Биыл Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады.
«Құстар әні» фестивалі өтеді
1,157
оқылды

Осыған орай, елордада 2-4 сәуір күндері Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы өнер тарланының ғасыр­тойына арналған «Құстар әні» атты республикалық фестивалін өткізеді.

Фестивальдің мақсаты – көрнекті композитордың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық музыка өнерін дамытуға үлес қосу, қазақ музыкасына тағзым көрсету, ұлттық өнерімізді ұлықтау және жас музыкант қолдау көрсету және өңірлік өнер ұжымдарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Қазақ даласын күмбірлі күйімен тербеген дәулескер күйші, сайып­қы­ран сазгердің шығармашылы­ғын кеңінен насихаттауды мақсат еткен мәдени іс-шараға өнер қай­раткерлері, мәдениет майталмандары және елі­міздің әр өңірінен келетін шығар­машылық ұжымдар, БАҚ өкілдері мен өнерсүйер қауым қатысады. Бұл күндері Нұрғиса Ті­лендиевтің шы­ғармашылығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда аңыз тұлғаның туындылары талқыланады.

«Ұлы композитордың мәңгілік мұ­ра­сы – қазақ музыкасының алтын қазынасы. Оның күмбірлі сазы дархан даланың рухын тер­­беп, ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сады. Бұл іс-шара – сол асыл мұраны дәріптеп, ұлттық өне­ріміздің мерейін үстем ететін ерекше рухани кеш», – дейді ұйымдасты­рушылар.

2 сәуір күні фестиваль аясында дөңгелек үстел отырысы, «Қызыл кілем» салтанаты және фестивальдің ашылуы өтеді. 3 сәуірде өңірлердегі филармония ұжымдарының кон­цер­­­­ті, ал 4 сәуірде фестивальдің жа­бы­­лу салтанаты ұйымдастырылады.

Белгілі композитор 500-ден астам му­зыкалық төл туындының авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға,19 көркем фильмге, 17 мультиплика­ция­лық фильмге, 14 деректі-хрони­калық фильмге музыка жазды. Айта кетейік, республика­лық фестиваль аясында Нұрғиса Ті­лен­диевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген «Құстар әні», «Өз елім», «Аққу», «Ата тол­ғауы», «Жан сәулем» және басқа да шы­ғар­малары орындалады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ