Батыс Қазақстан облысы Казталов және Ақжайық аудандарындағы ауыл кітапханалары жаңғыртылып, заманға сай соның базасында екі Jaña Klub комьюнити-орталығы ашылды. Енді ауыл тұрғындары кітап оқып қана қоймай, сонымен қатар білім беру және мәдени шараларға қатыса алады.
Жоба «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бастамасы аясында, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
– Казталов және Ақжайық аудандарында заманауи кітапханалардың ашылуы – өңіріміздің мәдени және білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Енді тұрғындар үшін жай ғана кітапхана емес, білім, шығармашылық және қарым-қатынас орталығы пайда болды. Мұндай бастама жерлестеріміздің әлеуетін ашуға, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға және өзін-өзі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі деп сенеміз, – деді орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Оған қоса, салтанатты шараға «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Чинкисбаева, «Қазақстан халқына» қорының орынбасары София Айсағалиева және TANA қорының негізін қалаушы Камила Лукпанова қатысты.
– Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Осындай маңызды оқиғаның бір бөлігіне айналып, кітапханаларды жаңғыртуға үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Заманауи комьюнити-орталықтар – бұл жай ғана кітапқа толы ғимарат емес, білім жанданып, таланттар ашылып, мәдени дәстүрлер нығая түсетін мүмкіндіктер орталығы. Әрбір келуші жан бұл мекенде әлемдік білім ресурстарына қолжетімді, шығармашылық шеберханалар немесе еркін қарым-қатынас алаңдары ішінен өзіне құнды нәрсе табады деп сенеміз. Бұл – болашаққа жасалған инвестиция және серіктестерімізбен бірге мәдениет пен білімді өңір тұрғындары үшін шын мәнінде қолжетімді етуді ниет еттік, – дейді «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Чинкисбаева.
«Қазақстан халқына» қоры еліміз бойынша 25 кітапхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және кітап қорын жаңартуға 797 миллион теңге бөлді. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ғимараттарды жөндеуге 197,8 миллион теңге қаржы салды. TANA қоры жобалық басқаруды ұйымдастыруға 53,5 миллион теңге бағыттаса, қызметкерлерді оқытуды қамтамасыз ететін «Жас көшбасшылар қауымдастығы» ҚБ 22,67 миллион теңге бөлді. Жобаның жалпы бюджеті 1 070 936 284 теңгеге шықты.
Қазақстандағы білім беру және мәдени инфрақұрылымды дамытуға белсенді атсалысқан TANA қорының қолдауының арқасында кітапханалардың өзгеруі мүмкін болды. Қазір кітапханаларда инновациялық білім беру бағдарламалары, интерактивті аймақтар және технологиялық шешімдер енгізіліп, ел ішінде кітап оқу мәдениетін көтеруді мақсат етті.
– Кітапханаларды жаңғырту – бұл жай ғана ғимараттарды жөндеу емес, білім алу, шығармашылықпен айналысу және қарым-қатынас жасауға арналған заманауи орталық құру. Біз мұндай комьюнити-орталықтар оқу мәдениетін нығайтуға көмектеседі және жергілікті қауымдастықтардың өмірінің маңызды бөлігіне айналады деп сенеміз», – деді TANA қорының негізін қалаушы Камила Лукпанова.
Мысалы, 725 шаршы метрді алып жатқан Ақжайық ауданындағы комьюнити-орталық келушілерге бірегей тақырыптық аймақтарды ұсынады: дәстүрлі музыка әуесқойлары үшін «Домбыра» және «Ән-күй», қолөнермен айналысатындар үшін «Тігін», ал отбасылық демалыс үшін жайлы «Ана мен бала» аймағы. Сондай-ақ мұнда қауіпсіз интернет және заманауи web-55 жүйесі қарастырылған. Мәселен, 662 шаршы метрді қамтитын Казталов аудандық кітапханасында комьюнити-орталық құрылды. Онда әдебиет талқыланатын «Сана» оқырман клубы, қолданбалы өнерге қызығатындар үшін «Шебер қолдар» клубы және суретшілер өз тәжірибесімен бөлісіп, шабыт алатын «Мозаика» шығармашылық бірлестігі жұмыс істейді.
Олардың айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін өңірде 9 мың шаршы метр кітапхана кеңістігін қайта жаңғырту, сондай-ақ 100-ден астам кітапханашыны арнайы қайта даярлықтан өткізу жоспарланып отыр. Комьюнити-орталықтар 130 мыңнан астам адамды қамти отырып, тұрғындарға білім беру ресурстарына, шеберлік сабақтарына және мәдени іс-шараларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Jaña Klub жобасы аясындағы 25 кітапхананың барлығы сәуір айының соңына дейін ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге дейін 12 комьюнити-орталық жаңғыртылды. Оның үстіне, кітапхана қорларын толықтыруға 68 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде, қорға 800-ден астам жаңа кітап қосылады, оның ішінде қазақстандық және шетелдік авторлардың еңбектері де бар.
Айта кету керек, комьюнити-орталықтар барлық жастағы тұрғындардың қажеттіліктеріне бағытталған. Мұнда оқушылар, студенттер, жергілікті белсенділер, аға буын өкілдері және қоғам мүшелері уақыттарын тиімді өткізе алады. Жаңартылған кеңістіктердің ерекшелігі – олардың мультифункционалдығы. Оған қоса, кітапханалар заманауи музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Жаңа комьюнити-орталықтар белсенді демалысқа, кездесулерге және білім беру бастамаларына жағдай жасайды. Сонымен, қайырымдылық жоба аясында өңірдегі кітапханалар оқу орны ғана емес, әрбір тұрғынның өзіне пайдалы әрі қызықты нәрсе таба алатын заманауи орталыққа айналмақ.