кәсіби мамандардан жасақталғаны белгілі. Олардың мөлшері Қарулы күштер мен түрлі әскери құрылымдардағы жауын­герлердің 70 пайызына жуықтай­ды. Ал қалғаны мерзімді әскери борышын өтейтін азаматтардан жасақталады. Қазақстан Конс­титуциясының 36-бабы 1-тарма­ғында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті», 2-тармағында «Республика аза­маттары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қыз­мет атқарады» деп анық көрсе­тілгендіктен, елімізде мерізімді әскери қызмет сақталды.

Бірқатар маман мерізімді әскери қызмет жастарды патриот­тыққа баулуға ықпал ететінін, ар­мияда әскери борыш өтеу қо­ғамды әлеуметтік лифт рөлін ат­қа­ратынын, келісімшартпен жұ­мыс істейтін мамандар даярлауда да мерзімді қызмет маңызды екенін алға тартады. Дегенмен әлі де болса түрлі себептермен мер­зімді әскери қызметтен уақыт­ша босатылатын азаматтардың қарасы көп.

Бас штаб бастығының орын­басары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов 17 жасқа толған бозбала­ларды әскери есепке қою Элек­тронды үкімет порталында проак­тивті форматқа көшірілгенін айта келе, онда әскерге шақырудан босатылатын және шақыру ке­йінге шегерілген азаматтарға тіке­лей қатысты бар пункттер енгі­зілгенін айтқан-ды. Яғни, әскери қызметтен мүлдем босатылатын немесе әскерге шақыру кейінге шегерілетін азаматтар қатарына білімін жалғастырып жүрген жастар, бір және одан да көп баласы бар әкелер, жұмыс істейтін педагогтер, ауылдық жерлердегі дәрігерлер, ғылыми атағы бар адам­дар кіреді. Бәлкім, осындай жеңілдіктердің нәтижесі болар, былтыр әскери борышын өтеуді кейінге қалдыру бойынша мемле­кеттік қызметті 300 мыңға жуық адам пайдаланған. Әскери есепке жаңадан 160 мың адам алынған. Ал жалпы әскерден босату немесе қызмет өтеуді кейінге қалдыруға себеп болатын негіздер бойынша 360 мың азамат босатылыпты. Аз көрсеткіш емес. Дегенмен әскерге шақыруды кейінге шегеру немесе әскери міндеттен босату негіз­деріне үңілген адам мемлекеттің азаматтарға үлкен жеңілдік жасап отырғанын байқайды. Білім, отбасы, ауыл, ғылым деген тәрізді бағыттарда жасалған жеңілдіктер бұлар. Алайда жастардың денсау­лық мәселесі де бар екенін на­зардан тыс қалдырмау керек. Сөйте тұра, ел қорғайтын азамат­тарды әскери өмірдің бір өтке­лінен өткізіп алмақ керек. Демек, бір жылда 360 мың азамат әскери қызметтен белгілі бір себеппен босатылатын елде, 42 мың адамды армияға шақыру тым жоғары көрсеткіш емес. Әрі оларға да мем­лекет көп қолдау көрсетіп отыр. Айталық, әскери борышын өтеген соң оқуға түскендер саны 2025 жылдың наурызында 1 029 адамды құрапты. Олар мерізімді әскери қызметте жүргенде жақсы жағынан танылған азаматтар екен. Ал мемлекет оларға грант арқылы білім алуға мүмкіндік жасаған. Одан бөлек, 17 мың жас сарбаз «кредиттік каникул» алған. Ал осы сарбаздардың мой­нындағы несиенің жалпы сома­сы 6,6 млрд теңгені құрапты. Яғни, әскери қызметін өтеп жүр­ген кезде сар­баздар несие төлемейді деген сөз. 

Қысқасы, әскери өмірді қы­зық­ты етіп көрсетуге байланысты түрлі шаралар атқарылып жатыр. Ол дұрыс та. Дегенмен қоғамның мерзімді әскери борышты өтеуге деген көзқарасының да жақсара түскені керек. Өйткені көктем мен күзде әскерге шақыру ел ба­сына күн туса сапқа тұруға жа­райтын азаматтарды тәрбиелеу үшін керек. Олар біздің резервтер саналады. 

А.СҰЛТАН