Ұлытау облысында 350-ге жуық киіктің өлексесі табылды

Жезқазған маңынан табылған 345 киіктің 30-ы «Кеңгір» су қоймасынан алынған.

Ұлытау облысының аумағында қыстап қалған киіктер жаппай қырылып, өлексесі жапан далада жайрап жатыр. Бұған дейін ақбөкеннің өлексесін жинап жатырмыз деген өңірдегілер кейінгі тәулікте тағы 345 өлі жануардың табылғанын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Соңғы тәулікте Жезқазған маңынан табылған 345 киіктің 30-ы «Кеңгір» су қоймасынан алынған. Әзірге олардың неден қырылғаны белгісіз. Себеп-салдарды анықтау үшін өңірде зоология институтының мамандары зерттеу жүргізеді. Алдын ала тараған болжамға сенсек, киіктер күйектен соң әлсіреп, қыстан шыға алмай қалған көрінеді. Ал табылған өлекселер арнайы мал қорымына жеткізіліп, жойылып жатыр. Бұл аталған жұмыстарға табиғат инспекторларымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де жұмылдырылды.

 «Киік өлексесі көп. «Кеңгір» су қоймасында төтеншеліктер жұмыс істей алмай жатыр.  Мұздың жұқа болуы себебінен не жаяу, не қайық жүре алмай тұр. Сол қиындық туғызып тұр. Мақсат – «Кеңгір» су қоймасын тазалап тастау. Үшінші күн жергілікті құтқарушылар жұмыс жасап жатыр, бірінші күні 67 бас шығардық», – деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары Бақтияр Рамазан.

Мұнда тағы бір мәселе бар. Өңірдегі ауыз суды «Кеңгір» су қоймасынан алатын тұрғындар аталған жағдайдан соң судың сапасы мен аймақтың экологиялық ахуалына алаңдай бастады. 

«Иә естіп, көріп жатырмыз. Кеңгір су қоймасында өлекселерді жинау жұмыстары жүріп жатыр. Десе де, бұл алаңдататын жағдай. Жезқазғандықтар осы жерден ауыз суды тұтынатындықтан, денсаулыққа қауіп төне ме деп уайымдайды. Жауаптылар тез арада тазалық жүргізіп, бақылау жасаса дейміз», – деді тұрғын.

Қазіргі таңда бетпақдала популяциясына қарасты 1 млн 600 мыңдай киік бар. Ал жыл басынан бері ел аумағында 5 мыңнан аса ақбөкеннің өлексесі табылыпты. Оның 3 мыңға жуығы Ұлытау облысында. «Охотзоопром» инспекторлары осыған байланысты барлық облыста арнайы жұмыс жүргізіліп, техникалардың бөлінгенін айтып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп, алгоритм жүргізіп жатырған мамандар өлімнің негізгі себебін түсіндірді.

«Бірінші себебі – кәрілік, киіктің орташа жасы 4-5 болса, ұзақ жасайтындары 8-10 жыл. 4 млн киік болса, 400 мың баскиіктің өлетіні айғақ. Екінші себебі – жұптасу кезеңі. Желтоқсан мен қаңтар айында аталықтың 25-50 пайызына дейін өлімі тіркеледі. Сонымен қатар киіктің жас төлдерінің 10-15 пайызы қыстан шыға алмай қалады. Осы себепті киіктің өлім фактілері анықталып жатыр», – деді «Охотзоопром» ӨБ РМҚК бас директорының орынбасары Айбек Әліпбай.

Айта кетейік, аталған жағдайға байланысты Жезқазған және Қаражал қаласы әкімдіктері бірлесіп арнайы штаб құрды. «Кеңгір» су қоймасында да мұздың еруіне байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы бөлімшелерінен 22 маман жұмылдырылып, ақбөкендерді жинап алу үшін 5 арнайы техника бөлінген.