Онда депутаттар инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру туралы және күзет қызметі мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Жалпы отырыс барысында халық қалаулылары киберқылмыс, ұлттық құндылықтарды қорғау, ішкі саясат қауіпсіздігі, сондай-ақ әкімдер мен мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту мәселелеріне қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліс инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев заң жобасы «Инновациялық технологиялар паркі» қорын қайта ұйымдастыру туралы шешімді іске асыруға бағытталғанын айтты. Жоба аясында Азаматтық және Кәсіпкерлік кодекске, сондай-ақ сегіз бейіндік заңға өзгерту енгізіледі. Барлық бастама төрт негізгі бағыт бойынша жүйеленген.
«Бірінші блок Astana Hub және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының функцияларын бір жерге шоғырландыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау шараларын Astana Hub инновациялық кластерлік қорына беру ұсынылады, бұл экожүйенің тиімділігін күшейтеді. Заң жобасының мақсаты – IT-саласында жоғары нәтиже көрсеткен Astana Hub үздік тәжірибелерін біріктіру ғана емес, сонымен бірге оны кеңейту», – деді Ж.Мәдиев.
Министрдің айтуынша, берілген салық преференцияларының әрбір теңгесіне Astana Hub резиденттері 6,5 теңге түсім, 2,1 теңге экспорт және 1,8 теңге тартылған инвестицияларды қамтамасыз еткен. Яғни, әрбір қолдау шарасы экономикаға еселі нәтиже береді. Түзету авторлары бұл тәсілді басқа инновациялық салаларда қолдануды және нақты секторға жұмыс құралдарын енгізуді ұсынады. Қалған екі блок ұзақ мерзімді перспективада өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізу үшін Astana Hub дербес кластерлік қоры біріккен ұйымын қаржыландыруға, сондай-ақ венчурлық нарықты дамытуға және бірлескен қаржыландырудың тиімділігін бағалауға қатысты.
Талқылау барысында депутаттар Мұрат Әбенов пен Марат Башимов кибералаяқтық мәселесін көтерді. Цифрлық ортада түрлі себептен туындайтын қылмыстар мен соған байланысты қауіп-қатерлер ауқымы айтарлықтай өскен. Атап айтсақ, банктердің ЭЦҚ мен ЖСН-ды бақылаусыз беруі, банк қосымшаларының қорғалмағандығы, дропперлік және басқалар.
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы тиісті тапсырма бергенін, осыған орай киберкеңістікте жауапкершілікті одан әрі күшейту маңызды екенін айтты.
«Алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар ғана емес, оған ықпал ететіндер де қатаң жауапқа тартылуға тиіс. Ол – мобильді операторлар, қаржы ұйымдарыың қызметкерлері, дропперлер және басқа да қатысушылар. Мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше мәрте уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолданған еді. Кибералаяқтықпен күресті күшейтіп, қылмыстық жауапкершілікті барынша қатаңдатуға тиіспіз. Заңды күшейтпей, халыққа қолайсыздық туғызып отырған алаяқтардың әрекетін тоқтату мүмкін емес», – деген Ерлан Қошанов тиісті комитетке заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Күзет қызметін дамытуға ықпал етпек
Жалпы отырыста мәжілісмендер күзет қызметі мәселелері бойынша депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулерді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантай таныстырды. Оның айтуынша, түзетулер күзет қызметінің сапасын арттыруға және күзет қызметін кәсіпкерлік қызмет түрі ретінде одан әрі дамытуға ықпал етеді. Депутат түзетулердің бірінші блогы осы саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нысандары мен тәртібін жетілдіруге бағытталғанын айтты.
«Күзет қызметі мен мамандандырылған оқу орталықтарының қызметін мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері тек тексеру нысанында жүзеге асыратын болады. Субъектілердің аталған санаттарына қатысты тексеру жүргізу тәртібі жеке жаңа бапқа шығарылды. Онда, атап айтқанда, тексеру жүргізудің негіздері, ерекшеліктері мен мерзімдері регламенттелген. Тексеруді тағайындау және оның нәтижелері туралы актілерді қабылдау тәртібі мен мазмұны айқындалған, сондай-ақ тексеруді жүзеге асыратын қызметкердің міндеттері белгіленген», – деді Жарқынбек Амантай.
Бұл ретте бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау күзет дабылы құралдарын монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға ғана қолданылатын болады. Түзетулердің екінші блогы қару иелері мен күзет қызметімен айналысатын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Енді қару иелері – заңды тұлғалар өз қызметін тоқтата тұрған жағдайда 15 жұмыс күннің ішінде қару мен оның патрондарын Ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндетті болады. Жарқынбек Амантай бұл норма қаруды қылмыстық мақсатта пайдаланбау және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерді болғызбау үшін енгізілетінін айтты. Бұл ретте жеке күзет ұйымдары өз қызметін тоқтата тұрған, тоқтатқан немесе қайта бастаған жағдайда, сондай-ақ күзет қызметтерін заңды тұлға тіркелген жерден тыс жерде көрсеткен жағдайларда бұл жөнінде уәкілетті органды 5 жұмыс күннің ішінде хабардар етуге міндетті. Бұл бақылау субъектілерінің бақылаушы органның назарында болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар күзет қызметтерінің тізбесі «күзетілетін объектіде өткізу режимін қамтамасыз ету жөніндегі» жаңа көрсетілетін қызметпен толықтырылады. Ол үшін лицензиясы бар қауіпсіздік ұйымдары ғана тартылуы керек. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Магеррам Магеррамов қосымша баяндамасында депутаттардың бастамасымен қару иелері заңда белгіленген тәртіппен сынақтық ату үшін азаматтық және қызметтік атыс қаруын беруге қатысты міндеттері заңнамалық тұрғыдан бекітілетінін жеткізді. Бұл туралы ақпаратты уақытылы ұсынбаған жағдайда мұндай тұлғалар лицензиясынан айырылады. Осы ретте Қарулы Күштерде, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызметтегі қару айналымына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын аталған ведомстволардың басшыларының қызметі мемлекеттік пулегильзотека қалыптастыру жөніндегі жаңа құзыретпен толықтырылады.
Талқылау барысында «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ІІМ министрінің орынбасары Игорь Лепехаға кейбіреулердің құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арнайы жасақтың киімін киіп алып, қару асынып, «тосын сый» жасайтын әрекеттері қаншалықты орынды деген сұрақ қойды.
«Бейтаныс біреулер арнайы форма киіп, қаруланып, дастарқан басында туған күн тойлап отырған қауымның үстінен кіріп барып, қолдарын қайырып, өтірік санкцияларды оқып, соңында оны «пранк» деп құттықтап жатады. Расында да, бұл бассыздыққа ұқсайды, қоғамда тәртіптің жоқтығын білдіреді. Бұл – қоғамдық тәртіпке айтарлықтай нұқсан келтіреді. Олар форманы қайдан алады? Ондай адамдармен жалпы тәртіп бойынша жұмыс жүргізіле ме?», – деді ол.
Бұл сұраққа Игорь Лепеха: «Қазір, өкінішке қарай, полицияның киім формасы кез келген әскери тауар сататын сауда орындарында сатылады. Басқа да арнайы киімдерді оңай табуға болады. Ал қолындағы қарулары – ойыншық. Біз заң бойынша киім формасын арам ниетін жүзеге асыру үшін жеке басының пайдасына пайдаланса ғана жауапқа тарта аламыз. Сондықтан да бұл кемшіліктердің орнын толтыру керек, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін талқылауға әзірміз», – деп жауап берді.
Ұлттық құндылықтарға жат ағымдарға тосқауыл бола ма?
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты 21 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Премьер-Министрге «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин сыртқы ықпал мәселесін қозғады. Геосаясаттағы доминант мемлекеттер өзінің жеке мүддесі мен саяси ықпалын жүргізіп қана қоймай, оны іске асыру үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып келе жатқанына назар аудартқан ол – мемлекеттердің ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар арнайы, жоспарлы түрде миллиондаған АҚШ долларымен қаржыландырылатынын атап өтті. Одан қалса, олар ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салды. Соңғы он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн доллардан астам қаражат бөлінген екен. Осындай ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жалаң ұранмен «жұмсақ күш» арқылы өзінің жымысқы саясатын іске асыруда. Мысалы, Қиыр Шығыстағы, Орталық Азиядағы, Африкадағы, Еуропадағы бірқатар дамушы елдерде билікке қарсы төңкерістер ұйымдастырылғаны белгілі.
«Осыған байланысты Үкімет тез арада келесі мәселелерді қолға алуы керек. Ең алдымен Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарды іске қосып, еліміздің ішкі саясатына араласуға бағытталған сырттан құйылған қаржыны анықтап, тиісті шара қабылдасын. Шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қызметін реттейтін қолданыстағы заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізсін. Сондай-ақ шетелдік гранттар арқылы қаржыландырылатын жобалар мен ұйымдардың қызметін бақылау және реттеу механизмдерін жетілдіру қажет», – деді ол.
Сол сияқты депутат Жанарбек Әшімжан да Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған сауалында ұлттық құндылықтарымызға жат, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекетін айтып дабыл қақты.
«Олар TikTok сияқты өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеуде. Мәселен, «Феминита» дейтін ұйым, тіпті мектеп оқушыларының чатына «жыныстық қатынасқа баулитын, қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін іс-шараға» шақырулар таратқан. Сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысын мұқият тексеріп, заң аясында қатаң шара қолданып, мүлдем тосқауыл қоятын кез жетті. Бұл мәселені осыған дейін де әріптестерім Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын. ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салуға да бастамашылдық еттік. Алайда бұл Үкімет тарапынан қолдау таппай келеді. Былтыр бастамашыл азаматтар ЛГБТ-ға қарсы жариялаған петицияға екі аптаның ішінде 50 мыңнан астам адамның қолдап дауыс беруі қоғамның да бұған барынша қарсы екенін білдіреді. Дегенмен қоғамның бұл орынды талабы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ішінара ғана қолдау тауып, зерттейміз дегенмен ғана шектелді. Енді Үкімет халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдардың қас-қабағына қарап жалтақтамай, еліміздің ішкі ісіне араласып, шаңырағымызды шайқағысы келетін мұндай қадамдарға батыл тосқауыл қоймаса бәрі де кеш болады», – деген депутат ел Президентінің тапсырмасына сәйкес дәстүрлі моральдық құндылықтарымызды нығайту жөнінде арнайы тұжырымдама әзірлеуге, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ЛГБТ қозғалысының кәмелеттік жасқа толмағандарға әсері туралы зерттеуін аяқтап, жариялауға, сырттан қаржыландырылатын, ұлттық салт-дәстүрімізді мансұқ ететін үкіметтік емес ұйымдарды тексеріп, олардың кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істеуіне тосқауыл қоюға шақырды.
Ал депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында жуырда ғана Атырауда бет-ауызын тұмшалап, қара жамылған төрт әйелдің мұз айдынында өткен спорттық жарыс кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын ұстап суретке түскен әрекетіне алаңдаушылық білдірді. Олардың қолындағы мемлекеттік Туға араб жазуы мен араби қылыштың сұлба-суреті салынған.
«Бұл – жай ғана тұрмыстық бұзақылық, әдепсіз шектен шығушылық қана емес. Бұл – біздің қоғамымызға, мемлекеттігімізге, ұлттық дәстүріміз бен бірегейлігімізге жасалған ашық және нақақ қарсылық. Мемлекеттік Туды қорлау – бүкіл халықты, тұтас мемлекетті қорлау! Сондықтан мұндай заң бұзушылық қатаң әрі мүлтіксіз жазалануы тиіс. Бірақ ескере кететін бір жайт – елдің Туын бүлдіру арқылы жат пиғылды дәріптемек болған бұл төрт қыз әлдебір арандатушы топтың құрбаны болуы мүмкін. Олар жастық алаңғасырлықпен, әлде материалдық қызығушылықпен немесе діни сауатсыздықпен жасаған бұл өрескел заңбұзушылықтың тасасында тұрған әлдебір кереғар күштер бар сияқты. Міне, әкімшілік тұрғыдағы жазасын алған төрт қыздан бұрын, осы қылмысты әрекетті ұйымдастырушылар жазаға тартылуға тиіс. Тағы бір алаңдаушылық тудыратын жағдай – осындай түр-түсі бұрмаланған Қазақстан Туы Wildberries Russ маркетплейсінде 5 000 мың теңгеден еркін және ашық саудада сатылып жатыр. Бұл не сұмдық?! Бұған кім жол беріп отыр?», – деген ол тиісті қатаң шаралар қабылдауға шақырды.
Ауыл мен аудандар бюджеті әлі де облыстарға тәуелді
Өз кезегінде «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы Премьер-Министірдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа ауылдар мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, соңғы 5 жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысында 350 елді мекен, Солтүстік Қазақстан облысында 635 ауыл, Павлодарда 352 ауыл, Ақтөбеде 315 ауыл, Батыс Қазақстан облысында 413 ауыл жабылған.
«Алыстағы ағайынның қазанын оттан түсірмеу үшін Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы басталғанын білеміз. 2021 жылы басталған бұл бастаманың нәтижесінде Қазақстанда 2,5 мыңнан астам ауыл әкімі сайланды. Олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Мемлекет басшысының бастамасымен қазір «Әкімдер мектебі» оқыту жобасы басталды. Бұрынғыдай алаулатып-жалаулатып басталған бастамалар жол ортада қалмау үшін «AMANAT» партиясы «Әкімдер мектебінде» дәріс алып жатқан әкімдердің нені үйренгенін, елді мекенді қаншалықты зерделегенін, өзі басқарып отырған ауылдың өнімін молайту үшін кооперативтік жобаны қалай әзірлегенін және ауылдық округтің экономикалық даму бағдарламасын қалай жасақтағанын қатаң қадағалайтын арнайы жоба жасап шығарды», – деді ол.
Депутат ауыл мен аудандардың бюджеті әлі де облыстарға тәуелді екенін айтып, бюджеттік қаржыландырудың «бесінші деңгейін» пилоттық режимде іске қосуды, яғни жергілікті аудан және ауыл деңгейінде бірқатар салықтық алымдарды қалдыруды ұсынып отыр. Білім, денсаулық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс сынды маңызды салалардың қаржысы облыста шоғырланғандықтан, ауылда туындаған мәселені уақытылы шешуге кедергі келтіреді. Сондықтан аталған салаларды қаржыландыру тетігін ауданға беру мүмкіндігін қарастыру керек.
«Ауылдарда бюджет шығыстарын қадағалау құзыреті бар қоғамдық ұйымдар құру қажет. Қызметі ақысыз болуы шарт. Тиісінше ауыл әкімі бюджет шығыстарын тек жоғары тұрған басшылықпен емес, ауыл азаматтарымен де бекітуі керек. Сондай-ақ «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының бастамашылығымен жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге мүмкіндік беретін жаңа заң жобасы дайындалып Үкіметтің қорытындысына жіберілген еді. Ол жерде әкімдер мен мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуге арналған нормалар бар. Бірақ әлі күнге дейін Үкіметтің нақты позициясын, не ұсынысын көрмедік. Мұны мұқият назарға алу керек», – деді Нартай Аралбайұлы.
Ал депутат Бақытжан Базарбек өзінің депутаттық сауалында алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп, заңнаманы жетілдіре түсуді ұсынды. Бас Прокурор мен ҚНРА төрағасына жолдаған құжатында ол соңғы 5 жылда алаяқтық әрекеттер саны 1,5 есеге өскенін, 2024 жылы интернеталаяқтықтың 22 мыңнан астам оқиғасы тіркеліп, одан келген шығын шамамен 45 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. Бұл ретте онлайн-алаяқтықты анықтау көрсеткіші небәрі 36% құрайды. Бұған дейін атқарылып жатқан қарсы күрес шараларын тізбелей келе депутат ҚК-нің 190-бабында цифрлық салада белең алып бара жатқан алаяқтықтың түрлері нақтыланбағанына назар аудартты.
«Бұл бапқа «алдау» және «сенімге қиянат жасау» терминдерінің нақты анықтамаларын енгізу қажет. Ақпараттық өрісте жасалған алаяқтықтың түрлерін егжей-тегжейлі айқындап, мұндай қылмыстарға анықтама беру керек. Алаяқтық үшін бас бостандығынан айыру мерзімін ұлғайту қажет, әсіресе ірі және аса ірі көлемде жасалған болса. Қылмыстық жолмен алынған мүліктерді тәркілеу секілді қосымша жаза түрін енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Қайталап алаяқтық жасаған тұлғаларға жазаны анағұрлым қатаңдатуды ұсынамыз. Банктерге қаржылық тәуекелдерді жүктей отырып, мобильді қосымшалардың қауіпсіздігі жөніндегі жауапкершілігін арттыру қажет. Сондай-ақ оффроуд операциялар мен күдікті транзакцияларды қадағалау күшейтілуге тиіс. «Дропперлік» жасағандарды қылмысқа қатысушы ретінде қарастырып, қылмыстық жауапкершілік бекіту қажет», – дейді ол.
Нұрлан ҚОСАЙ