Республикалық деңгейде отандық өндірушілерді қолдау, жұмыс орындарын сақтау және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жобалар жеткілікті. Соның ішінде ішкі сауда инфрақұрылымына жүйелі жаңғырту жүргізілуде. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, мемлекет алдында заманауи көпформатты сауда үлесін 2029 жылға дейін 70%-ға жеткізуді көздейтін стратегиялық мақсат тұр. Былтыр 16 сауда орнында жаңғырту аяқталған. Биыл шамамен 100 нарықты толық жаңғырту міндеті тұр.
Сауда инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Министрдің сөзіне сүйенсек, осы мақсатты жүзеге асыру үшін биыл 5,27 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар енді супермаркеттердегі сөрелердің кемінде 50%-ын қазақстандық азық-түлік өнімдері, ал кемінде 20%-ын азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрауы тиіс.
«Тұтынушыларды алдаудың алдын алу үшін тауарлардың сапасына және орналасуына қойылатын талаптарды күшейттік. Тауарларды орналастырғанда олардың сәйкестігіне назар аудару қажет. Мысалы, сүт өнімдері сүтті сусындармен қатар тұрмауы керек, ал май спредпен бірге орналаспауы тиіс», – деп түсіндірді министр.
Ішкі нарықты қорғау – отандық кәсіпорындардың дамуына жағдай жасау арқылы экономиканы тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Тәуелсіз сарапшы, экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, ол үшін бірінші кезекте өндірісті ынталандырып, технологияны дамыту керек. Отандық кәсіпорындарға субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер берілгені абзал.
– Ғылыми зерттеулер мен инновацияға қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар шикізаттық тәуелділікті азайтып, өнеркәсіпті әртараптандыруды қолға алуымыз керек. Қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру да негізгі талаптың бірі. Әсіресе, жеңілдетілген несиелерге деген қолжетімділікті арттыру керек. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту, оның ішінде бюрократиялық кедергілерді жою да маңызды рөлге ие. Жергілікті өндірісті ынталандырудың тағы бір жолы – мемлекеттік сатып алулар кезінде отандық өндіріске басымдық беру. Инфрақұрылымды дамыту, яғни жеткізу қызметін жетілдіру жұмыстары жүргізілгені жөн. Энергетикалық, цифрлық инфрақұрылымды дамыту да аса өзекті мәселе. Одан кейінгі фактор бұл – валюталық және қаржылық тұрақтылықты сақтау. Себебі ұлттық валютаның күрт әлсіреуі инфляцияны жоғарылатады. Сондықтан оны таргеттеу мен инвестициялық ахуалды жақсарту секілді факторлар да отандық нарықты қорғауға қажетті негізгі факторлар, – дейді сарапшы.
Мысалы, осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде былтыр шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты 10,7%-ға өсіп, 40,2 млрд долларды құрады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 1,4%-ды құрады, бұл – соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Қазір елдің ЖІӨ-дегі сауданың үлесі 19,1%-ды құрайды, бұл салада 1,6 млн адам еңбек етіп, несібесін тауып отыр.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру және жергілікті кәсіпорындарға инвестиция тарту маңызды. Егер мемлекет бұл бағытта белсенді саясат жүргізсе, Қазақстанның ішкі нарығы нығайып, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстанда сауда көлемі 9,1%-ға өсті (ИФО). Сауда саласына 884,6 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға көп. Ішкі тауар айналымы да тұрақты өсім көрсетіп отыр.
Арман Шаққалиев: «2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,1%-ға өсіп, 69,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде көтерме сауда – 47,2 трлн теңге, бөлшек сауда – 22,4 трлн теңге. Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,6 млрд долларға артты. Сауда балансы 16%-ға немесе 3,1 млрд долларға өсіп, 21,8 млрд долларды құрады», – деп нақтылаған болатын.
Мемлекет ішкі нарықты қорғау үшін тарифтік және тарифтік емес реттеу тетіктерін қолдануы керек. Импорттық тауарларға шектеу қою, отандық өндірушілерге субсидиялар мен жеңілдіктер беру, техникалық стандарттарды күшейту – бұл Қазақстанның ұлттық экономикасын қолдаудың негізгі құралдары. Дегенмен экономист Бауыржан Ысқақов импортты толық шектеуден аулақ болуымыз керек деген пікірде.
– Егер ішкі нарық толық қорғалып, бәсекелестік шектелсе, отандық өндірушілердің тиімділігі төмендеп, өнім сапасы нашарлауы мүмкін. Сол үшін де импорттың да өзіндік пайда келтіретін тұстарын жоққа шығара алмаймыз. Екіншіден, біздегі агроөнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика секілді стратегиялық салаларды қолдауды күшейту қажет. Ішкі нарықты қолдау үшін экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейткен абзал. Экспортқа шикізат емес, дайын өнімдерді шығару мәселесі әлі де өзекті екені жасырын емес. Еркін сауда келісімдерінің тиімділігі де осы жерде өз пайдасын тигізеді. Өйткені сол арқылы отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығу мүмкіндіктері кеңейеді, – дейді ол.
Ал сауда және интеграция министрінің айтуынша, республика бойынша ішкі нарықты қорғау және отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін тарифтік және тарифтік емес реттеу, сондай-ақ қорғау шаралары қабылданған. «Еуразиялық экономикалық комиссия импорттық кедендік баж мөлшерлемелерін белгілеу және өзгерту бойынша 24 шешім қабылдады», – деп түсіндіреді министр. Отандық өндірушілерді қорғау және ішкі нарықты тауарлармен толықтыру мақсатында 2024 жылы жекелеген тауарларды әкелуге және әкетуге шамамен 20 тыйым мен шектеу енгізілді. Қытай, Украина және Үндістаннан әкелінетін өнеркәсіптік тауарларға қатысты алты демпингке қарсы шара ұзартылды.
«Қазақстандық тауарлардың шыққан тегін растау үшін жаңа механизм – қазақстандық тауарлар тізілімі енгізілуде. Бұл мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алатын өндірушілердің бірыңғай пулын құруға мүмкіндік береді. Тиісті заң жобасы мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды», – деп мәлімдеді МТИ басшысы.
Дегенмен осы мақсатта кедендік тарифтер және импорттық шектеулер қою, антидепмингтік саясат ұстану дұрыс па? Бұл сауалымызға экономист ең бастысы «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып өтетін жолды таңдап, баланс сақтау маңызды екенін айтып берді.
– Оның өзіндік артықшылықтары бар екені рас. Өйткені бұл құралдар отандық тауарларды қорғауға көмектеседі, жергілікті өндірісті ынталандырып, төлем балансын арттырады. Сонымен қатар кемшін тұстары да бар. Мысалы, импорттық тауарлар қымбаттап, кейбір шетелдік серіктестер бізге санкциялар жариялауы мүмкін. Үшіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, оның өнім сапасына кері әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал антидемпингтік саясатқа келер болсақ, оны да орнымен қолданатын кездер болады. Мысалы, нарықты шетелдік тауарлар арзан өніммен толтырып, отандық өндірушілерге зиян келтірсе, демпингке қарсы баждардың енгізілуі тиімді. Бірақ оның кері әсері де жоқ емес. Мәселен, бұл саясат шектен тыс объективті болмауы керек. Өйткені мұндай жағдайда шетелдік инвесторлардың елден кету қаупі жоғарылай түспек. Сондықтан ең тиімді жол – бұл аралас тәсілді қолдану. Қазақстан ішкі нарығын толық жауып тастамай, «ақылды протекционизмдік саясат» ұстанғаны абзал. Бұл дегеніміз – стратегиялық секторларды отандық бизнесті қолдауға, инновация мен сапаны дамыту үшін белгілі бір деңгейде ашықтықты сақтауға мүмкіндік береді, – дейді экономист.
Қазақстанда ішкі нарықты қорғауға кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Біріншіден, отандық өндірістің дамуы үшін қажетті инфрақұрылым мен технологиялық база толық жетілдірілмеген. Екіншіден, кейбір салаларда импорттық тауарларға жоғары тәуелділік сақталып отыр. Үшіншіден, теңгенің құбылмалылығы мен рубльге байланыстылығы елдің сауда балансына қысым түсіруде. Бұл мәселелерді шешу үшін жүйелі мемлекеттік саясат қажет.
Кәмила ДҮЙСЕН