Үш жылдан кейін қара шаңырақ өзінің ғасыр жасын тойлайды. Бұл тек университет ұжымы үшін ғана емес, қазақ жоғары білімі үшін айтулы оқиға болмақ. Таяуда біз университет ректоры Болат Анапияұлымен білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар, студенттерді еңбек нарығына бейімдеу, сондай-ақ кейінгі кездері өзекті тақырыпқа айналған университеттің инфрақұрылымы турасында сүбелі сұхбат құрдық. Болат Анапияұлы әлі күнге дейін инфрақұрылымға қатысты түйіні тарқамаған бірқатар мәселелердің барын алға тартып, кемшін тұстарды жақсартуға бағытталған жоспарларын бөлісті.
– Болат Анапияұлы, ғасырға жуық тарихы бар еліміздегі тұңғыш жоғары білім беру ошағы бүгінге дейін талай мықтыны ұясынан ұшырып, жылдар бойы қоғамның барлық саласы үшін білікті кадрлар даярлау жолында қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта тамыры терең университеттің білім беру жүйесінде нендей жаңашылдықтар бар?
– Иә, Абай атындағы ҚазҰПУ – жүзжылдық тарихы бар қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы саналады. Университет негізін қалаған азаматтар – тарихта ізін салған ірі тұлғалар. Ұлт мақтаныштары Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермеков институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етті. Міне, осындай әлеуетпен құрылған білім ордасы терең тарихымен және атақ-даңқымен бүгінге дейін өмір сүріп келді.
Сөз жоқ, біз алдыңғы буын салып кеткен осынау даңқты өткенімізбен қашанда мақтанамыз. Десе де, жоғары білім саласындағы осынау биік дәргейді сақтап қана қоймай, оны өз дәрежесінде ұстап тұру үшін не істеп жатырмыз? Болашақта да ұрпақ санасының зергерлері – ұстаздар ұстаханасы болып қала аламыз ба, жоқ па? Алдымен осыған жауап іздеп көрелік...
Рас, жоғарғы оқу орнымыздың өткен бір ғасырда жинақтаған тәжірибесі мен қазіргі заманның талабы мүлдем басқа. Мәселен, осы уақыт аралығында педагогикалық білім тарихының өзі бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков бастаған топ алғашқы қазақ оқулықтарын жазып шығарды. Бұл өз кезегінде еліміздің ұлттық оқу-ағарту жүйесін ескі медреселік үлгіден жаңа еуропалық деңгейге көтеріп, ХХ ғасырдың 20-30 жж. жаппай сауатсыздықты жоюға өз үлесін тигізді. Тіпті, кейіннен 1958 жылғы онжылдық мектепке көшу және А.Макаренконың тәрбие жүйесіне негізделген әдістемелерді игеруде де Алаш зиялыларының салып кеткен ізі үлкен рөл атқарды.
Алайда қазіргі кезеңде педагогикалық білімнің алдында бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттер тұр. Атап айтар болсақ, біз педагог мамандарды бүгінгі мектеп қабырғасындағы балаларды оқыту үшін ғана емес, сондай-ақ мектепке әлі келмеген, тіпті әлі туылмаған балалармен жұмыс істеуге дайындауымыз қажет. Бұл дегеніміз, 2010-2024 жылы туылған Alpha буынын оқыту әдістемесімен қатар, біз осы кезден бастап 2025 жылдан кейін дүниеге келетін Beta ұрпақты оқытатын бағдарламаларды зерделеуіміз керек. Яғни, осы ұрпақ балабақшаға, мектепке білім алуға келген уақытта оларға біздің педагогтарымыз не оқытады және баланы қалай тәрбиелейді деген сауал туындайды. Сондықтан біз еліміздің бетке ұстар ұлттық педагогикалық университеті ретінде осындай заманауи талаптарға сәйкес мамандарды даярлаудың озық ғылыми-зерттеу және академиялық орталығына айналуымыз қажет.
Әлбетте, ең алдымен бұл университеттегі білім бағдарламаларын жаңалаудан басталады. Қазіргі уақытта университетіміз педагог кадрларды даярлауды 189 білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырып келеді. Оның 75 пайызы жаңартылған әрі аккредитациядан өткен. Білім беру бағдарламалары ұлттық біліктілік шеңберіне, кәсіби стандарттарға сәйкес әзірленген. Одан өзге, Дүниежүзілік банк қаржыландырған «Педагогикалық білімді модернизациялау» жобасы аясында оқу процесіне 30 инновациялық бағдарлама енгізілді. Бағдарлама әдістемелері негізінен балалардың жеке тұлға ретінде дамуына, олардың қабілетін жетілдіруге бағытталған. Бүгінде оның 19-ы жүзеге асып жатса, 11-і университетіміздің оқу жүйесіне енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, қоғам өміріне, оның ішінде мектепке интернет кеңістіктің әсерін жоққа шығара алмаймыз. Оқу процесінде жасанды интеллект құралдары міндетті түрде қолданылуға тиіс. Оқушы заман талабына сай жасанды интеллектпен жұмыс істей білуі қажет. Егер бала заманауи технологиямен жұмыс істей алмаса, керісінше, ЖИ оқушыны алмастырып кетуі бек мүмкін. Біз осы принцип негізінде жасанды интеллекті оқу процесінде қолдану бойынша «Жасанды интеллект негіздері» атты оқу курсын әзірледік. Бүгінде Гонконг білім беру академиясы жасанды интеллект бағытында біршама алға ілгерілеген. Сондықтан олардың тәжірибесі біз үшін қызық. Біз Гонконг білім беру академиясымен бірлесіп, университетімізде жасанды интеллекті оқу процесінде пайдалану мәселесі бойынша орталық аштық. Білім орталығы «Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру», «Білім берудегі көшбасшылық және STEM білім беру» бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер мен озық тәжірибе алмасу алаңы ретінде қызмет етеді.
Әрине, кез келген жоғары оқу орнының академиялық жетістіктері тек озық білім бағдарламаларының болуына ғана байланысты емес. Көп мәселені, мысалға айтсақ, университеттің материалдық-техникалық базасы, оқу ғимараттары, кампустық және цифрлық әлеуеті сияқты инфрақұрылымы шешеді.
– Осыған дейін отандық ақпарат кеңістігінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу корпустары мен стадионы заңсыз сатылып кеткені туралы деректер тарады. Таяуда өзгенің қолына өткен нысандар ЖОО меншігіне қайтарылды. Осыған байланысты алдағы уақытта қайтарылған мүліктің пайдаланылуы туралы қандай да бір міндеттелген жұмыс жоспары бар ма?
– Өкінішке қарай, барлық нысан меншігімізге қайтарылған жоқ. Біз бұл ретте қолды болған 4 нысан туралы айтуымыз керек. Оның үшеуі университет меншігіне толық қайтарылды. Олар – спорт корпусы, Сорбонна-Қазақстан институты ғимаратының жертөле қабаты және М.Әуезов атындағы стадион. Төртінші нысан – университетіміздің бұрынғы студенттік асханасы. Университетімізге 2006 жылға дейін тиесілі болған бұл нысан екі қабаттан тұратын, 2,5 мыңнан аса шаршы метрді алып отырған негізгі инфрақұрылымдардың бірі еді. Жақында нысан заңды түрде сатып алынғаны туралы сот шешімі шықты. Бірақ біз бұл шешіммен келіспейміз, өйткені ғимарат қазіргі кезеңде университетіміздің инфрақұрылымдық қажеттілігі үшін маңызды нысандардың бірі саналады. Әрине, біз алдағы уақытта бұл мәселеге қайта ораламыз деп ойлаймын.
Ал енді қайтарылған нысандар бойынша заңнамаға сәйкес тиісті процедуралар жүргізіліп келеді. Бірінші кезекте, меншігімізге қайтарылған үш нысан жарғылық капиталға енгізіледі. Одан әрі қарай студенттердің пайдалануына толықтай беріледі. Біз биыл жарғылық капиталға кіруін күтпей спорт корпусын толық жөндеуден өткізіп, пайдалануға беріп қойдық. Себебі университетте оқу алаңдары жетіспейді. Былтыр жаз айларында спорт корпусы жөндеуден өткізіліп, 2024-2025 жылғы оқу жылына толық қолданысқа берілді. Ендігі кезекте Сорбонна-Қазақстан институты ғимаратының астыңғы қабаты міндетті түрде толық жөндеуден өткізіліп, келесі оқу жылынан бастап университеттің игілігіне пайдалануға беріледі. Келесі нысан – М.Әуезов атындағы стадионда қазір оқу процесі жүргізіліп жатыр. Десек те, стадионның қазіргі ахуалы күрделі жөндеуді талап етеді. Университет өз күшімен бұл жұмысты атқара алмасымызға көзіміз жеткендіктен, тиісті инвесторлар тартуды жоспарлап отырмыз. Инвестордың міндетіне не кіреді? Біріншіден, стадионды толық реконструкциядан өткізу және нысанды университетпен бірлесіп пайдалану. Бұл тұста біздің инвесторларға қояр негізгі талабымыз – оқу кестесі бойынша стадион толықтай студенттердің еншісінде болуға тиіс. Стадионда өтетін сабақтар мен түрлі жарыстар университеттің тікелей меншігінде болады. Ал сабақтан тыс уақытта инвестор нысанды өз мақсатына пайдалануына мүмкіндігі бар. Болашақта алдымызға қойған негізгі мақсатымыз – нысанды толықтай жаңартып, инвестор активіне қосу.
– Енді қайтарылған мүлікті пайдалануға байланысты арнайы бақылау жүргізіле ме?
– Әрине. Университеттің жарғылық капиталына кіргендіктен, бұл нысандардың барлығы оқу орнының ажырамас бөлігі болып қала береді. Нысан университеттің инфрақұрылым жүйесі ретінде жұмыс істейтіндіктен, оның қолды болып кетпеу кепілдігін міндетті түрде жарғымызда да, ішкі ережелерімізде де көрсетіп жазып қойдық. Енді университетке тиесілі нысанға ешкімнің негізсіз қол сұғуына құқығы жоқ.
– Қазіргі уақытта көптеген ЖОО оқыту процесін цифрландырып, білім жүйесін технологиялық құралдарға бейімдеуге ерекше мән беріп келеді. Бұл ретте студенттердің халықаралық нарыққа сай әрі сапалы білім алуы үшін материалдық-техникалық базаның болуы маңызды. Бүгінде сіз басқарып отырған университет кампустары мен оқу ғимараттары заманауи талаптарға қаншалықты сай келеді?
– Біз – Қазақстандағы ең көне университетпіз. Білім ордасында жалпы саны 9 оқу корпусы бар, оның ең ескісі – 1890 жылдары салынған тарихи маңызы бар Сорбонна-Қазақстан институтының ғимараты. Ал біз отырған мына жаңа бас оқу ғимараты 1985 жылы пайдалануға берілген. Дәлірек айтсақ, қазіргі уақытта қара шаңырақтағы ең жаңа ғимаратымыз осы. Кейінгі 20-25 жылдың ішінде университеттегі бірде-бір ғимарат күрделі жөндеуден өткен емес. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, бұл инфрақұрылым бағытындағы мәселелерді толыққанды шеше алмайды. 9 оқу корпусы норматив бойынша 6 000 студентке арналған. Дәл қазіргі кезеңде университетте 17 400-ден астам білім алушы бар. Оның 15 600-ден астамы – бакалавриатта оқитын студенттер. Білім алушылар 3 ауысым бойынша оқиды, олардың арасында магистратура мен докторантурада білім алатын студенттерді үшінші ауысымға қоюға мәжбүрміз. Өйткені әлі күнге дейін университет ішінде аудитория жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан университет инфрақұрылымын жақсарту – алдымызда тұрған ең басты міндеттердің бірі.
– Білім ордасындағы кітапхана, зертханалар және оқу залдары оқытушылар мен студенттердің қажеттілігін толыққанды қамтамасыз ете ала ма?
– 1 млн 700 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханамыз студенттердің сұранысына толықтай сәйкес келеді. Қазір университетімізде электронды кітапхана жүйесі басты рөл атқарады. Кітапханаға келетін студенттердің саны аз деуге келмейді. Былтырғы жылдың өзінде электронды жүйеге кірушілердің саны 73 мыңға жетті. Білім алушылар интернет желісі арқылы өзіне қажетті әдебиетке тапсырыс беріп, кез келген ақпаратты тұтына алады. Студенттер мен оқытушылар үшін кітапханада мамандандырылған-бейіндік әдебиеттерді тегін қолданып қана қоймай, одан бөлек сирек кітаптар қорын пайдалануға мүмкіндік бар. Өткен жылы университетте екі кітапхана ашылды. Бірі Жамбыл көшесіндегі Тарих және құқық факультетінің ғимаратында орналасқан. Жаңадан ашылған кітапхана заманауи талаптарға сай әрі техникалық тұрғыда толық жабдықталған. Екінші кітапхана – Сорбонна-Қазақстан институтында ашылған Шетел әдебиеті кітапханасы. Алайда университетімізге кітапхана жүйесін бір орталыққа бағындыратын ортақ ғылыми кешен қажет. Болашақта ғылыми кітапхана кешенін құру жоспарымызда бар.
Қазіргі уақытта оқу орнының ғимаратында жалпы саны 421 оқу аудиториясы, оның ішінде толық заманауи техникамен жабдықталған 120-да аса аудитория бар. Дүниежүзілік банк жобасы аясында химия, биология, физика және инклюзивті білім беру бағыттары бойынша 4 жаңа зертхана ашылды. Келешекте біз университет инфрақұрылымын жақсарту жолында серпіліс жасағымыз келеді. Өзіңіз білетіндей, қазір елімізде жасанды интеллект дәуірі орнады. Қолыңдағы бір компьютердің көмегімен әлемдегі сәт сайын жаңарған ақпаратты игеру қиын. Жыл өткен сайын өндірісте дамыған технологияға негізделген интерактивті құралдар қолданысқа еніп келеді. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде Сингапур, Гонконг және т.б. білім беру университеттерінде қолданысқа еніп үлгерген. Толықтай LED технологиямен жабдықталған аудиторияларды сөзімізге мысал етіп алсақ болады. Бұл дегеніміз, LED технологиямен жабдықталған аудиторияның ішкі көрінісі студенттердің оқу пәніне сәйкес бейімделеді. Оқыған бір бөлек, оқығаныңды көзбен көріп, қолмен ұстау тіптен басқа. Біз болашақта виртуалды дәрісханаларды қолданысқа енгізуіміз тиіс. Виртуалды тәжірибе тиісті оқу материалын игеру мәселесіне ықпал етіп, баланың оқу материалдарын оңай қабылдауға көмектеседі.
– Келешекте виртуалды аудиторияларды енгізуіміз керек дейсіз. Ал қазіргі қолданыстағы аудиториялар интернет желісімен толыққанды қамтамасыз етілген бе?
– Шыны керек, өткен жылдары университетімізде ең бірінші назар аударарлық мәселе – интернет желісінің сапасы еді. Студенттер емтихан тапсыру барысында бірқатар мәселелерге тап болды. Біз бұл мәселені провайдерлерге жеткізіп, кінәлілерді сол тараптан іздегенімізбен, шын мәнінде, мұның басты себебі – университеттегі желілердің ескіруі еді. Мәселенің түйінін тарқату мақсатында былтыр жазда кабельдерді толығымен ауыстырдық. Биылғы оқу жылында студенттер мен оқытушылар арасында интернет желісінің сапасына қатысты бірде-бір мәселе орын алған емес. Енді келешекте университеттегі барлық оқу ғимаратын интернет желісімен қамтысақ дейміз. Бұл негізінен бүкіл университет кеңістігінде болуға тиіс мәселе. Біз қазір университеттің онлайн эко-жүйесін құрудан бастап әр студент смартфоны арқылы емін-еркін пайдалана алатын Abai Digital атты онлайн платформа әзірлеп жатырмыз. Мобильді қосымша арқылы барлық қажетті жүйелерге интеграция жасалады.
– Алматы – еліміз бойынша студенттер ең көп шоғырланған шаһар. Сондықтан да болар қалада жатақхана жетіспеушілігі күрмеуі тарқатылмаған мәселелердің қатарынан түспей тұр. Дегенмен кейінгі кездері ата-аналар мен студенттер қазіргі жатақханалардың сапасы сын көтермейтінін айтып жиі шағымданады. Абай университеті жатақханаларының қазіргі ахуалына қаншалықты көңіл бөлінген?
– Қазіргі уақытта оқу ордасында 2 800 орыннан тұратын 5 жатақхана студенттердің қолданысына берілген. Бірақ шынын айтқанда, бұл орын саны нормативтік талаптарға сәйкес келмейді. Өкінішке қарай, білім алуға келген балаларды жатақханаға тығыз орналастыруға мәжбүрміз, себебі жатақханадан орын сұрайтын балалар өте көп. Бұл – біріншіден. Екіншіден, университеттегі студенттер контингентінің 80 пайыздан астамын ауыл-аймақтардан келетін студенттер құрайды. Олардың арасында 15 600-ден аса бала бакалавриатта оқыса, соның ішінде 10 мыңға жуығы жатақхананы қажетсінеді. Біз жатақханада тұрғысы келетін әрі орналасар жері жоқ балаларды далада қалдырмаймыз. Өткен жылдан бастап университетімізде арнайы штаб жұмыс істейді. Штабтың негізгі міндеті – өзге аймақтардан қалаға келген, барар жері жоқ студенттерді міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз ету. Осы мақсатта біз қаладағы жекеменшік саналатын үш жатақханамен келісімшарт орнаттық. Қазір әрбір студенттің жатақханадан орын алуына мүмкіндігі бар.
Дегенмен университетке тиесілі жатақханалармен салыстырсақ, жекеменшік жатақханаларда тұру ақысы 2-3 есе қымбат болып келеді. Біз университет меншігіне қарайтын жатақханаларға 1-курс студенттерін, егер олардан орын артылып жатса, 2-курс студенттерін орналастырамыз. Студенттердің қолданысына берілген қазіргі бес жатақханамыздың үшеуі 1930-1940 жылдары салынған. Заманауи талаптарға сәйкес бағаласақ, ондаған жылдар бұрын салынған ғимаратты жатақхана деп айту да қиын. Себебі қазіргі кезеңде бір бөлмеге 6 бала жайғасқан. Жатақханалар бүгінге дейін күрделі жөндеуден өтпеген, себебі нысанның негізгі қаңқасы қамыс-каркас, ағаштан жасалғандықтан біз ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізумен ғана шектеліп отырмыз. Тағы бір атап өтер маңызды мәселе, өткен жылғы жер сілкінісінен кейін екі бірдей жатақханамызға айтарлықтай зақым келді. Мен университет жатақханаларының жертөлесінен бастап шатырына дейін шығып көрдім. Өкініштісі, ағаштары шіріген. Кезінде бұл жатақханалар уақытша салынғанын ескерсек, енді бізге тозығы жеткен ғимараттардың орнына жаңа жатақхана салу мәселесін назарға алу қажет.
Университеттің жыл сайынғы қаражаты жоспарлаған барлық жұмысты атқарып тастауға жетпейді. Біз мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейміз. Нақтырақ айтсақ, бір гранттың 70 пайызы профессор-оқытушылардың айлық жалақысына бөлінсе, қалған 30 пайызына университеттің инфрақұрылымы, оқу-әдістемелік базасы мен коммуналдық шығындары кіреді. Яғни, университеттің инфрақұрылымдық дамуына, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге грант есебінен бірде-бір тиын қарастырылмаған. Осының нәтижесінде біз жыл сайын ақылы түрде оқитын студенттерден түсетін қаражат есебінен шама-шарқымыз жеткенше ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі кезеңде жатақхана мәселесін түбегейлі шешудің бір-ақ жолы бар. Бұл – қолымызда бар жатақханаға толық реновация жасап, жатын орындарының санын көбейту, сондай-ақ студенттер үшін жайлылық деңгейін арттыру. Аталған мәселені шешу бойынша біздің нақты жобамыз да бар.
– «Атамекен» палатасының статистикасына сүйенсек, грант негізінде білім алып, бірақ оқу бітірген соң өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің үлесі 65 пайызды құрайды екен. Абай университетінде студенттерге кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу жүйесі қалай жұмыс істейді?
– Біріншіден, университетіміз – бейіндік бағытта білім беретін оқу орны. Бүгінге дейін педагог мамандарды даярлап келе жатқанымызға 97 жылдан аса уақыт өтті. Еліміздегі өзге ЖОО-мен салыстырып қарасақ, университетімізде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Мәселен, өткен жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 95 пайызды құрады.
Екіншіден, педагог маманның кәсіби тұрғыда дамуына университетте алған білімі ғана емес, сонымен қатар мектеп қабырғасында жинақтаған тәжірибесі де маңызды рөлге ие. Біз ПББ-дағы көрсеткішімізді арттыру үшін мектептермен барынша арадағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Биылғы жылдан бастап 4-курс студенттерін 7 айға мектептерде тәжірибеден өтуге жібереміз. Мұндай ұзақмерзімді тәжірибе еліміздің басқа жоғары оқу орындарында кездеспейді. Бұл кезеңде студенттер жұмыс ортасына бейімделіп, дуальді оқыту келісімшарты негізінде өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Сондықтан осы жолы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші былтырғыдан қарағанда жоғары болады деген үміттеміз.
– Қазақстандағы білім білім беру жүйесі Болон процесіне негізделген. Десек те, бұл салада бір-бірімен үйлесім таппайтын қарама-қайшылықтар жоқ деуге келмейді. Айтыңызшы, студенттердің академиялық еркіндігі мәселесі Болон процесінің талаптарына толыққанды жауап бере ала ма?
– Кредиттік жүйе арқылы студент өзінің білім алу траекториясын жасай алады. Университетімізде оқытылатын мамандықтар құрамының 70 пайызы педагогикалық, ал қалған 30 пайызы педагогикалық емес мамандықтардан тұрады. Педагогикалық емес мамандықтарға мемлекеттен жалпы грант бөлінгенімен, педагогикалық емес мамандықтар бойынша талапкерлер көбіне ақылы негізде қабылданады. Студенттердің академиялық еркіндігі – эдвайзерлер, кафедра меңгерушілері мен декандардың қадағалауындағы мәселе. Біз студенттерге толыққанды академиялық еркіндік береміз. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жұмыс істейтін әлемнің 26 мемлекетіндегі 80-нен астам оқу орнымен байланысымыз бар. Біз студенттің білім алу траекториясын өзі құруын қолдаймыз, алайда бұл ретте тағы бір ескеретін мәселе, университет мемлекеттік тапсырыс аясында келген мамандарды да даярлауға тиіс. Бұл бағытта университеттің өзіндік ішкі талаптары бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ