Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі орын алған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы табиғи апат салдарын жою бойынша жедел штаб отырысын өткізді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Басқосуға азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың басшылық өкілдері қатысты.
Жалпы Меркі және Т.Рысқұлов ауданында 14 әлеуметтік нысан ішінара зардап шеккен. Оның ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар. Қосымша бүлінген нысандарды анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Аудандарда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеуде.
– Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Президент әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді жүктеді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы облысқа жіберілді. Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп нысандарының жай-күйі, жол қатынастары тұрақты бақылауда болуы қажет. Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев шығын көлемін анықтау үшін кешенді шаралар қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін барынша назарға алуды тапсырды.
Сонымен бірге аудан әкімдеріне ауылдық елді мекендердегі нысандарды толық аралап, ахуалды көзбен көруді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажеттілігіне қарай психологиялық көмек көрсетуді ескертті.
Облыс әкімі БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттардың таралып жатқанына назар аударды. Жамбылдықтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 28 наурыз күні түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданында орын алды. Т.Рысқұлов ауданында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз қаласы мен қалған аудандарда – 2 балл. Жер сілкінісі 15:56-да қайта сезілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдан 323 шақырым жерде жер сілкінісі тіркелгенін жазған болатынбыз. Есептелген қарқындылығы Меркі ауылында – 5.0 балл, Құлан ауылында – 4.0 балл, Шу қаласында – 2.0 балл шамасында болған.
Президентке Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен кейінгі ахуал баяндалды.