Бұл тарихи белесті бағындыруға «Жаңа индустрияландыру» жәрдемдеседі. Оның аясында ESG қағидаттарын ескеріп, кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Соның арқасында елде көптеген жаңа индустриялық-инновациялық жоба іске қосылады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елдің «жаңа өнеркәсіптік каркасын» қалыптастыруды жүктеді. Бұл мақсатқа жету Үкіметтің жұмысы инвестициялық ахуалды жақсартуға, озық технологияларды трансферттеуге, өндірістерді локализациялауға және инновациялы кластерлер құруға бағдарланды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, келесі 2026 жылы Қашағанда қуаты 1 миллиард м3 шикізат өңдейтін жаңа газ өңдеу зауытын, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тұңғыш атом электр стансасын салу, бейбіт атом саласын дамыту мәселелеріне мән беріледі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, осы кезеңде барлық дерлік секторға жасанды интеллектіні енгізуге екпін түсіріледі. Осы мақсатта дата-орталықтардың қуатын ауқымды кеңейту жүзеге асырылады. Ал бұл Қазақстанның өңірлік IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтады.
Мысалы, елімізде гипермасштабталатын деректерді өңдейтін ең ірі орталықтар (ГДӨО) құрылмақ. Оны салуға сингапурлық инвесторлар – GK Hyperscale Ltd компаниясы тартылды. Ақмола және Қарағанды облыстарында жалпы қуаты 200 МВт болатын 2 ГДӨО салу үшін 690 миллиард теңге инвестиция тартылады. Орталықтарды құру Қазақстанға Microsoft, Google, Amazon сияқты халықаралық технология алпауыттарын, сондай-ақ үлкен деректермен және машиналық оқытумен жұмыс істейтін компанияларды тартуға мүмкіндік береді.
Жобаның бірінші кезегі 2027 жылы, ал ГДӨО 2030 жылы толық іске қосылады деп жоспарланған. Цифрлық даму министрлігінің сендіруінше, жоба жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашады, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады, цифрлық экономиканы дамытудың драйверіне айналады, отандық IT-қызметтер экспортын едәуір арттырады.
Жаңа индустриялық-инновациялық даму аясында ғылыми жетістік, өнертабыстарды коммерцияландыру маңызды. Стартаптар бизнесін жеделдетудің AI-Sana бағдарламасы іске қосылады. Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдардың әзірлемелері негізінде экспортқа бағдарланған өндірістер жолға қойылғанын хабарлады. Мысалы, Satbayev University-дің Металлургия және кен байыту институты әзірлеген технология селеннің қосылған құнын 30%-дан 99%-ға арттырды. Балқаштағы «Қазақмыс Прогресс» кәсіпорнында алғаш СТ-1 маркалы техникалық селен вакуумдық дистилляция әдісімен өндірілді. Алғашқы 100 тонналық партия экспортқа жолданып, 1,3 миллиард теңге таза табыс әкелген. Бұл технология түсті металлургияның әлемдік стандарттарына сай өнім өндіруге мүмкіндік берді.
Бүгінде 264 ғылыми-техникалық бағдарлама, 2,3 мың ғылыми жоба және 208 коммерцияландыру жобасы қаржыландырылып жатыр. 6 жыл ішінде ғылымды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 6 есеге ұлғайып, 2025 жылы 252,5 млрд теңгені (шамамен 460 млн долларды) құрады. Ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 1%-ына дейін артады. Егер 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу мақсаты орындалса, онда ғылымға 4,5 миллиард доллар бағытталмақ. Ендеше индустриялық-инновациялық даму жарқын болашақ жолындағы жасампаз істерге серпін мен қуат берді.
Елдос СЕНБАЙ