Ол – темекіге тәуелділік. Бұл осы күнгі ғана емес, келешек ұрпағымыз үшін де қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне жүгінсек, әлем халқының 18 пайызы, яғни шамамен бір миллиард адам шылым шегуге әуес. Соның салдарынан жыл сайын бес жарым миллионға жуық адам темекіге байланысты аурулардан көз жұмады екен.
ДДСҰ мамандары жаһандағы барлық мемлекетте темекіні заң жүзінде жарнамалауға қатаң тыйым салуға ұсыныс білдіруде. Халықаралық ұйым өкілдері жасаған зерттеулері балалар темекі тартуды неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым никотиннен бас тарту қиынға түсетінін дәлелдеген. ДДСҰ мамандары дүниежүзі адамдарының небәрі 5 пайызы ғана шылымды әспеттейтін жарнамалық дүниелерден аулақ екенін айтады. Ал қалған 95 пайыз бөлігі шылым өнімдерін үгіттейтін жарнамаларды күндіз-түні көреді екен. Егер нақты шара қолданбай, осы сарынмен жалғаса берсе, ғасыр соңына дейін 1 миллиард пенденің ажалы темекіден болатыны анық. Пайдасын темекі өнімдерінен көріп жүрген өндіріс орындары нарық аясын кеңейтуге, демек азаматтарымыздың жаппай темекі тартуына мүдделі. ДДСҰ мамандарының айтуынша, темекі өнімінің жарнамалары толық тоқтатылса, темекі тартатындар саны 16 пайыға төмендейтінін анықтаған.
Мемлекет басшысы 19 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. 2024 жылдың 20 маусымынан бастап темекі шегуге болмайтын, темекі өнімдерін, вейптерді, хошиістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға және таратуға сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу күшіне енді.
Сондай-ақ Президент былтыр 15 наурызда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Қазақстанға вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салу туралы айтқан еді. Оның айтуынша, вейпинг балалар мен жастардың денсаулығына, демек ұлтымыздың болашағына үлкен зиян келтіреді деген болатын.
Қазір барша ғалам жұртшылығы осы әлеуметтік қауіпті әдетке қарсы күресуде. Әлемдік тәжірибеге сай бұл індетке қарсы күрес алдын алу мен экономикалық шараларды қолдану тәсілдері арқылы жүзеге асады. Алдын алу әдістерінің бірі – темекінің қорабына өнімнің зиянды екені жазылатын ескертулер. Аустралияда темекі қорабтарында өндірушінің фирмалық логотипі көрсетілмеген, керісінше темекі тартушылар арасында таралатын аурулардың зардабы туралы жағымсыз суреттер берілген. Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Жаңа Зеландия мен Норвегия сияқты елдер де нарыққа осындай өнімді енгізуді көздеп отыр. Еуропа елдері 2026 жылға дейін Еуроодақ темекіні саудадан мүлдем алып тастауды нысанаға алып отыр. Ресейде мектеп пен колледждерде темекі тартқан мұғалімдерге қомақты айыппұл салынады екен. Батыстың көптеген елінде қоғамдық орындарда шылым шегуге заң жүзінде тыйым берілген. Францияда осындай заң күшіне енгеннен кейін кафе мен мейрамханалардың табысы 10-15 пайызға кеміп, жүрек, қан тамырлары ауруынан өмірмен қош айтысатындар саны 15 пайызға азайыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, әлемдегі 2 миллиард жасөспірім темекінің түтінімен уланған. Ал Қазақстан халқының 5 миллионы шылым шегеді. 600 мыңнан астамы қыз-келіншектер болса, 140 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жеткіншектер. Қазақстандықтардың басым бөлігі жиырмаға толмай жатып, темекінің дәмін татады екен. Өкініштісі, елімізде жылына – 25 мың, күніне 70 адам шылымның кесірінен туындаған дерттерден көз жұмады екен.
Сондықтан шылымсыз қоғам құру денсаулықты қорғау мен өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін бірнеше тиімді жолды қарастыру қажет. Темекінің зиянын түсіндіру және оның салдары туралы халықты ақпараттандыру – шылымсыз қоғам құрудың алғашқы қадамдарының бірі. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында темекі шегудің зияны туралы дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізу керек. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде темекі шегудің денсаулыққа кері әсерлері туралы ақпараттық науқандар ұйымдастыру тиімді.
Темекіге тәуелділікті жеңу үшін шылым шегуді тоқтатқысы келетіндерге медициналық және психологиялық көмек көрсету қажет. Арнайы орталықтар ашып, оларды темекіні тастауға арналған бағдарламалармен қамтамасыз ету шылымсыз қоғамға жақындататын маңызды қадамдардың бірі болмақ. Шылым шегумен күресте бүкіл қоғамның қатысуы маңызды. Қоғамда темекі шегудің зияндылығын түсіндіретін құндылықтар мен ережелер қалыптасуы тиіс. Жергілікті билік органдары, жұмыс берушілер, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс істеп, шылымсыз қоғамды қолдайтын іс-шаралар ұйымдастыруы керек.
Темекіге қарсы шаралардың арқасында соңғы жылдары Қазақстанда темекі шегушілер санының біртіндеп төмендегені байқалады. Дегенмен бұл мәселе әлі де өзекті болып қалуда. Алдағы жылдары темекіге қарсы күресті күшейту және жаңа технологияларды пайдалану арқылы профилактикалық жұмыстарды жақсарту жоспарланып отыр. Қазақстанның темекіге қарсы күресі – денсаулық сақтау саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстар халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.
Әсет ҚАЛИ