Басқосуға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, мәслихат депутаты Алина Дубинина, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Республикалық әйелдер кеңесі өңірлік филиалының төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова, оңалту орталықтарының басшылары мен Білім басқармасының мамандары қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – аутизм спектрі бұзылысы бар адамдардың мәселелері мен қажеттіліктері туралы қоғамның хабардарлығын арттыру, диагностика, түзету және әлеуметтік бейімдеуді тиімді әдістерін талқылау, сондай-ақ аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдаудағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу болды.
Жиын барысында Ербол Байқонысов өз сөзінде аутизм мәселесі қоғам үшін маңызды тақырып екенін атап өтті. Ол аутизм спектрі бұзылыстары бар адамдардың қоғамда тең құқықтық жағдайларда өмір сүруі үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын айтты.
«Біздің басты міндетіміз – аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға және олардың отбасыларына барынша көмек көрсету. Бұл мәселеде тек мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамның әрбір мүшесі белсенді болуы қажет. Біз «AMANAT» партиясы арқылы осы мәселені күн тәртібіне қойып, халықты ақпараттандыруды және қолдау шараларын күшейтуді мақсат етіп отырмыз. Бізге барлығы бірлесе отырып, аутизммен күресудің тиімді жолдарын табу қажет. Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстелдің нәтижесі барлық тарап үшін маңызды болады», – деп атап өтті Ербол Байқонысов.
Шара барысында қатысушылар аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды әлеуметтік бейімдеуде қолданылатын заманауи әдістер мен оларды түзету жолдарын талқылады. Оңалту орталықтары мен Білім басқармасының мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, аутизммен күресу барысында кездесетін қиындықтар мен шешу жолдары туралы сөз қозғады. Сонымен қатар аутизм мәселесі бойынша қолданыстағы заңдар мен нормативтік актілердің тиімділігі де талқыланды.
Дөңгелек үстел барысында Баян Жандосова қоғамның аутизм мәселелеріне деген жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде:
«Аутизммен ауыратын балалар медициналық көмекке ғана мұқтаж емес. Оларға әлеуметтік қолдау, білім беру және психологиялық қолдау көрсету де маңызды. Осы бағытта қоғамдық ұйымдардың рөлі ерекше. Біз бар күшімізді біріктіріп, әрбір балаға қажетті көмек көрсету үшін бірге жұмыс істеуіміз керек», – деп қорытындылады.
Жиын соңында қатысушылар аутизммен ауыратын балалар мен олардың отбасыларын қолдау шараларын күшейту және қоғамдық пікірді қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар әзірледі.
Елнар ЕЛТАЙ