Бүгін дүбірлі додада ел намысын қорғайтын былғары қолғап шеберлері өз қарсыластарымен кездеседі.
Бүгін қазақстандық бес боксшы әлем кубогында шаршы алаңға шығады
ҰОК
2,278
оқылды

60 келі салмақ дәрежесінде Талғат Сырымбетов бразилиялық Луис Оливейрамен қолғап түйістірсе, 90 келіден жоғары салмақтағы Даниял Сапарбай үндістандық Нарендер Нарендерге қарсы шығады. Ал 50 келіде сынға түсетін Нұрзат Оңғаров өзбекстандық Асылбек Жалиловпен бақ сынайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сондай-ақ, 65 келі салмақтағы Алмат Әбдуали Бразилия өкілі Юри Рейспен, ал 54 келіде өнер көрсететін Анита Адишева польшалық Виктория Рогалинскаямен жұдырықтасады.

Жекпе-жектер қазақстандық жанкүйерлер үшін түнгі сағат 22:00 мен 02:00 аралығында өтеді.

Еліміздің ерлер құрамасында бұл спортшылардан бөлек, 70 келіде Дархан Дүйсебай, 80 келіде Диас Молжігітов және 85 келіде Дәулет Төлемісов сынға түседі. Әйелдер арасында Анита Адишевадан бөлек, 51 келідегі Жазира Орақбаева мен 57 келідегі Ұлжан Сәрсенбек ел намысын қорғайды.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Нұрсұлтан Алтынбек World Boxing аясында әлем кубогындағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастаған еді.