Соның арқасында 2024 жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібі биік 5,9% өсімге шықты. Бұл 2023 жылғы 3,4%-дан анағұрлым жоғары. Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі бұл сектордың үлесі 12,4%-ға жетті. Сөйтіп, республика – өзі тұтынатын затын тегіс сырттан тасымай, үлкен бөлігін өзі өндіретін, өз қолы өз аузына жеткен мемлекеттер санатында.
Статистика бойынша өндіріс көлемі жөнінен өңдеу өнеркәсібі (48%) шикізат секторын (45%) басып озды. Бұл тұрғыда кен орындарынан алынған кен-руданы шикізат күйінде шетелге шығара бермей, өз елімізде өңдеу ісі өркендеді. Мұнда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру мәселелеріне мән беріледі.
Мысалы, 2023 жылы елімізден 1,97 млн тонна мыс концентраты мен 872 мың тонна глинозем (алюминий тотығы) өңделмеген күйінде экспортқа шығарылған екен. Сондықтан былтыр мыс кенін тазартылған мысқа дейін өңдеу мақсатында республикада қосымша өндірістік қуаты 600 мың тонна болатын 2 ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Оның біріншісі – KAZ Minerals тобының қытайлық China Nonferrous Metal Industry’s компаниясымен бірлескен жаңа мыс балқыту зауыты. Екіншісі – Kazakhmys Holding ЖШС-ның Балқаш мыс балқыту зауытын жаңғырту жобасы. Ол зауыттың өңдеу қуатын еселейді.
Осы орайда апта соңында Павлодар облысында Президенттің өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысқан Премьер-Министр Олжас Бектенов KAZ Minerals Bozshakol ЖШС-ына ат басын бұрып, «Бозшакөл» мыс кеніші алаңындағы технологиялық үдерістермен танысты. Зауыт жылына 30 млн тонна кен өңдейді. Былтыр 105 мың тонна мыс өндірілді, сонымен қатар мұнда мыс, алтын, күміс және концентраттағы мырыш өндіріледі.
Шикізаты емес, одан қымбат дайын өнімі Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Бельгияға экспортталады. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ізбасар жас маман даярлауға баса көңіл бөлінді. Биыл кәсіпорын 200-ден аса студент тартуды жоспарлап отыр. Бүгінде компанияда 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Премьерге өндірістік алаңдарда заманауи технологияларды енгізу, жасанды интеллект жүйесін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар баяндалды. Толық диспетчерлеу кенді ұсақтаудан бастап концентрат шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Карьерлерді 3D модельдеу үшін өндірістік процестерді модельдеу жүйелері, тіпті дрондар қолданылады. Бұл жұмыстың дәлдігі мен тиімділігін едәуір жақсартады.
– Жоғары өңделген тауарлар үлесін арттыру қажет. Салық кодексінде жоғары өңделген өнім өндірісіне қосымша салықтық жеңілдік қарастырылған. Мұның бәрі өңдеу саласын ынталандырар қадамдар. Көптеген ел қазақстандық шикізатты өңдейді. Ол өзімізге керек. «Қазақмыс» және KAZ Minerals сияқты ірі кәсіпорындардың бұған инвестиция салуға мүмкіндігі бар, – деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің дерегінше, бүгінде елімізде мыс пен алюминийден профильдер, цилиндрлік құймалар, кәбілдік-өткізгіш өнімдер, дөңгелек және жазық илем, лигатура, күштік трансформаторларды орауға арналған сымдар және басқасы өндіріледі.
Ортамерзімді перспективада мыс пен алюминийден жасалған өнімдер, соның ішінде жылыту радиаторлары, ұнтақтар, құймалар, жез бұйымдарын өндіру бойынша жаңа 13 инвестжоба жоспарланған. Жаңа жобаларды іске асыру, қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын ұлғайту есебінен алюминий мен мыстан жасалған өнімдердің өндірісін 2029 жылға қарай 257 мың тоннаға дейін (алюминий – 166 мың тонна және мыс – 91 мың тонна) ұлғайту көзделіп отыр. Бұл бағытта отандық өңдеу кәсіпорындарын басымдықты түрде және арзандатылған бағада шикізатпен қамту, өңдеу өнеркәсібін ынталандыру, өнім экспортының өрісін кеңейту шаралары қатар жүргізіледі.
Айхан ШӘРІП