«Нұрикамал» әнін көпшілік Жұбаныш Жексенұлының орындауында халық әні ретінде таныды. Ал оның композитор Тұрдықылыш Ізтаевтікі екенін, шығу тарихын білетіндер тым аз. Былтыр қалың көрермен назарына шынайы оқиға желісімен түсірілген «Нұрикамал» фильмі ұсынылды. Бірақ киноны тамашалаған көрерменнің пікірі екі арнаға айырылды. Осылайша, көгілдір экрандағы «Нұрикамалдың» түсіндіргісі келген сыры жүректерге жетпей қалды. Ал күні кеше Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Махаббатым сен...» драмасының премьерасын ұсынды. Бұл қойылым бір ғана «Нұрикамал» әнінің емес, өнердің мәңгілік екендігін дәлелдегендей. Себебі «Махаббатым сен...» – махаббат пен шығармашылықтың, өнер адамының жан күйзелісі мен тағдыр тартысының драмалық көрінісі. Ізденіс пен тұрмыстың, махаббат пен өкініштің, үміт пен сарыуайымның астасқан әлемінде көрермен өнердің құдіретін, оның адам жанын қалай өзгертіп, қандай биіктерге жетелейтінін, кейде қандай құрбандықты талап ететінін сезінеді.
Қойылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде режиссер Тұрдықылыштың шығармашылық тоқырауына баса мән береді. Бірі – композитор, бірі – ақын екі жастың қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқанын, шаңырақ көтерген алғашқы жылдардағы бақытты сәттерін сәтті алып шыққан. Басында жекеменшік баспанасы, астында соңғы үлгідегі көлігі болмаса да олар бақытты еді. Композитор мен ақын бір бүтін болатын. Бірақ алғашқы баласының шетінеуі, айналасындағылардың алып-қашпа көп әңгімесі, Тұрдықылыштың Одақтан, жұмысынан шығып қалуы бақытты сәттерді ұзаққа созбады. Әркімнің өз шындығы бар. Ханбибі «Бір мұрагер сыйламағаным үшін Қылыш іштей ренжулі» деп қапаланса, композитор: «Мен сендер қалағандай еркек бола алмайды екенмін» деп іштей тынады. Осылайша, екі жүрек екі жағада қалып қояды. Көрермен ретінде ешкімді кінәлай алмайсың. Себебі Қылыш тарихта қалатын бір ән жазғысы келеді. Бірақ достарының: «Сен Шәмші де, Нұрғиса да бола алмайсың. Сен Бибішке арқасүйер азамат болып та жарытпадың», – деп шымбайына батуы, композиторды тұңғиыққа батырып жіберді. Спектакльде Тұрдықылыштың рөлін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов сәтті сомдайды. Ол композитордың психологиялық күйін де, ішкі толғанысы мен көзқарасын да жоғары деңгейде алып шығып, көрерменді сендіре алды.
– Жалпы, спектакльге 2 айдай дайындалдық. Еңбегіміздің нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Спектакль – тірі организм. Әлі де толыға түседі. Уақыт өте келе жетпеген тұстары шыңдалады. Көрермен байқамайтын, бірақ біз білетін толықтыратын тұстары бар. Тұрдықылыш ағамыздың өмірі нақты қойылымда біз көрсеткендей деп айта алмаймыз. Өйткені драматургиялық желіні күшейту үшін кейбір сахналар ойдан шығарылды. Ал кейбірі шынайы өмірден алынды, – дейді Жанат Оспанов.
Оның айтуынша, спектакльді композитор Тұрдықылыштың немесе Ханбибі, Нұрикамал апаларымыздың өмірі жайлы деп айту қиын. Шығармашылық топтың халыққа жеткізгісі келгені – өнер адамдарының тағдыры. Бір туынды үшін шығармашылық адамдарының қандай құрбандыққа баратыны баяндалды.
– Қазір бір-екі киноға түсіп, өзін актер санайтын немесе бір ән шығарып жұлдыз болып кететіндер көп. Біз шын мәнінде ұлы ән тудырудың қаншалықты қиын екенін көрсеткіміз келді. Бұл спектакль сонысымен ерекше. Ал «Нұрикамал» әні, оның шығу тарихы тек қозғаушы күш ретінде алынды. Біз спектакльдің астарында ұлы өнердің тууына үңілдік.
Өнер адамының ішкі депрессиясымен жиі кездесеміз. Шығармашылық тоқырау актерлерге де таныс. Бірақ мен Тұрдықылыштың рөліне дайындықсыз келген жоқпын. Әр өнер иесінің өзіне ғана тән трагедиясы бар, – дейді актер.
Ал ақын Ханбибі Есенқарақызының рөлін екі құрамда Айнұр Жетпісбаева, Инабат Әбенова ойнайды. Айнұрды басты рөлде жаңа қырынан танысақ, бұған дейін тек талдырмаш, нәзік қыздың рөлін сомдайтын Инабатты ана атанған соң жан дүниесінің де өзгеріп, толыға түскенін байқадық. Ең қызығы, режиссер басында Инабат Әбеноваға Нұрикамалдың рөлін бергісі келіпті.
– Мен «Нұрикамал» шығармасымен ауырған жоқпын. Біз «Кешкі 7», «Кешкен күй» атты цензурасыз концерттер беріп жүрміз. Сол жерде мені мазалайтыны – замандастарымыздың өнерге деген көзқарасы. 1-2 видео түсіріп, кәсіби актерлермен бір жобаға түсіп жүретіндер мені осы саланың маманы ретінде алаңдатады. Солармен күрескім келеді. Ішімдегі ойды жеткізу үшін шиеленісі бар, көрермен тартатын әдемі шығарма керек болды. Ханбибі апамызбен де кездестім. Басты рөлдегі Тұрдықылыш өмірінің соңында қайғылы жағдайда қайтыс болған. Ал Нұрикамал тұрмыс құрмай, жар бақытын, аналық сезімді білмей жалғыз өткен. Үш тағдырдың бір әннің жолында бақытсыз болуына мен өнерді кінәладым. Кішкентай кезімізде бақытты сәтпен ассоциация болатын «Нұрикамал» әнінің артында осындай тағдырлардың жатқаны маған «тылсым күш» болып көрінді, – дейді режиссер Бәзіл Сұлтанғазы.
Спектакльдің екінші кезеңі «Нұрикамал» әнінің шығуына ұласады. Бұл ән де, оқиға да, спектакль де қоғамға көп әйел алуды әсте насихаттамайды. Ал осы пікірді ұстанған көрермендер қатты қателеседі. Себебі Тұрдықылыш пен Нұрикамалдың арасындағы махаббат жалғыздықтан туған. Тұрдықылыш айналасынан қолдау таппаған. Ал Нұрикамал – сүйгенінен ерте көз жазып қалған, сертіне адал, сұлулықтың эталоны. Композитор Нұрикамалдың тектілігіне, тартымдылығына тамсанады. Жайлаудағы бір сәттік сезім ұшқыны ұлы әннің дүниеге келуіне әсер етеді. Ал Бибіштің осы әнге сөз жазуы, оның жай ғана әйел емес, нағыз ақын екендігін дәлелдеді.
Ендеше спектакль бір тағдырға арналмаған. Бұл жерде үш тағдыр да көрерменді елең еткізбей қоймайды. Режиссерлік шешім, сахнадағы декорация, оқиғалардың шиеленісі бәрі-бәрі үйлесім тапқан. Әсіресе, Қылыштың дирижер ретіндегі сахнасында әр аспаптың мінез-құлқын хореограф би ретінде сәтті ұсынған. Ал Нұрикамал әнінің туған сәтіндегі декорация мен жарық, шығармашылық адамының барлығына таныс күйді жеткізгендей болды. Айта кету керек, қойылым авторы – драматург Жәнібек Әлікен. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов. Композитор – Сұлтан Тұрсынбеков. Редактор – Мирас Әбіл. Хореограф – Карина Жиренбаева.
Көктем ҚАРҚЫН