Уақыт өзгермелі. Адам табиғаты сонша күрделі. Өлшем ұдайы жетіліп отырмақ – заңдылық.
Абайтанудағы бір төңкеріс
1,167
оқылды

Батыр ғалым Бейсембай Кенжебайұлының бір рухани ерлігі хақында

Әлемдік әдебиет тарихы тәжірибесіне қарап отырсақ, қызық құбылыстардың куәсі боламыз. Біреу бар – өмір бойы даңқты ерттеп мініп, халық тарапынан көрген құрмет, махаббат пен естіген марапат сөзден басы айналып өтеді. Fажабы ол да емес. Ең ғажабы, сондай бір халық басына көтерген ондай даңқ иелерінің жүзін суық топырақ жапқан соң-ақ тіршілігінде тірнектеп жиған абырой-беделі арзандап, даңқы бордан жасалған мүсін (бюст) секілді мүжіліп тоза береді, тоза береді. Ақыры күндердің күнінде белгісіздік тұманына батып ізім-қайым жоғалады. 

Демек, данқ та өзгермелі. Дүбірлеген даңқ та баянсыз. Айталық, ұлы ақын А. Пушкин төңірегінде тіршілігінде даңқы дүбірлегені соншалық, қазір әлем атақ-даңқына қарап отырған Александр Сергеевичтің өзіне көлеңке түсіріп, көлегейлейтін дарындар болды.

Күні кешеге дейін келген А.Пушкин ұлы ма, әлде Некрасов ұлы ма дейтін орайсыз салыстырулар тіршіліктегі атақ, даңқтан өрістейтін, туындайтын мә­се­лелер. Әйтпесе, ұлы жазушы А.Чеховты қазіргі оқырман шығармасын оқымақ түгілі атын естімеген қайдағы-жайдағы бір Павленкодан төмен қойған ғой уақытында. Атақты Соллогуб, Ла­жечниковтар қайда бұл күнде? Демек, әдебиеттегі мәңгілік – жүзден жүйріктің емес, мыңнан бірдің ғана маңдайына жазылар сирек бақыт. Бұл – мәселенің бір қыры. Енді мәселенің екінші бір қыры және бар.

Біреу бар, өмір бойы халық деп атой салып ұрандамай-ақ еңбегім ерекше сіңді, маған неге сыйлық бермейсің, лавр жапырағын қашан жапсырасың маған демей-ақ қойдан қоңыр көптің бірі болып қана жүреді, бірақ халықтық іспен ғұмыр кешеді. Бұл да ғажаптың бір түрі. Құдай берген дарынды жұрт алдын­да жарқыратып жасамай, жасыр­ынғандай болып үн-түнсіз істеу де келісіп тұрған жоқ. Амал қанша, бұл да бір жұмбақ табиғат. Ғажабы да бұл емес. Ең ғажабы, ғұмырды елеусіз бұйығы өткізген адам дүниеден көшкеннен соң аз-кем уақыттан кейін ондай жұмбақ жандардың даңқы жұртты қайран қал­дырып қайыра өсе бастайды. Тіпті, ондайлар бір халықтың мақтанышына, ұлттық мөріне, азаматтық арына айна­ла­тын­ын қайтерсің. Айталық, «Афор­изм­дер» жазған неміс философы Лих­тен­берг. Тіршілігінде кісі екен деп қа­рады ма екен оған қатар ғұмыр кеш­кен әріптестері? Шығармасы халық­қа кең тарамады, қатары мойындамады, аяулы философ аштан өлді. Қазір неміс философиясын сөз еткенде ауызға алды­мен Лихтенберг есімі ілінеді. Оның «Афоризмдерін» оқымайтын адам бар ма қазір?! Әйтпесе, «Ақыл қалтаны» (карманный оракуль) жазған Балтасар Грасианды алайық. Ол өз отандасы Мар­кестен әлдеқайда бұрын туып, әлдеқайда кейін танылды. Және өз отандастарының қайсысынан да оның туындылары ұзақ жасайтыны күмән туғызбаса керек.

Әлемдік ой тарихында мұндай мысал әңгімелер  көп-ақ. Тікелей әдебиет­тануға келгенде өткен ғасырда өмір сүрген Потебня, күні кеше арамыздан кеткен Бахтиннің қайсысының шекесі шылқыды екен даңқтан? Ешқайсы­сының да! Қазір әдебиеттегі ең өміршең теория, жеңімпаз еңбек аталған ақтан­керлердікі!

Жә, онсыз да соқтықпалы, бірақ соқпақсыз әдебиет әлеміндегі бұралаң жолдарды кезе бермей, тақырыбымызға тура көшейікші, айтарымызды бұлаңдат­пай тура ашық айтайықшы. Сап, көңілім, сап! Әуелі бір сұрақ, жоғарыда айтқан әң­гімелер сапырма мысал болып қалмау үшін ойланайықшы: осы бізде де тірші­лігінде бағаланбаған, бағы жанбаған адам­дар жоқ па екен? Бар. Болғанда қан­дай! Қазақ асылын көзі тірісінде бағалай бермейтін, бағалай білмейтін, балаңдық басынан арылмаған халық. Басқасын қоя тұрып, профессор Бейсембай Кенжебай­ұлы тағдырын еске алсақ та бұған көз жеткіземіз.

Өз халқының жамандығын көре біл­меген жақсылығын да парықтай біл­месе керек. Өзінің терісін танымаған кісі өзгенің оң ісін бағалап қай оңдырады? Біздің азаматтар даңқ сүйеді, мансап үшін күйеді, атаққа бас игіш, ғылым үшін айтысуға жоқ, жеке басының ісі, мүддесі үшін бірін-бірі орға жығуға бар халық қой. Әсіресе, зиялы, әсіресе ғылыми орта, әсіресе жазушылық орта... Ал ондай жерде теңгермешілікке жол берілмей тұра ма? Теңгермешілікке жол берілген жерде асыл жасымай, жасық асылға таңылмай тұра ма, сірә? Ондай жерде еңбегі жоғы – бар, еңбегі бары жоқ боп көріну, біреу бейнетін кешу, екінші біреу зейнетін көру  қалыпты жағдайға айналады. Қазақ ғылымы атақты адамдарға кенде емес. Қазақ ғылымы қай уақытта да шын ғалымдарға кенде. Күні бүгінге дейін ұлттық ойдың әлемдік кеңістікке  шықпай жатқаны, атақты ға­лым деп танып абырой-беделінің алдында қол қусырып келген дардай адамдары­мыздың қуыс қурай шыға беретіні де сондықтан.

Жә, жә, таусылмайық. Одан да Бей­сембай Кенжебайұлы тағдыры жайлы әңгімемізді сабақтайық. Ол кім? Кім деп сұрақ қойып, жаңадан таныстырарлықтай атымен белгісіз адам емес, Бейсембай Кенжебайұлы! Белді, белгілі ғалымның бірі болып өтті дүниеден. Алайда көбіміз сол «белгілі» эпитетімен шектеліп жүрміз. Ғалымның шын болмысын, шын келбетін білмейміз. Ал Бейсембай Кенжебайұлы бірінен-бірі, бір кезеңінен екінші кезеңі ызғарлы, бір басшысынан екінші басшы­сы қытымыр уақытта өмір сүріп, еңбек етті. Бірақ ол өзінің көп замандастары секілді уақыт айтты бітті, партия айтты көн­дім деп құлдық ұра бермей, ұлтының ұлы мұратына бойлап, жұртының жарқын болашағын ойлап ғұмыр кешті. Оның бүкіл ғалымдығының, қайраткерлігінің кілті – ұлттық ойлау жүйесінен ажырама­ғандығында. Ал ұлттық ойлау жүйесі берік ол секілді қайраткер, ғалым, оқымыс­тының дені кезінде ұсталып, қамалып, атылып кетті. Е.Ысмайылов, К.Жұмалиев, К.Мұхамедханов сотталып барып ақталды.

Халық бағына Б.Кенжебайұлы, Ә.Мар­ғұлан, Ә.Қоңыратбайұлы секілді бір­лі-жарымы аз-аздап сотталып, әупірім­мен аман қалды. Аман қалды да, өзгелер­ден кеудемсоқтанбай ақырын жүріп, аяңдап халқына қызмет жасады. Ағынмен жүрмеді, ағынға қарсы жүрді. Ағымсыз­дық­қа шақырғанда ағыммен күн кешті. Бұл – шынайы ғалымдық табиғат.

Көрнекті ғалым, табанды әдебиетші, жұртын сүйген, сүюден айнымас асыл азамат Бейсембай Кенжебайұлы жөнінде, оның тұтас болмысын құрайтын қастерлі істері хақында өте көп айтуға болады. Оның халқы үшін, қатар жүрген қадірлісі үшін істеген әрбір ісінен өнеге таратып айтуға, азаматтық ойы қалғымай ылғи бір тебіреністі іс тындырған ғалым хақында тебіреніп, толқып жазуға болады. Ғұмыр болса алда атқарармыз ол істі. Әзірге жаңарған уақытқа орай әзіз ғалымның ұлы Абай жайында жасаған бір рухани ерлігінің жай-күйін сөйлеумен шектеле­міз. Бұл саясат қыспағында жасаған аяулы адамның ғалымдық, азаматтық кішігірім шығармашылық келбеті  болса – мақсат­тың орындалғаны.

1925 жыл, 28 тамыз. «Еңбекші қазақ» газетінің №359 санында «Абай» аталатын мақала жарық көрді. Жұрт оқыды. Оқыды да жағасын ұстады. Сыртынан сыбады. Авторын іздеді. Авторы – Бейсембай Кен­же­байұлы. Мәскеуде И. Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінің оқушысы. Жасы жиырма бірде. Құртып жібергісі келгендер болған, әттең бай баласын халық ақыны деп қи­сық бағалаған қияңқы құрық жетпес алыста жүр екен. Адамның бәрі бір ме, тәйірі. Біреу күйінді, біреу сүйінді. Ең бастысы, адамның жасын емес, басын, асыл ойын қадірлейтін, өзі де Ахаң – Ах­мет Байтұрсынұлымен бірге қазақ халқы­ның басы саналатын, Жақаңы аталатын, тұла бойы тұнған ұлттық қайраткер Мір­жақып Дулатұлы абайтануда жаңа пікір айтылды, жаңашыл ой беті түзелді деп жанымен қуанып, «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» (Қызылорда, 1926) аталатын библиографиялық көрсеткішіне 21 жасар Бейсембайдың мақаласының атын тізіп, «Абай – халық ақыны. Халықтың тумы­сын­дағы кем-кетіктерін, жайсыз қылық­тарын жазған. Олардан құтылуға жол көрсеткен. Абайдың ұстаған жолы, көз­деген мақсаты елді түземек болған. Абай ілгерішіл ақын» – деген пікірін көшіре жазыпты. Есесіне өлкелік партия комите­ті­нің баспасөз бөлімін басқаратын Әбдір­ахман Байділдин уыздай жас баланы азу­ын айға білеп тұрып сынапты, білегін түрініп тұрып сыбапты.

Ойшыл Міржақып Дулатұлы жерден жеті қоян тапқандай қуанатын, сүйсінетін, әсіре белсенді Әбдірахман Байділдин жер­ден жік шыққандай, екі құлағы тік шыққандай күйінетіндей не болды сон­ша? Жиырма бір жасар баланың қарапай­ым пікірінің біреуді күйіндіріп, біреуді сүйіндіретіндей, астарына ара, әлде шаян жасырынған ба? Мәселенің өзі де осында.

Ол кезде Қазақстанда Абайдың шон­жар тегі, әдеби мұрасы жойқын әңгіме, таптық талас-тартыс болып жатқан. Тура­сын айтқанда, басқаның емес, Абай­дың басы дауға айналған. Шыққан тегі бай, ет жеген, қымыз ішкен, қос-қостан қатын алған Абай халық ақыны бола алмайды деген көп білгіш. Бірен-саран Абай жайын шын білетін, түйсіне түсінетіндер әуелінде айтысып көріп, большевик белсенділердің бел бермесін білгендіктен, уақытша бұғуға мәжбүр болып тұрған кез еді ол. Сол сәтте Мәскеудің И.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университе­тінің» (КУТВ) жап-жас оқушысы өзінің әлгіндей, Абай жарықтықты жарыққа сүйреген, халыққа теліген пікірін «Еңбек­ші қазақ» бетінде жарқ еткізді. Жеңіс  Абайды шын танушылар жағына ойысып жүре берді.

Жап-жас баланың мақаласы қалайша биік дәрежеде жазылды? «Еңбекші қазақ» газетінің басқармасы мақаланы қалай батылы жетіп жариялады?

Бейсембай Кенжебайұлы туыстары мал соңына салып қойған жерден Бөген­нен, көгеннен қашып Ташкенттен бір-ақ шыққан жетім бала. Сандалып жүріп, адас­ып жүріп жеткен жері – Ташкент, түскен ортасы – жетім балалар. Алайда жетім балалар жетекшісі – жалынды Ғани Мұратбаев, серіктері – Өтебай Тұрман­жанов, Жүсіпбек Арыстанов, Нұртас Оңдасынов, тағы басқа балалар. Жетім балалар үйінде кітапкұмарлыққа тәрбие­ле­ген ұстаздары – Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов, белгілі дирижер Тұрғыт Оспановтың әкесі – Сәдуақас Оспанов. №14 жетім балалар үйінде жүріп көргені, есті сөзін естігені – Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды қазақ ағартушылары. Ол аз болса, өзбектің Чулпоны, Фитрат, Абланиы.  Түркістан автономиялық Республика­сының басшылығы – С.Қожанұлы, Н.Төреқұлұлы, Т.Рысқұл, түрікмен Қай­ғы­сыз Атабаев. Абайға көзін ашқаны – Садуақас Оспанұлының түйеге артып алып жүретін «көшпелі кітапханасы».  Жаңақорғандық Садуақас ұстаз қай пәннен сабақ өтсе де, Абай өлеңдерін жат­татып, түсінгенін сұрап, Абайдан шығар­ма жаздырумен болады екен. Ұлы Абай асыл өлеңдерінің дәмі, сөйтіп жетім бала­лардың таңдайында бала шақта, бал татып қалып қойды.

Жетім балалар үйінен сауат ашып, ұшып жеткен жері – КУТВ. Ең ғажабы, күллі түрік балалары оқитын КУТВ-да түрік тілдерінен тек қазақ тілі мен әдебиеті пәні жүреді. Бір қызығы, бұл пәннен Ташкенттен ұлтшылдығы үшін қуылып, В.Брюсов ашқан «Өнер институтына» түсіп, бой тасалап жүретін, қазақтың маңдайы жарқырап жүру орнына тайқиып жүрген ғажап лирик ақыны Мағжан Жұ­ма­­байұлы сабақ береді. Оқушы бала­лар­дың жетекшісі, талағының биті бар, Таш­кент­те жүрген кезден «Ақ жол» газетінде «газет таратушы» (курьер) болып бастап,  жаза-жаза «тілші бала» атанып келген Бей­сембайды ақын ағасы қасынан қал­дыр­май ерте жүреді, үйіне ерте келіп тамақ ішкізеді, сұлу жырлармен сусын­датады, жассынбай жан сырын айтады, әдебиеттен көп-көп кеңес береді, жазған­дарын оқушыларға оқытып бірге талдай­ды. Алдында ғана «Тазша бала» жайын жанынан жазған epтeгici жарияланған баспасөзде. Енді оқушылар алдында Абай өлеңдері хақында баяндама жасады. Баяндама жаны нәзік ұстазға да, оқушы тұстастарына да ұнады. Көпшілікке ұнаған соң әлгі ертегінің ізімен баянда­маны мақалаға айналдырып, Қазақстанға поштамен айдап қоя береді. Көздегені басқа басылым емес, «Еңбекші қазақтың» өзі.

Бала Бейсембай ұзамай жауап хат алды. Қазақстаннан. «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторының орынбасары, жазушы Бейімбет Майлыұлы екен жауап жолдаған. «Мақалаңды алдық. Пікірің ұнады. Батыл жазу керек осылай. Оқушы­сың ғой, тарығып қаласың ба деп қалам­ақы есебінен елу сом ақшаны алдын ала жіберіп отырмын. Жиі жазып тұр. Жазған­дарыңды менің атыма жолда» – деп хат жазыпты Биағасы. Жадау-жалпы жолдас­тары балаша қуанды. Мақала қалам­ақы­сына Өтебай, Жүсіпбек үшеуі барып бірсыпыра киінді. Ептеп сыра ұрттады. Қалған­ын ауылдағы аш-жалаңаш ағасына жолдады. Кейін білсе, ағасы іні қаражаты­на бір бие сатып алған екен. Бейімбет Май­лы­ұлы мақалаға неге ықыласты? Ша­ма­сы, жүйрік дарын большевик белсен­ділердің Абай ақынды нақақ күйдіріп жатқанын біледі. Білгенін жазып жіберей­ін десе, табиғатынан айтысқа жоқ. Содан барып тың ойлы мақалаға жанымен қуана­ды.  Оның үстіне, жас талант көрсе жан-тәнімен құлай берілетін, қамқор қолын созатын әдеті. Міне, осылай оқушы Бейсембай Кенжебайұлының Абай жайлы жазған мақаласы суретімен «Еңбекші қазақ» газетінің екі нөмірінде жарық көрді.

Араға уақыт салып барып бүгінгі күн биігінен қарап сараптайықшы. Бейсе­кеңнің ол мақаласының ой-дәрежесі, жазы­лу мәдениеті қай дәрежеде? Алдымен ашып айтар бір мәселе – Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезұлы, Құдайберген Жұбанұлы  қай-қайсысы да ірі-ірі абайтанушылар. Қай-қайсысы да Абай хақында қызықты-қызы­қты мақалалар жазған. Ал құ­дай­шы­лығын айтсақ, жиырма бір жасар оқу­шы Бейсембай Кенжебайұлының мақаласы, бір тобы  «Абай бай текті ақын» деп іштартып, бір тобы  «Абай бай текті ақын» деп сыртқа теуіп шат-шәлекей болып жатқанда «халық ақыны» деген салауатты қағида-концепциясымен абай­тану­ды жаңалап кетті. Сыншы бақыты осында, мақала жұлдызының жарық болу сыры осында. Ал Бейсекеңнің мұндай көсем пікірге қол жеткізуінің сыры – алды­мен талант табиғаты, содан кейін Ташкенттен басталған кісілік, ізгілік мектебі Мәскеуге дейін жалғасып жатыр. Бейсекең ол жылдары ұстазы Мағжан Жұмабайұлы арқылы орыстың әлі жойыл­ып үлгермеген текті ортасымен, атақты ақын-жазушыларымен («Литера­турная учеба» журналына ертіп баратын)  ара­ласып үлгерген еді ғой... Міне, мәселе қайда жатыр?!

ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін орыстың даңқты ақыны А.Пушкин орыс ұлтының ақыны ретінде ғана бағаланатын. Соңғы жылдары шығармаларының халық­тық сипаты жиі сөз болып ұлттық тар ойдағы ақын емес, А.Пушкин халық­тық, тіпті дүние-ғалам халқына сөз арна­ған халық ақыны деген пікір төбе көрсете бастады. Ұстазы Мағжанның досы білім­паз В.Брюсов та, В. Кирпотин де осындай пікір жетегінде. В. Брюсов тіпті «Мой Пуш­кин»  деп те пікір сабақтай бастады. Өлең-сөздің білгірі, өзі орыс поэзиясына ғылыми нәр әкелген білімпаз. Армян халқының поэзиясы антологиясын құрас­тырып жарыққа шығарған В. Брюсов не айтса да тосын айтады, не жазса да соныға сүйрей сөйлеп, тосыннан жол салады. Көрмейсіз бе, «Менің Пушкинім..», яки «Пушкинді менің тануым!», «Менің тану­ым­дағы Пушкин...»  В.Брюсов тануында  Пуш­кин тар аялы орыс ақыны емес, жалпы адамзаттық ақын!

Енді келіп бала Бейсембай ойланады:

Ау, орыс әдебиетшілері А.Пушкинді ұлттық тар аядан шығарып, халықтық ақынға айналдыра көтеріп жатқанда біз неге Абайды бай таптың ақыны деп көкірегінен итереміз? Абай айтқан зар жалпы қазақтық, халықтық зар емес пе?! Олай болса, біздің Абай да халықтық ақын! Тапты! Тапты! Талантты жас буын­нан ұстады.

Мақала жазды. Ұстазына қымсына оқып берді. Мағжан ақынның қуан­ғанын айтсаңызшы, «Жарадың,  Бешім!»  деді ұстазы: «Жарадың, Бешім!»

Жап-жас студент Бейсембай Кен­же­­байұлының 1925 жылы жазған, ұстазы Мағжан Жұмабайұлы, кейін бақилық досына арналған Бейімбет Майлыұлы батасымен жарық көрген «Абай» атала­тын мақаласы қазақ әде­биет­тануына сөйтіп «төңкеріс» әкелді. Дүниетаным төңкерісі, тұлғатану төңкерісі...

Жап-жас әдебиетші Бейсембай 1925 жылы қазақ астанасы Орынборға жіберілді. Жастар газетіне редактор! (Ол кезде бас редактор атымен жоқ.) 

Орынборға келсе, қазақ астанасы Ақмешітке ауысып, көшіп кетіпті. Аста­на­мен бірге жастар газеті де. Орынбор­латып Қызылордаға келді. Қолтығында Соловьевтың «Қазақша-орысша сөз­дігі», Орынборда «Жастар газеті» редак­циясы жұртынан тауып алған олжасы...  Бейсембайға «Абай» аталатын мақаласы үшін Мұхтар Әуезов рақмет айта келіп, кеңінен кеңесті. «Жастар газетіне» әңгіме әкелген Жүсіпбек Аймауытұлы қолын қысты. Жолыққан Міржақып «Бей­сембай тіпті бозым екенсің ғой. Пікірің кексе тартқанға сені ересек кісі екен десем...»

...Ұзамай, Б.Кенжебайұлы «Абай» аталатын мақаласы үшін бас редактор­лықтан орынбасарлыққа түсірілді, партия мүшесі кандидаттыққа шегеріл­ді. Ұзамай, Абайдың ет жақын туыстары «шұбар балақ, шынжыр төс» бай ретінде Оңтүстікке, бүгінгі Шардара, Сарыағаш елді мекеніне жер аударылды... Бірақ Бейсекең алған бетінен қайтқан жоқ. Абайды әрі қарай зерттей берді, зерттей берді...

...1945 жыл. «Абай» романының авторы М.Әуезовке  100 жылдығына қарай баяндама жасауға сенімсіздік білдірілді. Үнсіз мұңданып, қабатына Бешім досын алып, Мұхтар Әуезов Абай хақында орысша-қазақша кітап жазуға кірісті. Мойынсеріктікке өзгені емес, Бейсекеңді тартуында, оның осы 1925 жылғы батыл еңбегін сүйіп бағалаған­дық, ұлы ақын жөніндегі пікірін сый­лағандық жатты. Ол мәселе хақында кейін... Әзірге сөздің қыл-қысқасы жиыр­ма бір жастағы Бейсембай Кен­жебайұлы әдебиет есігін жұртты таң­ғалдырған Абай жайлы еңбегімен аш­қан. Бұл – Бейсекеңнің ырым алды рухани ерлігі еді.

...Бейсекең уыз шағында бетін аш­қан бұл тақырыпқа кейін әлденеше рет қайта оралып, қалам тартты. 1945 жылы абайтанушы Мұхтар Әуезовпен бірге қазақ-орыс тілдерінде, 1954 жылы Абай­дың қара сөздері, 1955 жылы ұлы ақынның өлең құрылысы хақында қалам тербеп, абайтануға өзіндік үлес қосты. Бір тақырыпқа әркез дүркін-дүркін оралу арқылы ғалым «өзінің Абайын» сомдады... Ол өз алдына дер­бес әңгіме еншісі...

Құлбек ЕРГӨБЕК,

әдебиет сыншысы