Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov.kz электронды үкімет платформасындағы техникалық ақаудың себебін түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, порталдың уақытша істемей қалуына ата-аналардың белсенді түрде қызметті пайдалануы ықпал еткен.
– Бүгін электронды үкімет платформасында қысқа мерзімді ақау байқалды. Бұл мектепке құжат қабылдау қызметін қолданушылардың көптігімен байланысты болды. Платформа тез арада қайта қалпына келгенін атап өткім келеді, – деді Коняшкин Үкімет брифингінде.
Ол сондай-ақ бірінші сыныпқа құжат қабылдау процесінің бүгін сағат 15:00-де басталуы тиіс екенін атап өтті.
– Тиісті уақытында бұл қызмет қолжетімді болады және ешқандай қиындық туындамайды, – деп сендірді вице-министр.