Әсіресе, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі үлкен проблемаға айналған. 2024 жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 26%-ды құрады, бұл жоспарланған 30%-дан төмен. Кейбір өңірлерде, соның ішінде Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында бұл көрсеткіш өте төмен.
Қайта өңдеу ісінің баяу жүруіне экономикалық ынталандырудың әлсіздігі әсер етіп отыр. Тұрмыстық қалдықтарды басқаруға жауапты кәсіпорындардың тарифтері нақты шығындарды өтемейді. Бұл өз кезегінде салаға инвестиция тартуды қиындатуда. Қазір Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесін реформалау қажеттігі айқын көрініп отыр. Бұл үшін экономикалық ынталандыруды күшейтіп, тариф саясатын қайта қарау керек. Осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті енгізудің басты артықшылығы – жеке инвестицияларды тарту арқылы қалдықтарды басқару саласына заманауи технологияларды енгізу. Жеке кәсіпорындар жаңа қондырғылар мен өңдеу әдістерін пайдалану арқылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттырып, экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау арқылы жекеменшік кәсіпорындарға ұзақмерзімді кепілдіктер беріліп, қаржылық тұрақтылық сақталады.
Сондықтан елімізде пластик, шыны және металл қалдықтарын өңдейтін зауыттарды дамыту қажет, себебі кейбір өңірлерде мұндай кәсіпорындар мүлдем жоқ. Сондай-ақ Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея тәжірибесін ескере отырып, жаңа технологияларды енгізу маңызды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейтіп, Үкімет жеке секторды осы салаға тартуға барынша жағдай жасауға тиіс. Қалдықтарды өңдеу тек экологиялық емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Егер бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлінбесе, елдегі полигондар толып, экологиялық жағдай одан әрі нашарлай беретіні сөзсіз. Жақында өткен Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осы мәселеге тоқталған болатын.
– 2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданғаннан бері тұрмыстық қатты қалдықтарға (ТҚҚ) арналған тарифтер қайта қаралып, бекітілуі тиіс еді. Бүгінде еліміздегі 211 аудан мен қала ішінде 155-інде ғана тарифтер жаңартылды. Алайда қолданыстағы тарифтер арнайы кәсіпорындардың нақты шығындарын өтемейді, – деді министр.
Бұл мәселені шешу үшін министрлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) механизмін енгізуді ұсынды. Оның аясында ТҚҚ үшін шекті экономикалық негізделген тарифті бекіту және оны анықтау құзыретін әкімдіктер деңгейінде белгілеу жоспарлануда. Сонымен қатар ағымдағы тариф пен жаңа ұсынылған тариф арасындағы айырмашылықты утилизациялық төлемдер есебінен жабу көзделіп отыр.
ТҚҚ тарифтерін кемінде әр үш жыл сайын қайта қарастыру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланған. Сондай-ақ былтырғы жылдан бастап EcoQolday бағдарламасы қайта жанданды. 2025 жылға осы мақсатта 9,2 миллиард теңге бөлінбек.
Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл төлемдер қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді ынталандыруға бағытталған. Мысалы, жинап, қайта өңделген әр тонна полимерлік қалдық үшін 2024 жылы 71 мың теңгеден астам төлем қарастырылған.
Сонымен қатар ірі қалаларда қоқыс өңдейтін зауыттар салу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында утилизациялық алым есебінен жеңілдетілген қаржыландыру механизмі бекітілді. Ол жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жылға дейінгі мерзімге, екі жылға дейінгі жеңілдікті кезеңі бар несиелерді қамтиды. Бүгінде әкімдіктер ұсынған 317 миллиард теңге сомасындағы 67 жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан мақұлданды.
МЖӘ дұрыс жүзеге асырылса, Қазақстанда қалдықтарды басқару саласы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл қоршаған ортаға түсетін зиянды азайтып қана қоймай, экономикалық тұрғыдан да пайдалы болмақ. Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірістік сектор дамиды, ал экологиялық жағдай жақсарады.
Ә.МҰХАНБЕТ