Жамбыл облысы Мер­кі ауданындағы балабақшада уланған 10 бүл­­­діршін ауруханаға түсіп, бір бала тіпті жан­сақ­тау бөлімінен бір-ақ шыққан.
Ауру астан ба?
248
оқылды

Сонда  бөбекжай тәрбиеленушілерінің жаппай улануына не себеп? Астан келген ауру ма, әлде ағзаның улануы­на әсер еткен өзге де факторлар бар ма? Меркіліктерді аяғынан тік тұрғызған  жағдайға майшам салып үңіліп көрсек...

10 бүлдіршін ауруханаға түсті 

Жалпы Меркі ауданы Ойтал ауылындағы «Нұрай» жекемен­шік балабақшадағы бүлдіршін­дердің улануы 17 наурыз күні бол­ған. Аудандық ауруханаға түс­кен кіш­кентайлардың 9-нан жіті ішек инфекциясы анықталса, 1 балаға  энтеровирусты инфек­ция диаг­нозы қойылған. Кейін­нен уланған­дардың саны 14 ба­лаға жетіп, 1 ересек адам да ауру­ханаға жат­қыз­ылған. Сон­дай-ақ 9 бала үй жағ­дайында ем қабылдауға босат­ыл­ған. Осы­лайша ауруханаға жат­қыз­ылған­дардың 10-ы бөбекжай тәрбиеле­ну­шілері болса, 1-і үш ай­лық бүл­діршін. Тағы 3 бала мек­тепте білім алатын оқушылар. Ауыр хәл­де болған 1 балаға жан-жақты көмек көрсету үшін оны облыс орталығына жолдаған.

Осы оқиғадан кейін Санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау қызметі балабақша жұмысын уақытша тоқтату туралы Қаулы қа­былдады. Сондай-ақ тиісті сын­а­ма­лар алып, арнайы тексер­іс­ті бастап кетті.

Бүлдіршіндер ауруханаға түскен күні медицина мекемесіне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те жетті. Аймақ басшысы ем қабыл­дап жатқан балалардың жағдайы­мен танысып, сауығып кетуіне тілек­тестік білдірді. Бұдан кейінгі жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиында Ербол Шырақпайұлы  Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловқа улан­ған балалар мен олардың ата-аналарына қажетті қолдауларды жан-жақты көрсетуді тапсырды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы­сы Байділдә Шыналиев пен Ден­саулық сақтау басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевқа болса, балар­дың жүй-күйін назардан тыс қал­­дырмай, аурудың одан әрі өр­шуіне жол бермеуді жүктеді. Ал Білім басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы Ләззат Қыз­ыл­құловаға ата-аналар ара­сында түсіндіру жұмыстарын күш­ейту қажеттігін ескертті. Сон­дай-ақ облыс әкімі бұл оқи­ға­ға қатысты жауаптылар қатаң жазалана­тынын баса айтты. 

Ал облыстық Полиция депар­таменті сотқа дейінгі тергеудің бас­тал­ғанын хабарлады. Қыл­мыс­тық іс 304-бап (санитарлық ере­же­лер­ді немесе гигиеналық норма­тив­терді бұзу) бойынша қаралуда.

Улануға не себеп?

Бұл ретте ауданнан бала­лардың улануына байланысты жұмыс тобы да құрылып отыр. Олар аурудың шығу себебін анық­тауға кіріскен. Алайда арада, міне, он күн өтсе де бүлдіршен­дер­дің не­ден уланғаны ашып айтылмауда. Облыстық Полиция департаменті тергеу амалдары­ның құпиялығын алға тартса, Мер­кі ауданы әкімдігі СЭС қоры­­тын­дысы шықпай еш­қандай ақпарат бере алмайтынын айтуда. Десе де, халық арасында бір­неше болжам жүр. Оның бірі балалар астан уланды делінсе, енді екін­шісі барлығына бірдей тұмау түр­індегі вирус жұққан деседі. Осы­­ның салдарынан балалардың бойын әлсіздік билеп, ауруханаға түскен. Алайда бұл нақты байлам емес, болжам ғана. Оқиғаның анық-қанығы СЭС сараптама­сының қорытындысынан кейін жарияланбақ. 

Осы ретте бір айта кетерлігі, бұл Жамбыл облысында болған бірінші жағдай емес. Алдыңғы жылы Байзақ ауданында 44 оқу­шы мен екі мұғалім астан улан­ып, ауруханаға түскен болатын. Сол тұста мектепті ыстық тамақ­пен қамтитын «Тоқсейітов» жеке кәс­іпкерлігі күдікті ретінде таныл­ып, тергеуге алынған. Ал­айда кейін «балалардың астан алану­ына аспаз кінәлі» делініп, одан қалса «оқушылар сақтау мер­зімі өтіп кеткен асты сырттан әкелді» де­ген сияқты нұсқалар айтылып, сана­ны сан саққа жү­гірт­ті. Бай­зақтағы оқиғаға қа­тыс­ты облыс­тық Полиция деп­ар­та­ментіне сауал да жолдадық. Алайда құзы­р­лы орган өкілдері тергеу амал­дары енді аяқталып, іс сотта жат­қанын хабардар етті. Енді онда  қандай үкім шыға­тыны әзірге белгісіз. Әйтеуір, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» кетпесе болғаны...

Күні кеше Тараз қаласында балабақшаға қатысты тағы шу шықты. №44 бөбекжайды СЭС мамандары тексеріп, нәти­же­сінде 27 бала қызылшамен ауру­ханаға жатқызылған. Ал бір бала тіпті жан­сақтау бөлімінде өмірі үшін күресіп жатыр екен. Осыған байла­н­ысты шырыл қақ­қан тараздық аналар балабақша жұ­мысын тоқ­татуды талап етіп, билік өкілдері­нен көмек сұрады. Алайда бұл оқи­ғаға қатысты да жауапты сала мамандары әзірге жақ ашпады.

 

P.S.

Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда осы мектеп пен балабақша бүлдіршіндеріне қатысты соңғы кезде оқыс оқиға мен шулы жағдайлар көбейіп кетті. Әсіресе, балалардың астан улануы жиілеп бара жатқандай. Мұндайда енді қайтпек керек? Ең алдымен, әрине балалардың ыстық тамағына келгенде тендер мен конкурс деген дүниені түп тамырымен құрту қажет. Себебі ұлтын емес,  құлқын ойлаған кәсіпкер балалардың асына аса мән бере бермейтіні анық. Ал егер Байзақ ауданындағыдай жұмысынан кемшілік шықса, қалталы азамат оны жылы жабуға тырысатыны айтпаса да белгілі нәрсе. Сондықтан балалардың ыстық тамағын әзірлеуді  «тендер» атты тартысқа салмай, сол мектептің өзінің құзыретіне берген жөн секілді. Өйткені ертең бір жағдай бола қалса, жауапкершілік жүгі өздеріне түсетіндіктен мектеп басшылығы  асхана мәзірі мен оның дайындығына сауысқандай сақ болатыны айқын. 

Бұдан бөлек, жекеменшік балабақшаларға да аса еркіндік берме­ген абзал. Сонда ғана тәртіп орнайды. Ал одан ел ертеңі саналған балғындарымыз жақсы болмаса, жаман болмасы анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы