Болат Тілеп, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор: Университет инфрақұрылымын жақсарту – басты міндеттердің бірі

Биыл еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына – 97 жыл.

Үш жылдан кейін қара шаңырақ өзінің ғасыр жасын тойлайды. Бұл тек университет ұжымы үшін ғана емес, қазақ жоғары білімі үшін айтулы оқиға болмақ. Таяуда біз университет ректоры Болат Анапияұлымен білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар, студенттерді еңбек нарығына бейімдеу, сондай-ақ кейінгі кездері өзекті тақырыпқа айналған университеттің инфрақұрылымы турасында сүбелі сұхбат құрдық. Болат Анапияұлы әлі күнге дейін инфрақұрылымға қатысты түйіні тарқамаған бірқатар мәселелердің барын алға тартып, кемшін тұстарды жақсартуға бағытталған жоспарларын бөлісті.

– Болат Анапияұлы, ғасырға жуық тарихы бар еліміздегі тұңғыш жоғары білім беру ошағы бүгінге дейін талай мықтыны ұясынан ұшырып, жылдар бойы қоғамның барлық саласы үшін білікті кадрлар даярлау жолында қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта тамыры терең университеттің білім беру жүйесінде нендей жаңашылдықтар бар?

– Иә, Абай атындағы ҚазҰПУ – жүз­жылдық тарихы бар қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы саналады. Университет негізін қалаған азаматтар – тарихта ізін сал­ған ірі тұлғалар. Ұлт мақтаныштары Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермеков институт қабырғасында дәріс бер­іп, шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етті. Міне, осындай әлеуетпен құ­рыл­ған білім ордасы терең тарихымен және атақ-даңқымен бүгінге дейін өмір сүріп келді. 

Сөз жоқ, біз алдыңғы буын салып кет­кен осынау даңқты өткенімізбен қашанда мақтанамыз. Десе де, жоғары білім саласын­дағы осынау биік дәргейді сақтап қана қой­май, оны өз дәрежесінде ұстап тұру үшін не істеп жатырмыз? Болашақта да ұр­пақ санасының зергерлері – ұстаздар ұстаханасы болып қала аламыз ба, жоқ па? Алдымен осыған жауап іздеп көрелік... 

Рас, жоғарғы оқу орнымыздың өткен бір ғасырда жинақтаған тәжірибесі мен қазіргі заманның талабы мүлдем басқа. Мәселен, осы уақыт аралығында педагогика­лық білім тарихының өзі бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Кезінде Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Міржақып Дулатов, Халел Дос­мұха­медов, Әлімхан Ермеков бастаған топ алғашқы қазақ оқулықтарын жазып шы­ғарды. Бұл өз кезегінде еліміздің ұлттық оқу-ағарту жүйесін ескі медреселік үлгіден жаңа еуропалық деңгейге көтеріп, ХХ ғас­ырдың 20-30 жж. жаппай сауатсыздықты жоюға өз үлесін тигізді. Тіпті, кейіннен 1958 жылғы онжылдық мектепке көшу және А.Макаренконың тәрбие жүйесіне не­гізделген әдістемелерді игеруде де Алаш зиялыларының салып кеткен ізі үлкен рөл атқарды.

Алайда қазіргі кезеңде педагогикалық білімнің алдында бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттер тұр. Атап айтар болсақ, біз педагог мамандарды бүгінгі мектеп қа­бырғасындағы балаларды оқыту үшін ғана емес, сондай-ақ мектепке әлі келмеген, тіпті әлі туылмаған балалармен жұмыс істеуге дайындауымыз қажет. Бұл дегеніміз, 2010-2024 жылы туылған Alpha буынын оқыту әдістемесімен қатар, біз осы кезден бастап 2025 жылдан кейін дүниеге келетін Beta ұрпақты оқытатын бағдарламаларды зерделеуіміз керек. Яғни, осы ұрпақ бала­ба­қшаға, мектепке білім алуға келген уа­қ­ытта оларға біздің педагогтарымыз не оқытады және баланы қалай тәрбиелейді деген сауал туындайды. Сондықтан біз елі­міздің бетке ұстар ұлттық педагогикалық университеті ретінде осындай заманауи талаптарға сәйкес мамандарды даярлаудың озық ғылыми-зерттеу және академиялық орталығына айналуымыз қажет. 

Әлбетте, ең алдымен бұл университеттегі білім бағдарламаларын жаңалаудан бас­талады. Қазіргі уақытта университетіміз пед­аг­ог кадрларды даярлауды 189 білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырып келеді. Оның 75 пайызы жаңартылған әрі аккредитациядан өткен. Білім беру бағдар­ламалары ұлттық біліктілік шеңберіне, кә­сіби стандарттарға сәйкес әзірленген. Одан өзге, Дүниежүзілік банк қаржылан­дырған «Педагогикалық білімді модерниза­циялау» жобасы аясында оқу процесіне 30 инновациялық бағдарлама енгізілді. Бағ­дарлама әдістемелері негізінен балалар­дың жеке тұлға ретінде дамуына, олардың қабілетін жетілдіруге бағытталған. Бүгінде оның 19-ы жүзеге асып жатса, 11-і универ­ситеті­міздің оқу жүйесіне енгізіліп жатыр. 

Бұдан бөлек, қоғам өміріне, оның іш­ін­де мектепке интернет кеңістіктің әсерін жоққа шығара алмаймыз. Оқу процесінде жасанды интеллект құралдары міндетті түр­де қолданылуға тиіс. Оқушы заман талабына сай жасанды интеллектпен жұмыс істей білуі қажет. Егер бала заманауи техно­логиямен жұмыс істей алмаса, керісінше, ЖИ оқушыны алмастырып кетуі бек мүмкін. Біз осы принцип негізінде жасанды интеллекті оқу процесінде қолдану бойынша «Жасанды интеллект негіздері» атты оқу курсын әзірледік. Бүгінде Гонконг білім беру академиясы жасанды интеллект бағытында біршама алға ілгерілеген. Сондықтан олардың тәжірибесі біз үшін қызық. Біз Гонконг білім беру академия­сы­мен бірлесіп, университетімізде жасанды интеллекті оқу процесінде пайдалану мә­се­лесі бойынша орталық аштық. Білім ор­талығы «Жасанды интеллект және ин­клю­зивті білім беру», «Білім берудегі көш­­­бас­шылық және STEM білім беру» бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер мен озық тәжірибе алмасу алаңы ретінде қызмет етеді. 

Әрине, кез келген жоғары оқу орнының академиялық жетістіктері тек озық білім бағдарламаларының болуына ғана байланыс­ты емес. Көп мәселені, мысалға айтсақ, университеттің материалдық-техникалық базасы, оқу ғимараттары, кампустық және цифрлық әлеуеті сияқты инфрақұрылымы шешеді.

– Осыған дейін отандық ақпарат кеңісті­гінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетінің оқу корпустары мен стадионы заңсыз сатылып кеткені туралы дер­ек­тер тарады. Таяуда өзгенің қолына өткен нысандар ЖОО меншігіне қайтарылды. Осыған байланысты алдағы уақытта қайтар­ылған мүліктің пайдаланылуы туралы қандай да бір міндеттелген жұмыс жоспары бар ма? 

– Өкінішке қарай, барлық нысан меншігімізге қайтарылған жоқ. Біз бұл ретте қолды болған 4 нысан туралы айтуымыз керек. Оның үшеуі университет меншігіне толық қайтарылды. Олар – спорт корпусы, Сорбонна-Қазақстан институты ғимараты­ның жертөле қабаты және М.Әуезов атын­да­ғы стадион. Төртінші нысан – универси­тетіміздің бұрынғы студенттік асханасы. Университетімізге 2006 жылға дейін тиесілі болған бұл нысан екі қабаттан тұратын, 2,5 мың­нан аса шаршы метрді алып отырған негізгі инфрақұрылымдардың бірі еді. Жақында нысан заңды түрде сатып алынғаны туралы сот шешімі шықты. Бірақ біз бұл шешіммен келіспейміз, өйткені ғимарат қазіргі кезеңде университетіміздің инфра­құры­лым­дық қажеттілігі үшін маңызды нысандардың бірі саналады. Әрине, біз алдағы уақытта бұл мәселеге қайта ораламыз деп ойлаймын. 

Ал енді қайтарылған нысандар бойынша заңнамаға сәйкес тиісті процедуралар жүргізіліп келеді. Бірінші кезекте, мен­шігімізге қайтарылған үш нысан жарғылық капиталға енгізіледі. Одан әрі қарай сту­дент­тердің пайдалануына толықтай беріледі. Біз биыл жарғылық капиталға кіруін күтпей спорт корпусын толық жөндеуден өткізіп, пайдалануға беріп қойдық. Себебі универ­ситетте оқу алаңдары жетіспейді. Былтыр жаз айларында спорт корпусы жөндеуден өткізіліп, 2024-2025 жылғы оқу жылына толық қолданысқа берілді. Ендігі кезекте Сорбонна-Қазақстан институты ғимараты­ның астыңғы қабаты міндетті түрде толық жөндеуден өткізіліп, келесі оқу жылынан бастап университеттің игілігіне пайдалануға беріледі. Келесі нысан – М.Әуезов атындағы стадионда қазір оқу процесі жүргізіліп жатыр. Десек те, стадионның қазіргі ахуалы күрделі жөндеуді талап етеді. Университет өз күшімен бұл жұмысты атқара алмасымызға көзіміз жеткендіктен, тиісті инвесторлар тартуды жоспарлап отырмыз. Инвестордың міндетіне не кіреді? Біріншіден, стадионды толық реконструкциядан өткізу және ны­санды университетпен бірлесіп пайдалану. Бұл тұста біздің инвесторларға қояр негізгі талабымыз – оқу кестесі бойынша стадион тол­ықтай студенттердің еншісінде болуға тиіс. Стадионда өтетін сабақтар мен түрлі жар­ыстар университеттің тікелей меншігінде болады. Ал сабақтан тыс уақытта инвестор нысанды өз мақсатына пайдалануына мүм­кіндігі бар. Болашақта алдымызға қой­­ған негізгі мақсатымыз – нысанды толықтай жаңартып, инвестор активіне қосу.

– Енді қайтарылған мүлікті пайдалануға байланысты арнайы бақылау жүргізіле ме?

– Әрине. Университеттің жарғылық капиталына кіргендіктен, бұл нысандардың барлығы оқу орнының ажырамас бөлігі болып қала береді. Нысан университеттің инфрақұрылым жүйесі ретінде жұмыс істейтіндіктен, оның қолды болып кетпеу кепілдігін міндетті түрде жарғымызда да, ішкі ережелерімізде де көрсетіп жазып қойдық. Енді университетке тиесілі нысанға ешкімнің негізсіз қол сұғуына құқығы жоқ.

– Қазіргі уақытта көптеген ЖОО оқыту процесін цифрландырып, білім жүйесін технологиялық құралдарға бейімдеуге ерекше мән беріп келеді. Бұл ретте студент­тердің халықаралық нарыққа сай әрі сапалы білім алуы үшін материалдық-техникалық базаның болуы маңызды. Бүгінде сіз бас­қар­ып отырған университет кампустары мен оқу ғимараттары заманауи талаптарға қаншалықты сай келеді?

– Біз – Қазақстандағы ең көне универ­ситетпіз. Білім ордасында жалпы саны 9 оқу корпусы бар, оның ең ескісі – 1890 жыл­дары салынған тарихи маңызы бар Сорбонна-Қазақстан институтының ғим­ара­ты. Ал біз отырған мына жаңа бас оқу ғимараты 1985 жылы пайдалануға берілген. Дәлірек айтсақ, қазіргі уақытта қара шаң­ыр­ақтағы ең жаңа ғимаратымыз осы. Кей­інгі 20-25 жылдың ішінде универ­ситеттегі бірде-бір ғимарат күрделі жөндеу­ден өткен емес. Жыл сайын ағымдағы жөн­деу жұ­мыстары жүргізілгенімен, бұл ин­фра­құрыл­ым бағытындағы мәселелерді толыққанды шеше алмайды. 9 оқу корпусы норматив бойынша 6 000 студентке арналған. Дәл қазіргі кезеңде университетте 17 400-ден астам білім алушы бар. Оның 15 600-ден астамы – бакалавриатта оқитын сту­денттер. Білім алушылар 3 ауысым бойынша оқиды, олардың арасында магистратура мен док­тор­антурада білім алатын студенттерді үшін­ші ауысымға қоюға мәжбүрміз. Өйткені әлі күнге дейін университет ішінде аудитория жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан университет инфрақұрылымын жақсарту – алдымызда тұрған ең басты міндеттердің бірі.

– Білім ордасындағы кітапхана, зертхана­лар және оқу залдары оқытушылар мен сту­дент­тердің қажеттілігін толыққанды қам­та­масыз ете ала ма?

– 1 млн 700 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханамыз студенттердің сұранысына толықтай сәйкес келеді. Қазір университе­тімізде электронды кітапхана жүйесі басты рөл атқарады. Кітапханаға келетін студент­тердің саны аз деуге келмейді. Былтырғы жылдың өзінде электронды жүйеге кіруші­лердің саны 73 мыңға жетті. Білім алушылар интернет желісі арқылы өзіне қажетті әде­биетке тапсырыс беріп, кез келген ақ­пар­атты тұтына алады. Студенттер мен оқытушылар үшін кітапханада мамандан­дырылған-бейіндік әдебиеттерді тегін қолданып қана қоймай, одан бөлек сирек кітаптар қорын пайдалануға мүмкіндік бар. Өткен жылы университетте екі кітапхана ашыл­ды. Бірі Жамбыл көшесіндегі Тарих және құқық факультетінің ғимаратында орналасқан. Жаңадан ашылған кітапхана заманауи талаптарға сай әрі техникалық тұрғыда толық жабдықталған. Екінші кітапхана – Сорбонна-Қазақстан институ­тын­да ашылған Шетел әдебиеті кітапханасы. Алайда университетімізге кітапхана жүйесін бір орталыққа бағындыратын ортақ ғылыми кешен қажет. Болашақта ғылыми кітапхана кешенін құру жоспарымызда бар. 

Қазіргі уақытта оқу орнының ғимаратын­да жалпы саны 421 оқу аудиториясы, оның ішінде толық заманауи техникамен жаб­дықталған 120-да аса аудитория бар. Дүниежүзілік банк жобасы аясында химия, биология, физика және инклюзивті білім беру бағыттары бойынша 4 жаңа зертхана ашылды. Келешекте біз университет инфрақұрылымын жақсарту жолында серпіліс жасағымыз келеді. Өзіңіз білетіндей, қазір елімізде жасанды интеллект дәуірі орнады. Қолыңдағы бір компьютердің көмегімен әлемдегі сәт сайын жаңарған ақ­паратты игеру қиын. Жыл өткен сайын өндірісте дамыған технологияға негізделген интерактивті құралдар қолданысқа еніп келеді. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде Сингапур, Гонконг және т.б. білім беру уни­верситеттерінде қолданысқа еніп үл­герген. Толықтай LED технологиямен жабдықталған аудиторияларды сөзімізге мысал етіп алсақ болады. Бұл дегеніміз, LED технологиямен жабдықталған ауди­торияның ішкі көрінісі студенттердің оқу пәніне сәйкес бейімделеді. Оқыған бір бөлек, оқығаныңды көзбен көріп, қолмен ұстау тіптен басқа. Біз болашақта виртуалды дәрісханаларды қолданысқа енгізуіміз тиіс. Виртуалды тәжірибе тиісті оқу матер­иалын игеру мәселесіне ықпал етіп, баланың оқу материалдарын оңай қабылдауға көмектеседі.

– Келешекте виртуалды аудиторияларды енгізуіміз керек дейсіз. Ал қазіргі қолданыстағы аудиториялар интернет желісімен толыққанды қамтамасыз етілген бе? 

– Шыны керек, өткен жылдары университетімізде ең бірінші назар аудар­арлық мәселе – интернет желісінің сапасы еді. Студенттер емтихан тапсыру барысында бірқатар мәселелерге тап болды. Біз бұл мәселені провайдерлерге жеткізіп, кінәлілерді сол тараптан іздегенімізбен, шын мәнінде, мұның басты себебі – универ­ситеттегі желілердің ескіруі еді. Мәселенің түйінін тарқату мақсатында былтыр жазда кабельдерді толығымен ауыстырдық. Биылғы оқу жылында студенттер мен оқытушылар арасында интернет желісінің сапасына қатысты бірде-бір мәселе орын алған емес. Енді келешекте университеттегі барлық оқу ғимаратын интернет желісімен қамтысақ дейміз. Бұл негізінен бүкіл уни­вер­ситет кеңістігінде болуға тиіс мәселе. Біз қазір университеттің онлайн эко-жүйесін құрудан бастап әр студент смартфоны арқылы емін-еркін пайдалана алатын Abai Digital атты онлайн платформа әзірлеп жатырмыз. Мобильді қосымша арқылы барлық қажетті жүйелерге интеграция жасалады. 

– Алматы – еліміз бойынша студенттер ең көп шоғырланған шаһар. Сондықтан да болар қалада жатақхана жетіспеушілігі күрмеуі тарқатылмаған мәселелердің қатары­нан түспей тұр. Дегенмен кейінгі кездері ата-аналар мен студенттер қазіргі жатақха­на­лардың сапасы сын көтермейтінін айтып жиі шағымданады. Абай университеті жа­тақ­ханаларының қазіргі ахуалына қаншалықты көңіл бөлінген?

– Қазіргі уақытта оқу ордасында 2 800 орыннан тұратын 5 жатақхана студенттердің қолданысына берілген. Бірақ шынын айтқанда, бұл орын саны нормативтік талаптарға сәйкес келмейді. Өкінішке қарай, білім алуға келген балаларды жатақ­ханаға тығыз орналастыруға мәжбүрміз, себебі жатақханадан орын сұрайтын балалар өте көп. Бұл – біріншіден. Екіншіден, уни­верситеттегі студенттер контингентінің 80 пайыздан астамын ауыл-аймақтардан келетін студенттер құрайды. Олардың арасында 15 600-ден аса бала бакалавриатта оқыса, соның ішінде 10 мыңға жуығы жатақхананы қажетсінеді. Біз жатақханада тұрғысы келетін әрі орналасар жері жоқ балаларды далада қалдырмаймыз. Өткен жылдан бастап университетімізде арнайы штаб жұмыс істейді. Штабтың негізгі міндеті – өзге аймақтардан қалаға келген, барар жері жоқ студенттерді міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз ету. Осы мақсатта біз қаладағы жекеменшік саналатын үш жатақханамен келісімшарт орнаттық. Қазір әрбір студенттің жатақханадан орын алуына мүмкіндігі бар. 

Дегенмен университетке тиесілі жатақха­на­лармен салыстырсақ, жекеменшік жа­тақ­ханаларда тұру ақысы 2-3 есе қымбат болып келеді. Біз университет меншігіне қарайтын жатақханаларға 1-курс студент­терін, егер олардан орын артылып жатса, 2-курс студенттерін орналастырамыз. Студенттердің қолданысына берілген қазіргі бес жатақханамыздың үшеуі 1930-1940 жылдары салынған. Заманауи талап­тарға сәйкес бағаласақ, ондаған жылдар бұрын салынған ғимаратты жатақхана деп айту да қиын. Себебі қазіргі кезеңде бір бөлмеге 6 бала жайғасқан. Жатақханалар бүгінге дейін күрделі жөндеуден өтпеген, себебі нысанның негізгі қаңқасы қамыс-каркас, ағаштан жасалғандықтан біз ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізумен ғана шектеліп отырмыз. Тағы бір атап өтер маңызды мәселе, өткен жылғы жер сілкінісі­нен кейін екі бірдей жатақханамызға ай­т­ар­лықтай зақым келді. Мен университет жатақханаларының жертөлесінен бастап шатырына дейін шығып көрдім. Өкініштісі, ағаштары шіріген. Кезінде бұл жатақханалар уақытша салынғанын ескерсек, енді бізге тозығы жеткен ғимараттардың орнына жаңа жатақхана салу мәселесін назарға алу қажет. 

Университеттің жыл сайынғы қаражаты жоспарлаған барлық жұмысты атқарып тастауға жетпейді. Біз мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейміз. Нақтырақ айтсақ, бір гранттың 70 пайызы профессор-оқыту­шылардың айлық жалақысына бөлінсе, қалған 30 пайызына университеттің инфра­құрылымы, оқу-әдістемелік базасы мен коммуналдық шығындары кіреді. Яғни, университеттің инфрақұрылымдық дамуына, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге грант есебінен бірде-бір тиын қарастырыл­маған. Осының нәтижесінде біз жыл сайын ақылы түрде оқитын студенттерден түсетін қаражат есебінен шама-шарқымыз жеткенше ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі кезеңде жатақхана мәселесін түбегейлі шешудің бір-ақ жолы бар. Бұл – қолымызда бар жатақханаға толық реновация жасап, жатын орындарының санын көбейту, сондай-ақ студенттер үшін жайлылық деңгейін арттыру. Аталған мәселені шешу бойынша біздің нақты жобамыз да бар. 

– «Атамекен» палатасының статис­ти­касына сүйенсек, грант негізінде білім алып, бірақ оқу бітірген соң өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің үлесі 65 пайызды құрайды екен. Абай университетінде студент­терге кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу жүйесі қалай жұмыс істейді?

– Біріншіден, университетіміз –  бейіндік бағытта білім беретін оқу орны. Бүгінге дейін педагог мамандарды даярлап келе жатқанымызға 97 жылдан аса уақыт өтті. Еліміздегі өзге ЖОО-мен салыстырып қарасақ, университетімізде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Мәселен, өткен жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 95 пайызды құрады. 

Екіншіден, педагог маманның кәсіби тұрғыда дамуына университетте алған білімі ғана емес, сонымен қатар мектеп қа­бырғасында жинақтаған тәжірибесі де маңызды рөлге ие. Біз ПББ-дағы көрсеткі­ші­мізді арттыру үшін мектептермен барынша арадағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Биылғы жылдан бастап 4-курс студенттерін 7 айға мектептерде тәжірибеден өтуге жібереміз. Мұндай ұзақмерзімді тәжірибе еліміздің басқа жоғары оқу орындарында кездеспейді. Бұл кезеңде студенттер жұмыс ортасына бейімделіп, дуальді оқыту келісім­шарты негізінде өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Сондықтан осы жолы түлек­тердің жұмысқа орналасу көрсеткіші был­тырғыдан қарағанда жоғары болады деген үміттеміз. 

– Қазақстандағы білім білім беру жүйесі Болон процесіне негізделген. Десек те, бұл салада бір-бірімен үйлесім таппайтын қара­ма-қайшылықтар жоқ деуге келмейді. Айт­ыңызшы, студенттердің академиялық еркіндігі мәселесі Болон процесінің талаптарына толыққанды жауап бере ала ма?

– Кредиттік жүйе арқылы студент өзінің білім алу траекториясын жасай алады. Университетімізде оқытылатын ма­ман­дықтар құрамының 70 пайызы педа­гогикалық, ал қалған 30 пайызы педаго­гикалық емес мамандықтардан тұрады. Педа­гогикалық емес мамандықтарға мем­ле­кеттен жалпы грант бөлінгенімен, педагогикалық емес мамандықтар бойынша талапкерлер көбіне ақылы негізде қа­былданады. Студенттердің академиялық еркіндігі – эдвайзерлер, кафе­дра меңгеру­шілері мен декандардың қадаға­лауындағы мәселе. Біз студенттерге толыққан­д­ы ака­­де­мия­лық еркіндік береміз. Ака­де­мия­лық ұтқырлық бағдарламасы аясында жұ­мыс істейтін әлемнің 26 мемле­кетіндегі 80-нен астам оқу орнымен байла­ны­сы­мыз бар. Біз студенттің білім алу тра­ек­ториясын өзі құруын қолдаймыз, ал­ай­да бұл ретте тағы бір ескеретін мәселе, университет мем­лекеттік тапсырыс аясында келген мамандарды да даярлауға тиіс. Бұл бағытта университеттің өзіндік ішкі талаптары бар. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ