Кеше Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Қазақстанға ресми сапармен келді. Екі ел басшылары жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, саяси серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты. Жүздесуде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық мәселелер талқыға түсті. Сонымен қатар Словения Президентінің ресми сапары аясында іскерлік байланысты нығайту мақсатында Қазақстан – Словения бизнес-форумы өтеді.
Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның сапары Қазақстан – Словения серіктестігін тереңдетуге септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
– Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Бұл – анық. Президент ретінде өзара мүддемізге сай келетін барлық саладағы байланысты нығайтуға күш-жігерімді саламын. Біз Словенияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі негізгі және өте маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің бизнес өкілдеріне және үкіметіңізге бірқатар ұтымды жоба ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жуықтады. Еліміздегі фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында Словения капиталының үлесі бар 19 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Словенияның көлік-логистика, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм бағыттарында өзара серіктестікті арттыруға әлеуеті зор.
Словения Президенті өзіне және делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын жеткізді.
– Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 33 жыл ішінде екі ел арасында бірде-бір шешілмеген мәселе болған емес. Мұның экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өркендетуге мол мүмкіндік беретінін дұрыс атап өттіңіз. Сондықтан өзіммен бірге бизнес өкілдерінің үлкен делегациясын алып келдім. Олар қазақстандық әріптестермен бірге серіктестікті ілгерілетуге қатысты бағыттарды талқылап жатыр. Экономикалық ықпалдастығымыз артып келеді. Дегенмен бұдан да зор жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Президенттер мен саясаткерлер арасындағы байланыстар әрқашан болашаққа бағдарланады. Өйткені саясаткерлер бизнестің көкжиегін кеңейтеді, – деді Наташа Пирц-Мусар.
Сондай-ақ екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда өткізілген келіссөзде тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және туризм сияқты перспективті салалардағы ықпалдастықтың бірқатар мәселесін қарастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусар бастаған делегацияға құрмет көрсетіп, Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Словениямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейіл екенін растады.
– Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана көптеген тақырыпты, оның ішінде халықаралық ахуалға байланысты кейбір нәзік мәселелерді талқылаған аса мазмұнды кездесу өткіздік. Біз екіжақты ықпалдастықты дамытуға ниетті екенімізді қуаттадық. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретін бағыттарды атап өтіп, Қазақстанда Словения бизнесіне қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы Астанада өтетін Қазақстан – Словения бизнес-форумына ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын екі елдің сауда-инвестициялық байланысын одан әрі кеңейтетініне тоқталды.
Наташа Пирц-Мусар Астанада қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Бұл сапар экономикалық ынтымақтастығымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Аталған мақсатты екі ел де қолдайды. Бұдан да жоғары жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Оған біздің мол мүмкіндігіміз бар. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Өзіңіз айтқандай, Словенияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жетті. Бірақ әлеуетіміз бұдан да зор. Осы себепті Астанаға менімен бірге Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегация келді. Мен бұған қуаныштымын, – деді Словения Президенті.
Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Наташа Пирц-Мусарға ризашылығын білдірді. Президенттің айтуынша, Словения – Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды серіктесі әрі екі елдің қарым-қатынасы достық және өзара сыйластық рухында нығайып келеді. Оның айқын дәлелі – былтыр Любляна қаласында Қазақстан елшілігінің ашылуы.
– Мен мұны ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам деп санаймын. Қазақстан екі ел арасындағы достықты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Сондықтан бұл сапардың мән-маңызы айрықша. Біз бүгін құрметті Президент Пирц-Мусар ханыммен мазмұнды әрі жемісті келіссөз жүргіздік. Қазақ-словен ынтымақтастығының аясын кеңейту жолын талқыладық. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Сондай-ақ бүгін бірқатар үкіметаралық және мекемеаралық келісім жасалды. Соның ішінде денсаулық сақтау, туризм, білім беру салаларына қатысты маңызды құжаттар бар. Бұл келісімдерді тиімді іске асыру арқылы екі елдің ынтымақтастығын жандандыра түсеміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға келісті. Қазір қос мемлекет фармацевтика, жаңартылатын энергия, инженерия, телекоммуникация бағыттарында маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысы елімізде осы салаларда 20-ға жуық словен компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанына тоқталып, экономикалық байланыстардың ауқымын одан әрі кеңейтудің маңызын атап өтті.
– Тау-кен, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм салаларында тың жобаларды жүзеге асыруға келістік. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, оның қызметін жаңа деңгейге көтеруге шақырдым. Екі ел бизнес өкілдерінің байланысын тереңдету – маңызды міндеттің бірі. Осыған орай, «Қазақстан – Словения» іскерлік кеңесін құру мәселесін талқыладық. Елімізге Словенияның ірі кәсіпкерлері де келді. Бұл іс-шара осы бағыттағы жұмысты күшейтуге ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Жиында екі ел басшылары көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін президенттер құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су ресурстарын басқару ісінде словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайында да пікір алмасты.
– Білім, ғылым және мәдениет салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға мол мүмкіндік бар. Жалпы, Словенияның білім беру жүйесі дүниежүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Словенияның Йожеф Стефан институты Назарбаев университетімен байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерді талқылап, ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді.
– Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Президент Пирц-Мусар екеуіміз әлемдегі қақтығыстарды Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына сай бейбіт жолмен шешу қажет екенін құптадық. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы бастаманы қолдаған Словения тарапына ризашылығымды білдіремін. Жалпы, бүгінгі келіссөздер жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Осы сапардың нәтижесінде қазақ-словен ықпалдастығы нығайып, жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Наташа Пирц-Мусар Словения тарапының барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
– Бүгінгі кездесулер, жалпы бұл сапар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады деп ойлаймын. Екі ел де өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық құқық, орнықты даму мен серіктестік қағидаттарын қолдайды. Мен бұған ризамын. Келешекте де осы бағытта жұмыс істей беретінімізге сенімдімін, – деді Словения Президенті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдап, ресми делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.
Сондай-ақ Словения Президенті Наташа Пирц-Мусардың Қазақстанға ресми сапары аясында мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
Президенттер туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдап, бұл бағытта білім мен тәжірибе алмасуға, соның ішінде орнықты туризм, жасанды интеллект, цифрландыру және адам ресурстарын дамыту салаларындағы үздік тәжірибелерді қолдануға баса назар аударды.
Президенттер жоғары білім, ғылым және зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерделеуге уағдаласты.
Тараптар көрмелер, концерттер, фестивальдар мен фильм көрсетілімдерін ұйымдастыру арқылы мәдени ынтымақтастықты жандандыруға және екі халық арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуге ниет білдірді.
Словения Еуропа одағы мен Қазақстан арасындағы реадмиссия туралы келісім, сондай-ақ визалық жеңілдіктер туралы келісім бойынша келіссөздерді мүмкіндігінше ертерек бастауды қолдауға дайындығын білдірді.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары климаттың өзгеруіне бірлесіп қарсы тұру жолдарын іздеуге, әсіресе су ресурстарын басқару, шөлейттенумен күресу және табиғи апаттардың алдын алу шараларын күшейтуге келісті.
Екі президент әйелдердің құқығын ілгерілету және әлеуметтік-экономикалық секторлар мен шешім қабылдау үдерістерінде гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күш-жігерді қолдайтындарын растады.
Президенттер осы ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Словения Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Президентін жақын арада Люблянаға сапармен келуге шақырды. Бұл сапар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді.
Дайындаған
Кәмила ДҮЙСЕН