Айт намазының оқылу реттілігі қандай? Бұл жайлы Астанадағы "Әзірет сұлтан" мешітінің ресми сайты muslim.kz арнайы хабарлама таратты.
Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды.
- Имам "Екі рәкат Рамазан айт намазына ниет еттім" - деп ниет етеді.
- Артынша жамағат "Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға" - деп ниет етеді.
- Содан соң "Аллаһу әкбар" деп ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады.
- Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай "Субханака Аллаһумма" дұғасын оқиды.
- Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай "Аллаһу әкбар" деп үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады.
- Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам "Ә’узу" мен "Бисмиллаһты" құпиялай, одан кейін "Фатиха" мен қосымша сүрені жариялай оқиды.
- Осыдан кейін жариялай "Аллаһу әкбар" деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды.
- Содан кейін екінші рәкатты бастайды. Имам құпиялай – Бисмиллаһ, жариялай – "Фатиха", содан кейін қосымша сүре оқиды.
- Содан соң осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай "Аллаһу әкбар" деп, рүкүғ пен сәждеге барады.
- Одан кейін отырып, "әт-тахият", "салауат", "рәббәнә" дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз