Еліміздің оңтүстігіндегі 60-тан аса ауылда ішімдік сатылмайды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
"Дермене, Табысты, Жаңажол, Нұртас, Мәдениет секілді облыстың 61 ауылы ішімдік сатудан бас тартты. Арақсыз ауылдар құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Бұл ауылдарда кейінгі бірер жылда қылмыс тіркелмеген, тәртіп пен тыныштық орнаған. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуға тиіс", – деді өңірдің ПД бастығы Мұрат Қабденов.
Түркістан облысында 2024 жылы тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық саны 3,2 пайызға төмендеген. Мәселен, ұрлық 38,7%-ға, мал ұрлығы 43,7%-ға азайған. Пәтер ұрлығын жасаған 8, алаяқтық қылмыс жасаған 23, мал ұрлаумен айналысқан 16 қылмыстық топ ұсталған.