"AMANAT" инклюзивті білім беруді қолдайды: ауылдық мектептерде жаңа кабинеттер ашылды.
Ауыл мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды
Фото: Аманат
1,431
оқылды

«AMANAT» партиясы ANSA және Esen Foundation қорларымен бірлесіп Baquatty Audan бастамасын жүзеге асыруды жалғастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz

2024 жылдың қазан айында Ақмола облысының Қызылжар, Оразақ, Қараменді Батыр және Ыбырай Алтынсарин ауылдарындағы мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Бұл жоба ауылдық аймақтардағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Онда білім беру, денсаулық сақтау мен инклюзия салалары қамтылған.

Инклюзияны қолдау кабинеттері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жалпы білім беретін мектептерге бейімделуіне, жеке ерекшеліктерін ескере отырып, білім алуына және арнайы мамандардың қолдауына ие болуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде үйде оқуға мәжбүр болған немесе сапалы білім алу үшін қалаға көшуге тура келген оқушылар санын азайтады. Бүгінде аутизм, сөйлеу тілі мен психикалық дамуының тежелуі, церебральды сал ауруы, Даун синдромы және басқа да ерекшеліктері бар 60-тан астам бала қатарластарымен бірге білім алуға мүмкіндік алды.

Baquatty Aimaq Qory жобаның серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен жаңа кабинеттердің жұмысын әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етті. Жобаға инклюзивті білім беру саласында көпжылдық тәжірибесі бар сарапшылар тартылды. Инклюзияны қолдау кабинеттерінің әдістемесі қолданбалы мінез-құлық талдауының (ABA-терапия) қағидаттарына негізделген, бұл әр баланың жеке қажеттіліктеріне сай білім беру процесін бейімдеуге мүмкіндік береді.

Әдістемелік қолдау бағдарламасына ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістері бойынша мамандарды оқыту; мұғалімдерді кеңес беру және негізгі сөйлеу мен оқу дағдыларын тестілеуге көмек көрсету; жеке оқу бағдарламаларын әзірлеу және түзету; қажетсіз мінез-құлықты талдау және түзету; ата-аналармен өзара әрекеттесу және баланы мектеп ортасына бейімдеуге қолдау көрсету кіреді.

«2015 жылдан бастап Қазақстан бойынша инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып келеді, ал қазір мектептер мұндай бастамаларды өздері енгізе бастады. Baquatty Aimaq Qory сияқты қайырымдылық қорларының қосылуы біздің ортақ жұмысымызды нығайта түседі. Біз инклюзияның балаларға оқу бағдарламаларын меңгеруге және қоғамға бейімделуге қалай көмектесетінін көріп отырмыз», – деп атап өтті мінез-құлық бағдарламаларының кураторы, практикалық психолог Айым Артықпаева.

Жалпы, білім беру мұғалімдерінің біліктілігін арттыру – инклюзивті білім берудің сәтті іске асудағы негізгі факторларының бірі. Жоба аясында 114 мұғалім оқытылып, жаңа әдістерді меңгеруге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға деген көзқарастарын өзгертуге мүмкіндік алды. Мамандардың пікірінше, қоғамның инклюзияға деген көзқарасы көбіне мұғалімдерге байланысты: егер мұғалімдер ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға дайын болса, қатарластары мен ата-аналары да оларды мектеп қоғамдастығының толыққанды мүшесі ретінде қабылдайды.

Дегенмен  ауыл мектептерінде кадр тапшылығы байқалады. Кейбір білім беру мекемелерінде логопедтер мен дефектологтер жетіспейді, ал педагог-ассистенттердің аздығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды интеграциялауды қиындатады.

«Әрине, ауылдық жерлердегі инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысы енді басталды, бірақ соның өзінде олардың жетістіктері жаман емес. Мысалы, Қызылжар ауылында үйде оқыған бір оқушы мінез-құлқын түзетіп, мектепке баруға дайындалуда. Оразақ ауылында педагог-ассистенттің көмегімен бұрын қиын мінезді болған бала сабақтарда өзін жақсы ұстауға дағдыланды. Қараменді Батыр ауылында бір бала аяқкиімінің бауын байлап үйренді және өз жетістігін қатарластарына мақтанышпен көрсетті, ал тағы бір оқушы аутизммен күресіп жүріп, футбол тақырыбында диалогке түсе бастады. Ең бастысы, балалар өз жетістіктерін сезініп, инклюзияны қолдау кабинеттерінің мамандары ерекше балалардың өмірін өзгертуде», – деп атап өтті Baquatty Aimaq Qory қорының директоры Гүлмира Әбелдинова.

Алдағы уақытта Көкшетауда инклюзияны қолдау кабинеттері, емдік денешынықтыру залдары және сенсорлық интеграция бөлмелері бар үлкен ресурстық орталық ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бес инклюзияны қолдау кабинеттерінде 164 бала қолдау алуда, оның 63-і Целиноград ауданында тұрады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.