Ұлттық сатираның қанатын кең жаюына көп еңбек сіңірген сатира саңлағының туғанына биыл 75 жыл толып отыр. Оның қаламынан туған небір өткір туындылар қалың оқырманның көңілінен жай тауып, талай әзіл-сықақ театрға арқау болды. Ол қазақ газеттерінде де қажырлы еңбек етті, «Көпен келе жатыр!» атты сатиралық театрымен де көрерменге жақсы таныс. Сатираны мықты деңгейге көтерген, оқырманның ойына дөп тиетін сықақшы-қаламгер туралы айтылар сөз де, ой да көп.
Көк көз көкем
Арман қуып, белді бекем буып, 1975 жылы Алматыға аттанғанбыз. ҚазМУ-дың Журналистика факультетіне топ ете қалып, тымпиып жүргенбіз. Алғаш рет Көпен Әмірбековті (ол кезде «ов, ев» деген пәміле құйрықтары әлі тірі болатын...) Жазушылар одағы ғимаратына кіре берісте танып: «Ассалаумағалейкум, Көпен аға!» деп сызылып сәлем бергенім бар. Әрі қарай судыр Ахметше судырлай жөнелетін мінезім жоқ-ты, оның үстіне Көпекеңнің ол кезде аты дүркіреп келе жатқан шағы, мысы басты ғой деймін, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына әзіл әңгімелерімді тапсыру үшін зу ете қалдым.
Соңымда біреу келе жатқандай болды. Басымды бұрып қарап едім, Көпен ағам екен, екінші қабатқа көтеріле бергенде қатарласып: «Осы сен бала, сатира жазасың ғой?» деп сұрады. Басымды шұлғыдым. Өзіне тіктеп қарап едім, сап-сары жігіт ағасы екен, көзі көкшілдеу ме... Үшінші қабаттағы жұмсақ орындықтардың біріне отыра кетіп, екеуміз біраз әңгіменің басын қайырдық. Менің мектепті қай жерде бітіргенімді, әзіл-сықақ әңгімелерімді қашаннан бері жазып жүргенімді сұрады. Әңгімесі жағып барады. Арасында өзіне тән, өзіне жарасымды күлкісімен елең еткізе қояды екен. «Ара» журналынан әзілдеріңді оқыдым. Оспанхан Әубәкіров ағаңмен таныстырайын» деді. Ертеңіне Көк базар жақтағы көпқабатты газет-журналдар үйі алдында күтетін болдым. Бірақ көк көз көкем келер болмады. Шыдамсыз байғұс едім, «Осағаңмен өзім таныса берсем қайтеді?» деген ойдың жетегімен, «Ара» журналында қызмет істейтін Әубәкіровтің кабинетіне имене бас сұқтым. «Әзілдерімді әкеліп едім» дедім міңгірлеп. Ол кезде Оспанхан ағамыздың атына әбден қанықпыз. Дүркіреп, дауысы күркіреп тұрған кезі. Ол шимайыма қарап, езу тартты. Сосын: «Шерімов сен екенсің ғой? Отыр, батамды берейін» деді қуақыланып. «Көпен ағамнан бұрын келіп қойғаным ыңғайсыз болды-ау!» деп қоямын ішімнен. Осағаң маған бата беріп отырғанда, көк көз көкем кіріп келді. Қипақтап қалдым. «Сені күте-күте екі көзім төрт болды» деді ол тершіген маңдайын бет орамалымен сүртіп. Сөйтсем, ол мені Көк базар маңынан күтіпті. Қымыз ішкісі келіп. Шала-шарпы естіген екенмін. «Сатира жазатын інімді таптым» деген еді сонда Көпен аға шын қуанып. Ол кезде жеке кітап шығару дегеніңіз қиямет-қайым еді. Екінші курста оқып жүргенімде жас жазушылардың «Жібек жел» топтамасына бірнеше әзіл-сықақтарым жарқ ете қалды. Кітапты ақтарып қарасам, Мархабат Байғұтов, Мереке Құлкенов, Захардин Қыстаубаев, Серік Жанәбілов секілді марқасқалардың арасында «шикі өкпе» болып мен жүрмін. Қуанышымда шек жоқ. Арада ай өтпей жатып, сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» сын жинағының қолға түсе қалмасы бар ма? Жинақтағы жазушылардың бірсыпырасын мақтай келіп, мені Ювенальдың шыпыртқысымен сабалай жөнеліпті. «Жазу қолымнан келмейді екен. Сатираны қоя салсам да болады екен...» Шынымды айтсам, ерекше қуандым. «Кімнің дүниелері топтамаға шығып, сыналып жатыр? Демек, шыңдалуым керек, Сарбалаевты мойындатуым керек! Ол дұрыс сынады!» деген ой көкірегімде сайрап жатты. Курстасым Елгезек Әзбергеновке қуанышымды жеткізіп едім, ол таңданысын жасырмады. «Қайта жылауың керек қой» деп кеңкілдеп күліп алып, біраз ақылын айтқан. Солай мәз болып, екі езуім құлағыма жетіп, сыналғаныма секіріп қойып жүргенімде, көшеде көк көз ағамды кездестіріп қалдым. «Сарбалаев сені сынап тастапты ғой?» деді салған жерден. «Соған қуанып жүрмін» дедім мен. Шынымды айттым. «Сабай бергенше, сатирадан сабақ алуға, тәжірибе жинақтауға жетелеп, достық рәуішпен шымшылауы керек еді» деді Көпен аға.
Кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналасқанда оны жиі іздеп баратын болдым. Әзіл-сықақтарым Көпекеңнің арқасында апта сайын бұрқырап шыға бастады. Арада біраз жыл хабарсыз кеттім. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бөлімінде қызмет істеп жүрген жылдарым еді. Көпен аға Оразхан Жарқынбеков пен Бекзаттар Дінәсіловті іздеп келіпті, үшеуі редакция ауласында әңгімелесіп тұр екен. Елуінші жылғылар. Ағалардың қолын алып, қатарға тұра қалдым. «Е, Мұхтаржан, осында талтайып жүр екенсің ғой, жақсы, жақсы, қуаныштымын» деді. «Қуанышты екені» дұрыс дейін, «талтайып жүр екенсіңі» несі? Әлде, жақтырмай тұр ма? Көпекең көңіліне алатындай не істеп қойған едім?» деген ой санамда тұр. Осыны сезе қойды ма, Көпен аға: «Аманхан курстасың айтты, екінші курста «әскери дайындық» бойынша Отарға «учениеге» барыпсыңдар. Сонда сен жұртпен бірге жата қалып, автоматпен нысананы көздепсің. Бір кезде майор келіп, құйрығыңа бір тепкен. Бажырайып қарағансың. «Аяғыңды талтайтып жатып атасың!» деп бұйырған майор. Сен аяғыңды талтайтып алып, атқылап жатқаныңда, құйрығың тағы былқ ете қалған. Бажырайып қарағансың. «Талтайт дегенге сонша талтайтқаның не?» деп ұрысып берген ғой майор. Талтайып, талтаңдап жүргенге не жетсін!» деп күліп алды. Көпен аға осындай қызық әңгімелерді нәшіне келтіріп айтқанда, ауызымыз ашылып қалатын. Әңгіменің майын тамызатын, сорпасын ағызатын. Алыстан орағытып, дәйектемелер келтіріп әңгіме шертудің шебері еді.
Соңғы он жылдай «Айқын» басылымы жанынан жарық көретін «Ара» газетінде бірге қызметтес болдық. «Қақпанда» жүргенде қақыратып, фельетон жазуға машықтанып қалдың ғой, бірге қызмет істейік» деген өтінішін айтқан еді. Бірден келісім бердім. Фельетондардың жеті атасын таныттық. Рас, «Шерім Шымкентте, бірақ Алматыдан шығатын «Айқынның» штатында, бұл қалай?» деп күңкілдегендер болыпты. Көпекең өзі айтқандай: «Шерімдей жазатын тауып берсеңдер, қоя қойдым» депті. Бұл жерде өзімді асыра мақтай қояйын деген ойдан аулақпын. Айтқым келгені, Көпекең айтқанынан қайтпайтын бірбеткей еді, әдебиетке, оның ішінде сатираға адал еді. Рас, сонау жетпісінші, сексенінші жылдары кейде інісін «ұмытып» кете беретін. «Қазақ әдебиеті» газетіне сатириктер хақында мақала жазып, сайыпқыран сықақшыларды тізіп шығатын. Ақтөбелік Төрежан Мәндібаев жазғандай, «Көпеннің тізіміне» іліге бермейтінмін. Ол тізім Алпысбай Боранбаевпен аяқталатын. Шынымды айтсам, әшейінде аңқылдап қарсы алатын ағама ренжіп жүрдім. Бірде Шымкент облыстық партия комитеті ғимаратының алдында ұшырасып қалдым. Салқындау амандастым. «Саған не болды?» деп сұрады ол. «Тізімде жоқпын» деп міңгірледім мен. «Мұхтар, пәтер алудың да кезегінде айлап, жылдап тұрады ғой. Кезегің келсін, тізімге кіресің!» деп риясыз көңілмен арқамнан қақты. Көңілім көтеріліп сала берді. Кейін ойлап қарасам, менікі атақ қуалау емес, атақты Көпеннің тізімінде болуды мақтаныш тұтқан екенмін. Бертінде «Жол-жөнекей» бейне-таспа жобасын бастады, менімен сұхбаттасып отырып: «Сен сатирадағы ауыр артиллериясың» деп баға бергенін мақтанышпен айта аламын. Мұндағы айтпағым, ол өзгенің барын бағалай білетін, қуанышына ортақтаса білетін, қызғаныш атаулыдан аулақ еді. «Ара» газетінде қызмет істеп жүргенімде тапсырмалар беретін, бірақ бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, «Мына қаулыдан үзінді келтірсең қалай болады? Мына жолдаудан анықтама бере кетсең?» деп өзіме салмақ салатын. Баз бір басшылардай баса-көктеп, өзінің айтқанын орындата қоймайтын, ақылдасып, пысықтап отыратын. Бір күні Шәмші Қалдаяқов туралы естелік жазғанымды баяндап бердім. Әкесі тіріліп келгендей қуанғаны. «Тез маған жібер, «Айқынға» жариялатамын» деді. Айтқан сөзінде тұрды. Көпекеңде ғарыштық жылдамдық бар еді. Қандай іс болмасын, тез арада біткенін қалайтын. Созылып, шұбатылып кеткенді ұнатпайды. Бірде Алматыда, бірде Шымкентте, енді бірде Ақтөбеде жүреді.
Күні кеше Ақтөбелік сатирик інім Нұрлыбек Жұбатқанмен телефон арқылы әңгіме-дүкен құрдық. Әңгіменің ауаны Көпен ағамызға ауысты. «Марқұм боларынан он күн бұрын Ақтөбеге шақырғанбыз» деді Нұрлыбек інім. «Әзіл-сықақ фестивалінде қазылар алқасының төрағасы болуға келіскен. Ағамыз келгенде шошып қалдық. Тірі әруақ сияқты, көздері шүңірейіп кеткен, әлсіз болды. Тіпті, тамақ іше алмай, темекісін тартып отырды. Ол аздай, есінен танып қалды. Есін жиғанда: «аға, ауырып жүрсеңіз, келмей-ақ қойсаңыз болар еді» деп едім, «сендердің көңілдеріңді қимадым. Оның үстіне, үйде жата бергенді жақсы көрмеймін» деген еді...».
Уақыт – патша. Күні кеше көз алдымызда жайраңдай күліп, темекісін күлімсірей сорып отыратын көк көз көкем де, келместің кемесіне мініп кеткен. Жетпіс бес жылдығы елеусіз қалған жоқ, Шымкентте Көпен ағамызды еске алу мақсатында Күлкі фестивалі өткелі жатыр. Күлкі барда, Көпен бар.
Мұхтар ШЕРІМ,
Көпен Әмірбек атындағы
«Ара», халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлықтарының лауреаты
Көпен – күлкі королі
Аты алты Алашқа мәлім Көпен Әмірбектің өзінен бұрын сөзін таныдым. Ол кезде Түркістан қаласындағы №11 Жамбыл Жабаев атындағы сегізжылдық мектептің оқушысы едім. Оның сатиралық шығармаларын республикалық басылымдардан және кітаптарынан оқып тұратынмын. Жаңылыспасам, сол кезде Көпекең «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қожанасыр қоржыны» атты сатиралық бетін жүргізетін. Сол сатиралық бетке және «Ара» журналына менің қысқа да нұсқа шығармаларым шығып тұрды.
1988 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне оқуға түстім. Алғашқы курс оқып жүрген кезімде Гоголь көшесіндегі 12 қабатты ғимаратта орналасқан «Ара» журналына бардым. Сол кезде Көпекең осы журналдың жауапты хатшысы боп істейді екен. Таныстық. Жөн сұрастық. Түркістандық екенімді біліп, «Қоңыратсың ба?» деді. «Жоқ, Қарашамын» дедім. «Қоңыратсың ғой» деп бір-ақ кесті. «Менің қоңырат екенімді қайдан біледі? Әулие екен ғой» деп қойдым іштей. Сөйтсем, қараша сол қоңыраттың ішіндегі ру екен ғой. Ол кезде ру, жүз дегенді білмеуші едік. Содан шағын сатиралық туындыларымды тастап кеттім. Көп ұзамай жарық көрді. Тағы алып бардым, тағы шықты. Сөйтіп жүріп, Үмбетбай Уайдин, Толымбек Әлімбек ағаларыммен таныстым. Олар да осы журналда қызмет істейді екен. Бұдан кейін туындыларымды Толымбек ағама да тастап кетіп жүрдім. Сөйтіп, «Ара» журналындағы барлық сатира серкелерімен етене араласып кеттік. Бір күні біздің оқу корпусымызға Көпекең келіп, сенбі күні саяжайда жұмыс істеуге асарға шақырып кетті. «Қасыңа достарыңды ертіп ал» деді. Жазған құлда жан бар ма? Келіскен күні жаныма Бауыржан Ғұбайдуллин, Мұхтар Атабек, Бақытжан Советский, тағы басқа курстастарымды ертіп бардым. Кешке дейін бау-бақшада жұмыс істедік. Түскі асты уақытынан бір минут та кешікпей ішіп, тойып алдық. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, қарнымыз тойып, бүйіріміз шығып қалды. Өмірі ән айтпайтын Бақытжанның өзі ыңылдап ән салды. Бауыржан батырлар жырынан үзінділер оқыды. Ал Атабек ария айтты. Мен де қарап қалмай, құрдастарымды қажап, қалжыңдап жүрмін. Ара-арасында Көпекең де бірде әзіл, бірде басынан өткен қызықты оқиғаларды айтып, бізді бір күлдіріп алады. Бірақ бәріміздің ойымызда «Кешке тамақ берер ме екен?» деген алаң бар. Соған қарағанда аш адам бірдей түс көреді-ау. Не керек, сол күні жоспардағы жұмыстың бәрін сол кездегі коммунистік партияның бесжылдық жоспары секілді асыра орындап тастадық. Көпекең де мәз, біз де мәзбіз. «Қазір үйге барып, жеңгелеріңнің асып жатқан етін жейсіңдер» дегенде әлі үйленбеген әйеліміз ұл тапқандай бір-бірімізге қарап, санымызды шапаттап қуанып қалдық. Шынында да, сол күні жеңгеміз оң жамбасымен тұрған ба, әйтеуір етті молынан асыпты. «Жақсы тамақ қалғанша жаман қарын жарылсын» деген қағиданы ұстанып, табақты жалап-жұқтап жеп қойдық. Одан терлеп-тепшіп шай іштік. Түнге қарай Көпекең көлігімен жатақханаға дейін апарып тастады. Қойшы, әйтеуір не керек, сол күн ашқұрсақ студенттер үшін Құдай қарасқан күн болды. Содан бастап «Көпекең қашан асарға шақырар екен?» деп жол қарап жүретін болдық.
1999 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс беріп жүр едім. Бір күні деканымыз Намазалы Омашев шақырып жатыр деген соң кабинетіне бардым. Сөйтсем, Көпекең отыр. Олар курстас достар болатын. Екеуінің айтқанына қарағанда, «Ара» журналы қайта ашылады екен. Соған студенттеріме сатира жазғызып, көмектесуім керек. Өйткені Темірбек Қожакеев ағайдан кейін сатираның арнаулы курсын жүргізуші едім. Мені жарты ставкамен жұмысқа алатын болды. Келістім. Дереу студенттерге тапсырма беріп, сатиралық шығармалар жаздырдым. Өзім де бердім. Сырттан басқа да авторлардың туындыларын тапсырдым. Өйткені мен сол жылдары «Жас Алаш» газетінің «Бір түрлі бет» сатиралық қосымшасының редакторы едім. Қолымда біраз материал болатын. Қысқасы, аз уақыттың ішінде бір емес, бірнеше нөмірге жарайтын материалдар бердім. Сөйтіп, қолдан келгенше журналдың аяқтан тұрып кетуіне септігімізді тигіздік. Бұл – 2002 жыл еді.
2004 жылы «Айқын» газеті ашылды. 1 сәуір күлкі күніне орай Көпекеңнен «Ақ сөйле» айдарына сатира туралы сұхбат алдым. Ол сұхбат газетте жарияланып, кейін «Қазығұрт» баспасынан «Тәуелсіздік толғауы» сериясымен шыққан «Ағынан жарылсақ...» деген жинағыма енді. Дәл сол жылы осы баспадан осы сериямен «Сұхбаттың сардарлары» атты жинақ та жарық көрді. Кітаптың құрастырушысы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәлима Қалқабаева. Бұл басылымға журналистика саласында аянбай тер төгіп, елге кеңінен танылған тәжірибелі публицистердің сұхбаттары топтастырылған. Кітаптың мақсаты – нағыз майталман журналистердің бүгінгі ақпараттық қоғамдағы ең жедел әрі өткір жанр саналатын сұхбатты дайындаудағы шеберлік сырларымен таныстыру. Сонда айтайын дегенім, осы жинаққа Сұлтан Оразалы, Сауытбек Абдрахманов, Көпен Әмірбек, Дидахмет Әшімханұлы, Қали Сәрсенбай, Қайнар Олжай, Раушан Төленқызы, Ұлбосын Айтөлен және менің сұхбаттарым енгізіліпті. Сонда осы кітапты алып тұрып, бір-бірімізді қызу құттықтағанымызды қалай ұмытайын?! Кейін ол жинақ еліміздің бүкіл кітапханасына таратылды.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Сатира кеңесінің төрағасы
«Тамашаны» тамаша еткен сатирик
Көпен Әмірбекті 90-жылдардың басынан жақсы танимын. «Тамашаға» енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан кезім. Көпен аға «Тамашаның» тарландарымен, театрдың бас режиссері, көркемдік жетекшісі Лұқпан Есенов ағамызбен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп жүрген кез болатын. Өзім де сол уақыттан бастап Көпен ағаның шығармаларымен етене таныс болдым. Ол кезде әлі бала едік қой. Қандай рөл ойнасақ та, талабымызға оң бағасын беріп, әрқашан жақсы көзқараспен қарап батасын беріп жүретін. Мен білген Көпен аға – көңілді, әңгімешіл, тарихшыл кісі. Қай тақырыпта сөйлесе де әріге кетіп, тым тереңінен қозғайтын, әдемілеп, әсерлер жеткізгенде қызыға қарап, ұйып тыңдап кететінбіз.
Көпен аға – тумысынан бөлек жан. Адамгершілік қасиеті, парасаттығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын көрегендігі бөлек әңгіме. Біреуге ренжіп, не болмаса ерегісіп тұрғанын көрмейсің. Ондай жағдай бола қалса, қағытпа қалжыңынан қоя қап, сөзді бір-ақ кесетін. Сөзі мірдің оғындай еді. Ал шығармашылығы тағы бір бөлек әңгіме. «Тамашаға» қаншама материалдар жазды, театрдың өсіп-өрлеуіне, өнуіне, биікке көтерілуіне, қысқасы «Тамашаның» тамаша болуына Оспанхан аға, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахмет сияқты тағы бірқатар сатираның классиктерімен бірге еңбек етіп көп үлесін қосты. Біз Көпен ағаны «Тамаша» арқылы таныдық. Өзі де «Тамаша» арқылы ашылды, шығармаларымен театрды да көрерменге кеңінен танытты. Біз Көпен ағамен жақын араластық. Көрген сайын үнемі айтатыны: «Театрдың басы-қасында жүрсің, «Тамашаның» ендігі жағдайы өзіңнің қолыңда» деп батасын да берген.
«Тамашаның» небір майталмандары келместің кемесіне мініп кеткенде, Лұқпан ағамыздан кейін үлкен актерлеріміз қайтыс болғанда, театрымыз құрамсыз қалғанда Көпен ағаның көмегі орасан зор болды. «Қандай шығарма керек?» деп тіпті, телефон арқылы жиі хабарласып тұратын.
Көпен аға екеуіміз соңғы рет Қостанайда кездестік. Сейіт Кенжеахметов атындағы әзіл-сықақ фестивалінде қазылар алқасының құрамында болдық. Ағамыз төрағасы болыпты. Ол кезде денсаулығы сыр беріп жүрген екен, жағдайы ауыр еді. Көңіл сергітсін деген ниетпен ұйымдастырушылар шақырған екен, сөзін жерге тастамай, көңілдерін қимай әрең-әрең келді. Отыра алмай: «Асылбек, менің жағдайымды көріп отырсың ғой, орныма өзің төраға болып, балалардың бағасын беріп, шешімін шығар. Мен қасыңда отырып батамды берейін, ойымды қосып отырамын ғой» деді. Одан бөлек, тағы біраз әңгіме айтты. Қазақстанның, ТМД елдерінің әзіл-сықақ театрларының сапасы туралы да сөз етті. Біздің соңғы кездесуіміз сол болды. Фестиваль аяқталғаннан кейін, араға көп салмай бір жетіден кейін бақилық болды.
Бұл кісілер нағыз классиктер еді, қазір орындары үңірейіп тұр. Көпен ағамыз сияқты жазатын сатириктер қазір жоқтың қасы, жоқ десе де болатын шығар. Өйткені Көпен ағалардан кейін қалжыңның қаймағын қайырып, өндіріп жазып жүрген сатириктерді көріп жүргенім жоқ. «Тамашаның» да шықпай жүргені, әзілдің сапасы төмен болып жатқаны Көпен ағадай мықты сатириктердің болмауынан деп ойлаймын. Көпен ағаның орны әрқашан бөлек.
Асылбек БОРАНБАЕВ,
«ТТТ» театрының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері