Соның ішінде қылмысқа жол бермеу – приоритетті бағыт. Жыл он екі ай шекара бұзушыларды құрықтау, контрабандалардың жолын кесу, заңсыз өту және алып өтуге жол бермеу, флора мен фаунаны қорғау және тағы да басқа қылмыстық баптар арнайы қызметтің жұмысындағы жоғары көрсеткішке ие санаттар.
Биыл жыл басынан бергі қаңтар-ақпан айларында ҰҚК ШҚ мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету аясында құзырлы органдармен өзара әрекеттесе отырып, шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушы 7001 адамды ұстаған. Олардың ішінде 45 шетел азаматы шекараны бұзғаны үшін қолға түскен болса, 20 шетел азаматының шекараны бұзу әрекеттерінің жолы кесілді.
Сондай-ақ мемлекеттік шекара арқылы 2 800 заңсыз алып өту фактісінің алды алынды, соның ішінде жалпы салмағы 7 келіден астам есірткі заттары мен 1 285 келі және 800 литр болатын синтетикалық есірткі жасауға арналған прекурсорлар (34 дерек) тәркіленді. Қарулар мен оқ-дәрілер алып өтудің 184, 1 283 дана діни әдебиет алып өтудің 59 дерегі анықталды. Жалпы сомасы 18 млн теңгеден асатын 89 000 литрден астам жанар-жағармай материалдары контрабандасының 1 100 фактісі, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгеден астам халық тұтыну тауарларын алып өтудің 1 118 фактісі және 3 млрд теңгеден астам шетел валютасын декларацияламаудың 269 фактісі тіркелді.
Сонымен қатар Каспий акваториясында 36 браконьерлік фактісінің жолы кесілді. Мақсатты операциялар кезінде 20 жүзу құралы, жалпы ұзындығы 21 шақырым торды құрайтын браконьерлік аулау құралдары және 226 дана (1 022,3 кг) бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алды алынған залал сомасы шамамен 401 млн теңгені құрайды. Бұл фактілер бойынша материалдар бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.
Нақты деректерге кезек берер болсақ, 15 қаңтарда ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті экономикалық тергеп-тексеру, полиция және мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп темекінің ірі партиясын елге заңсыз әкелудің жолын кескен. Ілеспе құжаттарсыз 170 мың қорап көлемінде темекі өнімдерін электротехникалық бұйымдар деп көрсетіп, мемлекеттік шекарадан алып өтпек болған. Алдын ала бағалау бойынша, тәркіленген тауардың құны 50 млн теңгеден асады. Дәл осындай оқиға 5 ақпанда тағы да қайталанған. Жамбыл облысы Қарасу елді мекенінде ҰҚК шекара жасағы темекінің ірі партиясын (535 мыңнан астам қорап) тасымалдау әрекетінің жолын кесті. Темекі бұйымдары көрші елден Қазақстанға ілеспе құжаттарысыз жеткізіліп тұрған. Алдын ала бағалау бойынша тәркіленген тауардың құны 187 млн теңгеден асады. Ұсталған жүк әрі қарай қаралуы үшін тиісті органға берілді.
18 қаңтарда Түркістан облысының «Жібек жолы» өткізу пунктінде шекаралық бақылауды жүзеге асыру кезінде шетел азаматы басқа адамның төлқұжатымен Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтуге әрекеттенгені үшін ұсталды. Айта кету керек, 2025 жылдың басынан шекарашылар жалған және басқалардың төлқұжаттарын пайдаланудың 16 фактісін анықтаған. 2024 жылы халықаралық қатынас жолдарында 400-ден астам осындай құқықбұзушылықтың жолы кесілді. ҰҚК шекара қызметі жалған және бөтен құжаттарды пайдаланып шекарадан өткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын хабарлайды. Сол сияқты биылғы жыл басталғалы шекарашылар өткізу пункттерінде бір мезгілде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің азаматтығы бар адамдардың шекарадан өтуінің 91 фактісін анықтады. Ұсталғандар ісін қарау үшін полиция органдарына берілді. 2024 жылы осындай 1 190 қос азаматтық фактісі анықталған екен. Құқықбұзушылықтардың негізгі бөлігі жақын шетел азаматтарына тиесілі. ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық заңнамаға сәйкес қос азаматтықтың болуы 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкелетінін еске салады. Сондай-ақ қазақстандықтардың басқа мемлекеттің азаматтығын алуы Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру үшін тікелей негіз бола алады.
Осы ретте ҰҚК Шекара қызметінің 2024 жылғы іс-қимыл нәтижелері туралы да атай өткен жөн. Мәселен, былтыр 55 мыңнан астам адам Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 324 шетел азаматы шекараны бұзғаны үшін ұсталса, 383 шетел азаматының шекараны бұзу әрекеттерінің жолы кесілген.
Мемлекеттік шекара арқылы 15 041 заңсыз алып өту фактілерінің алды алынған. Соның ішінде 451 дерек есірткі заттарына (2 тонна 300 кг астам), 886 дерек қару мен оқ-дәрілерге, 455 дерек діни әдебиеттерге (24 087 дана), 5 283 дерек жалпы сомасы 160 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдарына, 6 086 дерек жалпы сомасы 70 млрд теңгеден астам халық тұтыну тауарларына және 1 880 дерек жалпы сомасы 19 млрд теңге болатын шетел валютасына қатысты.
Каспий акваториясында 390 браконьерлік фактілерінің алды алынып, 196 дана жүзу құралдары, жалпы ұзындығы 536 шақырым браконьерлік аулау құралдары (тор), 1 994 дана (11 379 келі) бекіре тұқымдас балықтар, 87 814 дана (98 296 кг) ұсақ тұқымдас балықтар, 117 дана итбалық тәркіленді. Алды алынған залал сомасы 4,6 млрд теңгені құрайды.
Бұл айтылғандардың барлығы еліміздің шекара күзетінде тұрған әскери азаматтардың орасан зор еңбегінің ауқымын көрсетсе керек. Шекарадағы қызметтің сапасы осындайдан көрінеді. Ендеше жауапты міндетті абыроймен атқару – шекарашылардың жауынгерлік парызы.
Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ