Қазақстанның бірнеше өңірінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс, сонымен қатар, жол апаты көбейген. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша өткен кеңесте мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
"Ақтөбе, Атырау, Павлодар және басқа да өңірлерде жасөспірімдер қылмысы көбейіп отыр. Профилактикалық шараларды күшейтуді, антибуллинг бағдарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырдым", – деді ол.
Сонымен қатар, Берік Асылов қоғамдық орындардағы қауіпсіздікке, жол апаты көбейгеніне ерекше назар аударды.
"Қауіпті учаскелерді бейнекамералармен және жарықпен жабдықтап, патрульдеуді күшейту қажет. Жол апаты күрт өсуі де алаңдатады: бір жылда +67%, жарақат алғандар +79%. Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстарында жағдай күрделі. Апаттардың 72%-ы тасжолдарда. Жүргізушілердің еңбек тәртібін бақылау, бала тасымалдау ережелері сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды", – деді Бас прокурор.