Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид бұқаралық ақпарат құралдарында ең жиі көтерілетін тақырып.
Суицидке селқос қарамау керек
коллаж: Елдар ҚАБА
254
оқылды

Заман ауысқан сайын бала психологиясы да өзгеріске ұшырап жатыр. Ал жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына отбасылық мәселелер, мектептегі қиындықтар, психологиялық мәселелер, әлеуметтік қысым, жеке проблемалар мен оқиғалар түрткі болуы мүмкін.

Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бі­рі – балалар мен жасөспірімдер ара­сын­дағы аутоагрессивті мінез-құлық пен суи­цид проб­лемасы. Республикадағы балалар ортасында бұл құбылыстың жиілігі тұрақ­ты түрде жоғары­лап келеді. Атап айтсақ, 2020 жыл – 144 факт (әрекет – 307), 2021 жыл – 175 факт (әрекет – 373), 2022 жыл – 155 факт (әрекет – 309). 2023 жыл алты ай­да – 95 факт (әрекет –207). Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған 2023-2025 жыл­дарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің ал­дын алу және олардың құқық­тары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі ке­шенді жоспардың жобасында жазылған.

– 2023 жылдың 6 айында Атырау, Ақ­төбе, Ақ­мола, Алматы, Қарағанды, Қос­та­най, Маң­ғыстау, Түркістан облыстары, Ал­маты, Шымкент қа­лаларында суи­цид­тің өсуі байқалады. Түр­кі­стан облысында суи­цидтің жоғары деңгейі сақ­талып отыр (20 жағдай). Ал Атырау, Батыс Қа­зақ­стан, Қара­ғанды, Қызылорда, Маңғыстау, Сол­­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан об­лыс­тары, Астана, Алматы және Шымкент қа­ла­ларында суицид әрекеттерінің өсуі тір­келді. Өз-өзіне қол жұмсау әрекет­тері­нің ең көп саны Аста­на қаласында тір­кел­ді. Биыл бұл қалада кә­мелетке толмаған 47 бала өз-өзіне қол жұм­самақ болған, – деп жазылған кешенді жоспар жобасында.

Балалар мен жасөспірімдерді суицидке итер­мелейтін негізгі себептер физикалық және пси­хи­калық зорлық-зомбылық, ата-ана­лар тарапы­нан түсіністік пен қол­дау­дың болмауы және достарының нем­құрай­дылығы. Сонымен қатар соңғы жыл­дары компьютер мен интернетке тәуел­­ділік те басты фактор ретінде қарас­тыры­лып жүр.

– Жасөспірім кезеңінде бала бойында көп­теген өзгеріс болады. Соның бірі – қалыптасқан жүйеге қарсы шығу, өзінің Менін қалыптастыру. Ал ата-ана оны әлі бала болып, айтқанды істеп, сызып берген шеңберден шықпауын қалайды. Ішкі күйзеліс сыртқы кикілжіңдерге жиі алып келеді, болмаса бала мүлдем жабылып, оны ешкім түсінбейтініне, қалыптасқан жүйені өзгерте алмайтынына көз жеткізіп, шындықтан қашу жолдарын іздейді, – деді психология ғы­лымдарының канди­даты Гүлжан Вероцкая.

Оның пікірінше, мектепте буллингке тап бол­ған бала «қорқудың», «біреуден әл­сіз болу­дың», «ашуланудың» қалыпты жағ­дай екенін түсінуі керек. Ата-ана бала­ны әрдайым қорғап, қанатының астына алып жүре алмайды. Бірақ жасөспірім ішін­дегі сезімді ата-анамен бөлісуге бо­ла­ты­нын, бұл үшін олардың оған ұрыс­пай­ты­нын, кемсітіп, күлмейтінін түсінуі ке­рек. Соны­мен қатар мектептерде кәсіби пси­хологтер мен әлеуметтік қызметкерлер жұ­мыс істеуге тиіс. Олар оқушылардың эмо­ционалдық жағдайын бақылап, қиын­дықтары туралы хабардар болуға көмек­теседі. Балаларға суицид туралы дұрыс ақ­парат беру және психологиялық көмек көр­сету курстарын ұйымдастыру өте маңыз­ды. 

Ендеше жасөспірімдер арасындағы суи­цид тек бір отбасының мәселесі емес. Бү­кіл қоғам, ата-ана, мұғалімдер мен пси­хологтер, бұқаралық ақпарат құралдары балаларға өмірдің қанша­лықты қымбат екенін жұмыла түсіндіруі керек.

Кербез ЕСІМ