Биыл да солай. Тиісті құрылымдарға Қазақстан армиясы мен Ұлттық ұлан бөлімшелері көмек көрсетуге даяр. Мыңдаған сарбаз тасқынға қарсы жұмыстарға жұмылдырылған.
Қазақстан Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда Қарулы күштердің 2000-нан астам сарбазы мен 770 техникасы су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысып жатыр. Олар еліміздің түрлі аймақтарында жұмыс істейді. Әскерлер Ақмола, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарының жергілікті қызметтері мен халқына жан-жақты көмек көрсетуде.
Дегенмен тасқынға қарсы шараларға қатысып жатқан әскерилер саны мұнымен шектелмейді. Су басудың алдын алу ісіне әу баста 7 мыңнан астам әскери қызметші мен 500 дана техника бөлінген. Әскери-көліктік авиацияның ұшақтары мен тікұшақтары, дрондары, жол талғамайтын көліктері қолдануға әзір күйге келтірілген еді. Одан бөлек, понтон көпірлері, жүзетін көліктер, дезинфекция жасайтын техника да сайланған болатын. Бірқатар облыста аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылған еді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының Подгара және Тепличный елді мекендерінде әскерилер 1 500 қап құм даярлап қойды, БҚО-ның Тасқала ауылында өзен жағасына 300 қап құм төселді. Одан басқа шаруалар да істеліп жатыр. Қазақ сарбаздары тасқынға қарсы жұмыстарға белсене қатысып жатыр.
Сөз басында айтылғандарды армия бөлімдерінің көмегі деп бағаласақ, одан бөлек тасқынға қарсы жұмыстарға Ұлттық ұлан күштері де жұмылдырылады. Ұлттық ұлан өкілдері су тасқынына қарсы 10 мың әскери қызметкер бөлуге даяр екенін мәлімдеген болатын. Әрі 350 техника әзірлеп қойыпты. Ми-171Е тікұшақтары мен Y8F00W ұшақтарын әзірлеп қойды. Арнайы резервтер дер қарастырған. Атап айтқанда, Ұлттық ұланның тасқынға қарсы жұмыстарға жұмылдыратын резервінде 1 600-ден астам сарбаз тұр.
Былтыр Ұлттық ұлан су тасқынының зардабын жойып, адамдарды эвакуация жасау үшін 46 рет ұшақ, 115 рет тікұшақ ұшырған. Ол үшін 7 дана ұшақ пен тікұшақ пайдаланды. Ұландықтар 2024 жылы 5,5 мың адамды эвакуациялаған. Соның ішінде 501 адамды қауіпсіз жерге көшіру үшін авиация пайдаланды. Одан бөлек, 600 тонна жүк пен 130 тонна гуманитарлық көмекті тиісті аймақтарға жеткізді. Жалпы, былтыр Ұлттық ұланның 3,5 мың әскері, 150-ден астам техникасы тасқынмен күреске тартылды.
Ал былтыр армия тасқынмен күреске 6 мыңнан астам сарбазды жұмылдырды. 255 техника, 12 тікұшақ, 5 әскери-көлік ұшағын, 3 дана ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланды. 3 475 адамды эвакуациялап, 1 770 адам мен 233 тонна жүкті тиісті жерге жеткізді. Былтыр әскерилер 2,1 млн қап құм даярлапты.
А.СҰЛТАН