Алайда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне кері әсер ететін факторлар аз емес. Демек, ауыл шаруашылығына бас-көз болатын министрліктің мойнына артылар жүк те жеңіл болмайды. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты сөзге тартып, саладағы жетістіктер мен күрмеуі шешілмеген мәселелер, жоспарлар жайлы сұхбаттастық.
– Айдарбек Сейпілұлы, былтыр Қазақстан соңғы 13 жылда алғаш рет дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардан бұрын-соңды болмаған мол өнім жинады. Бұл көрсеткішке шаруаларды мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде қол жеткіздік пе әлде ауа райының біршама қолайлы болуы сияқты өзге факторлар әсер етті ме?
– Әрине, өткен маусым Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін маңызды болды. Біз рекордтық өнім жинадық. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өңделгеннен кейін салмағы 25,2 млн тонна астық бастырылды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,1 млн тоннаға немесе 47%-ға көп. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, экспортқа жаңа мүмкіндіктер ашты.
Осы тұста өнімді ұлғайту деген жоғары көрсеткіш алу үшін жарысу емес, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ұмтылыс екенін атап өткім келеді. Яғни, бізде 2024 жылы егіс алаңдары ұлғайған жоқ, егіннің мол болуы өнімділіктің артқанынан болды.
Қазақстанда 3,2 млн тонна майлы дақылдар, 3,9 млн тонна көкөніс, 2,9 млн тонна картоп, 563 мың тонна күріш жиналды. Қант қызылшасынан бұрын-соңды болмаған өнім алынды: гектарынан 507,3 центнер өнімділікпен 1,3 миллион тонна жиналды. Қызылша мен майлы дақылдар бойынша алынған өнім өңдеу кәсіпорындарының қуатын толық іске қосуға мүмкіндік береді. Қант зауыттарында қант өңдеуге кезек пайда болды, өнімнің бір бөлігін Қырғызстанда өңдеуге тура келді. Бірақ бұл жағдай өңдеушілерге ой салуы керек деген пікірдеміз. Яғни, фермерлердің жоғары өнім ала алатындығына олардың көзі жетті деп ойлаймын. Бұл жаңа қант зауытын салуға қызығушылықты арттырды.
Қазақстандық май жетекші экспорттық өнімдердің біріне айналды, ал фермер өнім жоғары және пайда болмаса май өндіре қоюы неғайбыл. Қысқасы, былтырғы нәтижеге фермерлердің қажырлы еңбегінің арқасында, қолайлы ауа райы және айтарлықтай мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік.
– Сонда қандай мемлекеттік қолдау болды? Нақтыласаңыз.
– Былтыр қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселесін шешуде бір қадам алға жылжыдық. Қолжетімді айналым қаражаты неге соншалықты маңызды? Кез келген бизнесте рентабельділікпен жұмыс істеу өте өзекті болып есептеледі. Ал рентабельділікке қол жеткізудің бір жолы – өзіндік құнның төмендеуі. Ауыл шаруашылығындағы өзіндік құн неден тұрады? Соны тарқатып көрейік. Өсімдік шаруашылығында 1 гектарға келетін шығындарға тұқым, тыңайтқыштар, химия, техника, дизель отыны және қызметкерлердің жалақысы кіреді. Егер сіз барлық компоненттерді алдын ала сатып алсаңыз, онда баға бөлек болады, ал егер сіз оны егін егу немесе ору маусымында, тіпті несиеге алсаңыз, онда баға өседі, көбінесе 30-40% және одан да көп пайызға қымбаттайды. Ақшаның да өзіндік құны бар: банктер фермерлерді құшақ жая қарсы алмайды (әдетте, кепілдер, тәуекелдер мәселесіне байланысты), сондықтан шаруалар кез келген жерден 30-40%-бен несие ала береді! Мұның бәрі өсімдік шаруашылығы өнімдерін қымбаттатады. Ал мал шаруашылығы үшін негізгі шығын – жем, яғни біз қайтадан өсімдік шаруашылығына ораламыз. Өйткені малдың жемі – өсімдік шаруашылығының өнімі.
Сондықтан Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жеңілдетілген несиелерге аса мұқтаж болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Алдыңғы жылдары, өздеріңіз білетіндей, бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Ең бастысы, несие 5%-бен, пайыздық мөлшерлемеге субсидия күтпестен беріледі, қарыз алу үшін сансыз қағаз жинаудың қажеті жоқ.
– Ал кепіл мәселесі не болды? Жеңілдеді ме? Жаңа сөз арасында Сіз банктер несие беру үшін шаруалардан кепіл талап ететінін тұспалдадыңыз ғой.
– 2024 жылы «Даму» КДҚ қарыздарына кепілдік беру тетігі енгізілді, ол қарыз сомасының 85%-ын жабады. Бұл шара көптеген кәсіпорындарға кепілзаттың жеткіліксіздігі мәселесін шешуге көмектесті.
Үкімет үшін несие беру арналары түріндегі «тар мойынды» жою да маңызды. Енді шаруалар ӘКК арқылы, «Аграрлық несие корпорациясы» (АНК) облыстық филиалдары арқылы несие ала алады, бұл оларға таңдау береді.
Қабылданған шаралардың әсерін бірінші кезекте шағын және орта бизнес сезінді: қарыз алушылардың 90%-ы шағын бизнеске, 9%-ы орта бизнеске жатады. Жеңілдетілген несиелеуге бөлінген қаражаттың 89%-ын шағын және орта шаруа қожалықтары алды. Сондай-ақ өнімнің өзіндік құнын төмендетуге оралайық. Субсидиялаудың жаңа ережелері бойынша фермерлер үшін қазақстандық тыңайтқыштардың құны оның 40%-ын құрайды. Бұл отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау механизмінің арқасында мүмкін болады: зауыт субсидия алады, ал фермерлерге арзандатылған өнім береді. Нәтижесінде, 2024 жылы енгізілген тыңайтқыштардың көлемі 2 есеге артып, 1,2 млн тоннаға жетті. Сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру үшін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы, яғни техникалық жаңарту жұмыстары маңызды. 2024 жылы шаруалар 22 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, бұл техника паркін 5,5% деңгейде жаңартуға әкелді.
Биыл бұл мақсаттарға 200 млрд теңгеге дейін, ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарлама бюджетін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
– Бұл өнімділікке қалай әсер етті?
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша, өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 21,1%-ға ұлғайды. Бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13,7%-ға өсуіне ықпал етіп, 8,3 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш экономиканың барлық салалары арасында нақты көлем индексінің ең үлкен өсуі болып табылады.
Жоғары нәтижелердің арқасында өсімдік шаруашылығында бір жарым жылдық шөп қоры дайындалды, қалған азық үшін қажетті қажеттіліктің 111%-ы. Бұл мал шаруашылығы саласының дамуына оң әсер ететініне сенімдімін.
– Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл бағытта не істелді?
– 2024 жылғы 1 қарашадан бастап еліміздің барлық өңірлерінде «АНК» АҚ «Кең Дала-2» жеңілдетілген бағдарламасы шеңберінде 2025 жылғы егіс компаниясын ерте қаржыландыру үшін өтінімдерді қабылдауды бастады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге несие беру 2024 жылғы 29 қарашадан басталды. Жалпы, ерте қаржыландыруды ескере отырып, бүгінгі күні 210,4 млрд теңге сомаға 1843 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне (АШТӨ) несие берілді, бұл 3,4 млн га алқапты жеңілдетілген қаржымен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін жеткізіледі. Бұл фермерлерді жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыруды едәуір арттырады.
Ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі жөніндегі бағдарлама жалғасады, оның шеңберінде ең сұранысқа ие ауыл шаруашылығы машиналары мен агрегаттары фермерлерге жылдық 5%-бен қолжетімді болады. Биыл осы мақсаттарға кемінде 200 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр, бұл 5,4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді.
– Қаржыландырудан бөлек, министрліктің жедел шешуге тиіс мәселелері мен міндеттері қандай? 2025 жылы қандай қадамдар жасалуы керек?
– Әрине, бізде көптеген міндеттер бар – азық-түлік қауіпсіздігі, импортты алмастыру және экологиялық міндеттер. Сіз АӨК – бұл жеке сектордың үлесі өте жоғары сала екенін түсінуіңіз керек, яғни барлық фермерлер мен өңдеуші кәсіпорындар жекеменшік. Мемлекет ештеңе екпейді, ештеңе жинамайды, мал немесе құс өсірмейді (ғылыми-өндірістік мақсаттарды қоспағанда). Әрбір шаруа немесе фермер – кәсіпкер, яғни өз еңбегінен табыс табуға тиіс. Табыс неғұрлым тұрақты және жоғары болса, сала инвестициялауға соғұрлым тартымды болады. Табысты кәсіпкер лайықты жалақы бере алады, ауылда өмір сүруге жағдай жасай алады, инновациялар енгізе алады, топыраққа қамқорлық жасай алады. Сондықтан біз үшін салалық министрлік ретінде фермерлердің табысты жұмыс істеуі үшін жағдай жасау маңызды.
Бұл жұмыста біз үшін тауар өндірушілерді өнімді өткізу нарықтарына шығару маңызды. Бұл – бірінші кезекте ветеринария, фитосанитария мәселелерін қамтитын кешенді мәселе. Былтыр біз сыртқы нарықтарға, соның ішінде Түркияға, Қытайға, Ресейге өнім шығаруға байланысты олар тарапынан қойылған бірқатар шектеулерді алып тастауда белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінгі таңда шетелдердің тізіміне 5 960 қазақстандық экспорттаушы кәсіпорын, оның ішінде мал шаруашылығы өнімі бойынша – 3 523 кәсіпорын, өсімдік шаруашылығы өнімі бойынша ҚХР тізіміне 2 437 кәсіпорын енгізілген. Биыл жұмыс жалғасып, күшейтілуге тиіс.
Сонымен қатар дәстүрлі емес, шалғай, бірақ өте перспективалы нарықтарға қол жеткізу үшін тауарларымыздың логистикасын арзандату бойынша біршама қадам жасалды. Өткен жылы біз қазақстандық бизнестің әлеуетті серіктестерінің қатысуымен бірқатар B2B кездесулер өткіздік. Биыл АӨК өнімдерін өндірушілерді мүдделі сатып алушылармен және серіктестермен тікелей байланыстыра отырып, осы тәжірибені жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Бірақ тағы да, біздің тауарларымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін өндіріс құнын төмендетуге қамқорлық жасау керек, яғни өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін жұмыс істеу керек.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, АӨК өнімінің экспорты 5,1 млрд АҚШ долларын құрады, АӨК өнімі экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 52%-ды құрады. Қазақстаннан экспортталатын АӨК негізгі өнімдері – бидай, арпа, күнбағыс және зығыр тұқымдары, ұн, күнбағыс майы, картоп, минералды және газдалған су, мақта талшығы болып табылады.
Экспорт географиясы әлемнің 70-тен астам елін қамтиды. Біздің негізгі дәстүрлі нарықтарымыз – Орта Азия, ЕАЭО, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, ЕО елдері.
Қазақстан жыл сайын шамамен 7-10 млн тонна астық экспорттайды, бұл ретте 2024 жылғы жоғары өнімділікке байланысты жаңа егіннің экспорттық әлеуеті 12 млн тоннадан астам астықты құрайды.
Бұл ретте ҚТЖ деректері бойынша, жаңа егіннің астығын тасымалдау көлемі (24/25 жылғы қыркүйек-ақпан) 5,8 млн тоннаны құрады немесе 23/24 жылғы ұқсас кезеңнен (3,8 млн тонна) 53%-ға көп.
– Сіз инвестициялық тартымдылық туралы айттыңыз. Мемлекет басшысы инвестиция тартуға көп көңіл бөледі. АӨК-те қандай қадамдар жасалуда? Инвестициялау үшін қандай секторлар перспективалы болып есептеледі?
– Шынында да, бұл біз үшін өте маңызды мәселе. 2024 жылы АӨК негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1,1 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы деңгейден 104%-ға жоғары.
Саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Қазақстанда инвестициялық субсидиялар, арзандатылған несиелер және салықтық преференциялар сияқты мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС төлеу бойынша жеңілдік көзделген.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыруда, Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату жалғасуда. Жобаларға несие беруге 2024 жылы 100 млрд теңге бөлінді. Қаражат 65 тауарлық сүт фермасын қаржыландыруға арналған, бұл жылына қосымша 372 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. 2025 жылы несиелік бағдарламаға 200 млрд теңге бағытталады.
Ет, сүт және астықты тереңдете өңдеу және өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту, тері мен жүнді және мақтаны өңдеу басымдыққа ие.
Биыл Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2025-2027 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасын әзірледі, оның шеңберінде 2,4 трлн теңгеге 632 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, 264 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Инвестициялардың ең көп саны қайта өңдеу, құс және жылыжай жобаларына тиесілі.
Шетелдік инвесторлар да үлкен қызығушылық танытуда. Coca-Cola ірі трансұлттық компаниясы үшінші зауытты іске қосты. Оның қуаттылығы – жылына 283 миллион литр өнім. PepsiCo және Carlsberg шамамен 500 миллион АҚШ долларын инвестициялауға ниетті. Бұл мысалдардың бір бөлігі ғана.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Амангелді ҚҰРМЕТ